Тарихта ешуақытта дінсіз қоғам болмаған. Сондай-ақ жүз пайыз діндар қоғам да болмады. Қай кезеңде де қоғамдағы жұрттың бір бөлігі Құдайға сеніп, құлшылығын орындап жүрсе, енді бірі имандылық жолынан алыстау болатыны табиғи құбылыс. Дегенмен әр қоғамның, халықтың, тіпті әрбір адамның өз рухани құндылықтары болатыны сөзсіз. Оны бір сөзбен руханият деп атасақ та дұрыс шығар.
Жалпы руханият дегеніміз не? Бұл сұраққа жауап беру үшін Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» атты мына өлеңіндегі мына жолдарға назар салып көрелік.
«Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгi астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдiреттi төрт ана:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – мәңгi өнеге айдыны,
Жан байлығы, салт-дәстүрі – тiрегi,
Қадамына шуақ шашар үнемi,
Және туған тарихы,
Еске алуға қаншама
Ауыр әрi қасiреттi болса да» деп жырлайды.
Демек, ақын адамның туған жерін, туған тілін, салт-дәстүрі мен тарихын оның төрт анасына балап отыр. Бұлардың бәрі біздің рухани құндылықтарымыз болып есептелсе керек. Төрт анамыз ата-бабамыздан қалған ислам дінімен тереңнен сабақтас. Өйткені діннің өзі – біздің рухани азығымыз.
Шын мәніне келгенде Ислам – тек сенім ғана емес. Ол – тазалық, тәрбие және әдеп. Ислам арқылы адал мен арамды ажыратасың. Діни ұстаным мен дәстүрдің қолданылуы үндескенде бірін-бірі толықтырады, дамытады. Қай нәрсенің де үндесуі мен байланысы болуы үшін қисыны, оның ортақ мақсаттары болуы шарт. Дін мен дәстүрдің үндестігінің қисыны – кие мен қасиет.
Қазақтың рухани бай мәдениеті мен ұғымдарына қарасақ, ұлттық дәстүрімізде де, діни сенімімізде де қасиетті деп танылып жүрген белгілер бар. Мысалы, 3, 7, 9 деген сандарына қатысты айтар болсақ, Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған «Үш анық» еңбегі көпшілікке етене таныс. Ол еңбекте айтылғандай, бірінші, дүниені Жаратушының жаратқандығы – анық. Жанның ажалсыздығы – екінші анық. Адам жанының азығы – ұждан – үшінші анық. Қазақ «Жаным – арымның садағасы, малым – жанымның садағасы» деген. Арды – жаннан да, малдан да жоғары қойған. Арлы болу, ұятты болу дегеніміз – имандылық.
Қазақта 7 санына қатысты да көптеген ұғым бар. Мәселен, жеті қазына, жеті ата, жеті шелпек тарату, т.б. Соның ішінде халықтың тектілігін білдіретін ұлы дәстүріміз – жеті атаға дейін қыз алыспау. Ата-бабамыз бұны бір жағынан қан тазалығын сақтаудың жолы деп білсе, екіншіден өз ата-бабасын ұмытпау үшін керек деп шешкен. Бүгінгі ғылымда жақын туыс боп келетіндердің некелесуінен адам қанының бұзылатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Осы дәстүрді ұстану арқылы қазақ тектілік қасиетін жоғалтпауды мақсат тұтқан. Арнайы іздеп жүріп, таңдап жүріп текті жердің, текті елдің қызына құда түскен.
«Дінді білмеген дымды білмейді», «Салтын білмеген қалпын білмейді, қалпын білмеген халқын білмейді», «Дәстүрін білмегеннен дәнеңе де шықпайды» деп ежелден қасиетті діні мен дәстүрін дәріптеуде қазақтай дана халқымыз алдына қара салмағаны белгілі. Жалпы адамзат баласы үшін баға жетпес ең асыл құндылық деп саналатын дініміз бен салт-дәстүрімізді сабақтастыра отырып, ұлағатты ұрпағын имандылықтың уызына қандырып ойы мен бойына даналықтың дәнін еккен қазақтай халық кемде-кем шығар.
Біреулер айтып жүргендей, қазақтың салт-дәстүрі шариғатқа қайшы, ширк амал емес. Дін мен дәстүр бір-бірімен қиюласып, сабақтасып жатыр. Мәселен дініміздегі дәстүрді меңзеген кейбір өсиеттерге келсек, Алла Тағала өз пендесіне: «Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол» деп әмір етеді. Яғни бұл жерде сол ұлттың салтымен санасуды, дәстүрін құрметтеуді бұйырып тұр деп түсінуге болады.
Құран кәрімнің «Хужурат» сүресінде: «Ей адамдар! Мен сендерді бір еркек, бір әйелден жараттым және сендерді бір-бірлеріңді танысын деп, бір-бірлеріңді білсін деп сендерді ұлттар және ұлыстар етіп жараттым» дейді. Бұл аяттардың астарында ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен салт-санасына құрметпен қарау жатыр. Ұлт болғасын оның өзіне тән салт мен ғұрпы болары анық.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің Солиб деген сахабасына: «Әй, Солиб! Жақсы істеріңді Ислам дәуірінде де жалғастыр, жұртқа жақсылық жаса, туған-туысқандарыңмен қарым-қатынасыңды орнат, көршілеріңмен жақсы тұр, қонағыңды сыйла» деген.
Біз ұстанатын мұсылмандық бабаларымыздан бері шариғатқа сай қалыптасқан ұлттық дәстүрімізге нұқсан келтірілмеуге тиіс. Мұсылман болу үшін тек ислами сауатты болу ғана жеткіліксіз. Біз жан-жақты білімді де мәдениетті, өз асылымызды құндап, өзгенің қаңсығына қызықпай, ұлттық ар-ұжданды болуымыз қажет.
Бүгінде Әділетті Қазақстанды құрамыз деп жатырмыз. Оның бірден-бір жолы – «Бірлігі бар елдің, берекелі тірлігі бар» демекші, ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті нығайту. Достық пен ынтымақ бар жерде ғана өсіп-өркендеу, ертеңгі күнге деген үкілі үміт болатыны айқын. Сонымен қатар ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны паш ету. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды, рухани құндылықтарымызды қадірлеп, құрметтей білуіміз керек. Осындай асыл дүниелерімізді дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз. Сонда ғана бірлігі бекем егемен еліміз бар деп мақтана аламыз.
Әбдірахман ӨМІРБЕК,
Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының дін мәселесі бойынша
ақпаратты талдау бөлімінің теологы