Қазақстан қоғамының қазіргі жағдайы рухани келісім мен өзара түсіністіктің орын алуымен ерекшеленеді. Ол халықаралық деңгейде де мойындалып отыр.
Жалпы алғанда, ішкі саяси тұрақтылықты – әртарапты қоғамдық құбылыс ретінде тануға болады және оған әртүрлі: экономикалық, әлеуметтік, саяси, діни, этникалық, тілдік т.т. факторлар әсер етеді.
Бүгінгі күні ішкі саяси тұрақтылыққа негізгі саяси күштердің бір-бірімен келісуінсіз, реформаларды азаматтық қоғам институттарының қолдауынсыз және ұлтаралық, дінаралық бірліксіз жету мүмкін емес.
Қоғамның рухани қауіпсіздігі – өзекті мәселе, алайда көптеген күрделі құрылымдардан тұратын қоғамның өзі бірнеше бағыттарға бөлінеді. Оның құрылымдық элементтерінің бірі – әлемдік деңгейдегі рухани әдет-ғұрыптар келісімі, соның ішінде Қазақстан Республикасы азаматтарының арасындағы туысқандық келісім.
Бұл ретте саясатымыздың басым бағыттарының бірі – рухани-ғұрыптық қауіпсіздіктің бір аспектісі болып табылатын діни факторды және дінаралық татулық мәселесін алға қоюымыз керек.
Егемендігіміздің алғашқы жылдарынан бастап біз зайырлы, демократиялық ел ретінде барлық діндерге есігімізді айқара ашып, олардың таралуына қолайлы жағдай жасап келеміз. Бұл біздің әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алуымызға мүмкіндік беретін қажетті қадамдардың бірі екені даусыз.
Егер ел ішіндегі өзге ұлт өкілдері өзге діндерді ұстанып жүрсе, бұл ешқандай да түсінбестік тудырмайтын қалыпты жай. Мұндай жағдайда түрлі дін өкілдері бір-біріне құрметпен қарап, өзара татулықты сақтауға тырысады. Сондықтан да мұндай қарым-қатынас мемлекеттердің де бір-бірімен жақындасуларына оңды ықпал етеді.
Ал егер жергілікті ұлт өкілдері өзге діндерге көптеп өте бастаса, онда бұған ұлт тарапынан да, мемлекет тарапынан да түсіністіктің табылуы қиын. Өйткені, мұндай жағдайда ұлттық мүдде, ұлттық қауіпсіздік жөнінде алаңдауға тура келеді. Себебі, діннің табиғаты сондай, сенімі күшті діндар адам өзінің туыстары мен ұлтына, еліне көп алаң болмай, рухани бірліктегі өзінің діндес бауырларын жақын тұтып, соларға жәрдем етуге бейім болады және қажет болған кезде солардан қолдау күтіп, көмек сұрауға да дайын тұрады.
Итальяндық философ Томазо Кампанелла «Дін – магиялық күшке ие, өйткені ол адамдардың рухын біріктіреді немесе бүлінушілік пен қирату құралына айналуы да мүмкін», – деген еді.
Әлемдегі кейбір қақтығыстардың түп-төркіні діни түсінбеушілікте екендігі тарихтан мәлім. Тіпті орта ғасырларда Франциядағы католиктер мен гугеноттар, Англиядағы протестанттар мен католиктер арасындағы қақтығыс. Жалпы, адамзат баласының басқа дінге төзімділік көрсетпеуі, ізгілік танытпауы ықылым замандардан бері жалғасып келеді. Күні кешегі Югославия Республикасы мен Косоводағы азамат соғысы да осыған дәлел.
Ал қазақ жері осындай қақтығыстардан аман-есен жаңа ғасырға жетіп отыр. Бұндай жағдайдың туындауына төмендегідей факторлардың әсерін байқауға болады.
Ең алдымен, ұлан-байтақ жері, көп ұлтты халқы бар еліміздегі дінаралық және этносаралық толеранттылық жаңадан ғана пайда бола қалған жоқ, бұл ата-бабаларымыздың салып кеткен жолы. Қазақ халқының өткен ғасырларда көшпелі өмір салтын ұстанғаны белгілі, осы арқылы ол басқа халықтармен байланыс жасауды үйренді, ауыр табиғи жағдайда өмір сүре отырып, өз қандастарына ғана емес басқа да келімсек ұлттар мен ұлыстарға қонақжайлық пейіл таныта білді.
Тіпті Кеңес заманында Қазақстанға солақай саясаттың салқынымен еріксіз келген халықтардың өзі жергілікті халықтың мәдениетімен, тілімен, салт-дәстүрімен таныса отырып, қазақ халқымен тіл табысып, өткен дәуірдің ыстық-суығын бірге көтеріскенін әлемдегі барша мемлекеттерге үлгі етуге болады. Осылайша, ежелден-ақ біздің халқымыздың бойында этнос-аралық және конфессияаралық толеранттылық қалыптасты.
Екіншіден, бүгінгі таңда Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында күллі дін өкілдерін бір орталыққа жинап, үнқатысуға, татулыққа шақырудамыз.
Елбасымыз үнемі айтатындай, Тәуелсіз Қазақстанның ең маңызды игіліктерінің бірі – ішкі саяси тұрақтылық пен оның құрамдас бөлігі – ұлтаралық және конфессияаралық келісім. Елбасының бастамасымен бірнеше әлемдік дінбасылардың съезінің өтуі соның кепілі.
Ұлт көшбасшысы өз сөзінде: «Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы, бір ғана жаратушы бар, ол – Алла Тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше барша адамзаттың тілегі бір», – деп үндеу тастаған болатын және өз сөзінің үдесінен шығатынын іс жүзінде көрсетіп келеді.
Үшіншіден, еліміздегі толеранттық мінез-құлықты тәрбиелеуде Ислам дінінің алатын рөлін атап өткен жөн. Ескі тарих тағылымын сараласақ, Ислам діні мұсылмандар мен олардың қоластындағы өзге дін өкілдеріне де тең құқық берген. Яғни мұсылмандарға тиесілі немесе міндетті нәрселер оларға да міндетті және оларға да дін еркіндігі ұсынылған.
«Бақара» сүресінің 256-аятында Алла тағала: «Дінде зорлық жоқ», – деген. Мұсылмандармен бірге бір мемлекетте тұратын кітап иелері саналатын христиандар мен яхудилерге қатысты шариғат бойынша шығарылған пәтуалар мен шешімдер бары белгілі.
Негізінен барлық әлемдік діндердің рухани-адамгершілік бастамаларынан, олардың өзара үндестігін көруге болады. Барлық діндердің философиясы мыналар-дан тұрады: яғни өлтірме, ұрлықтан аулақ бол, жамандықтан сақтан.
Алайда, кейбір дін өкілдерінің осы ақиқаттарды тек қана өз шанымдарының, өз діндерінің тұрғысынан қарауы қоғамдық қатынастарда келеңсіз оқиғалар-дың бастамасына айналуына түрткі болары толғантады. Осы айтылған мәселелер жекелеген топтардың дінді саяси мақсатта пайдалануға әрекеттенуінің себебі деп түсінген дұрыс.
Бүгінде христиандар мен мұсылмандар арасында өз діндерінің шынайылығы мен тазалығын ғана қуаттайтын фундаменталистер де аз емес. Олар ақиқаттың тек қана Жаратушыда болатынын, сондықтан адамдарды жауласушы топтарға емес, бірлікке шақыруы керектігін ойланбайды.
Қазіргі кезеңде еліміздің демографиялық жағдайына сәйкес, геосаяси, геоэкономикалық орналасуына қарай ел халқының басын біріктіретін, ішкі тұрақтылықты нығайтатын саяси тұғырнамамыздың маңызды бөлігі – дінаралық қатынастарды дамыта беру өзекті мәселе. 19 миллион халқымыздың интелектуалдық әлеуетін дұрыс пайдалана білу мемлекеттігіміздің негізгі ұстанымы болып қала береді. Сондықтан діни бірліктің сақталуы ұлттық бірліктің сақталуының кепілі екенін мойындауымыз керек. Ал діни бірлік дегеніміз – еліміздегі барлық деноминациялардың бірігуі, олардың бір-бірімен жақсы ұйғарымда болып, мемлекетіміздің мүддесіне жұмылуы деген сөз.
Осындай саясат біздің мемлекетімізде де қалыптасқан және басым халықтың соны дұрыс қабылдап отырғаны қуантады.
Демек, бұдан шығатын қорытынды діни қатынастар саласындағы ұстанған толеранттылық мінез, ол жоғарыда айтып өткеніміздей, тарихи, әлеуметтік, діни ұстаным негізінде қалыптасып, қанымызға сіңген үлкен қасиет, сара жол екенін ұғынғанымыз абзал.
Осы жолда «Қазақстан» атты ортақ шаңырағымызды биіктету жолында маңдай терін төгіп жүрген әрбір азамат үшін өткенімізді сараптай келіп, бүгінгімізді дамыта түсу аса маңызды.
Ендеше еліміздің ертеңі жарқын, алар асуымыздың да биік екеніне нық сеніммен қарайық.
О. ҚАСЫМОВ