Қазіргі қоғамға және барша адамзат баласына қауіп төндіріп тұрған ұғымдардың бірі – терроризм. Терроризм дегеніміз не? Жалпы террорист деген кімдер және олардың мақсаттары қандай?
Қазіргі таңда осы сұрақ талқылана қалса, оның жауабы ретінде көп адам «исламдағы терроризмді», «сақалды террорист адамды» елестете бастайды. Ақпараттық қоғам адам санасына белгілі бір деңгейде әсер ететіні себепті, көпшілік әлі күнге дейін осындай пікірде жүргені ақиқат.
Алайда шын мәнінде терроризм ұғымы белгілі бір дінге ғана байланысты туындай ма? Әрине, жоқ! Мүлде олай емес. Мәселен, 1995 жылы Жапония астанасы Токио қаласындағы жерасты метросында болған терактіні айтуға болады. Ұйымдастырушысы «Аум синрикё» ұйымының басшысы Сёко Асахара есімді жапон азаматы. Нәтижесінде, 5000-6300-дей адам зардап шегіп, 12-13, тіпті кей ақпараттарда 27 адам қайтыс болды деген деректер бар.
Осы орайда тағы бір мысал, 2019 жылдың наурыз айының 15-күні Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы «Нұр» мешітінде болған теракт та әңгімемізге тұздық болады. Оны ұйымдастырушы Австралия елінің азаматы. Бұл оқиғаның салдарынан 27 адам қайтыс болып, 30-ға жуық азамат жарақат алған. Ал бұл теракт исламға және мұсылмандарға қарсы жасалған әрекет еді. Тіпті оның ұйымдастырушысы да исламға мүлде қатысы жоқ қылмыскер болып шықты.
Тарихта мұндай мысалдар жетерлік. Мұнан байқайтынымыз, терроризм ислам дінімен мүлде үйлеспейді. Ал ислам бұл жайында не дейді? Құранда «Мәида» сүресінің 32-аятында: «Кімде-кім бір адамды жазықсыз өлтірсе, ол барша адамзатты өлтіргенмен тең, ал кімде-кім бір адамды өлімнен аман алып қалса, бүкіл адамзатты аман алып қалғанмен тең» дейді. Бұл аят исламның терроризмге түбегейлі қарсы екеніне анық айғақ бола алады.
Пайғамбар хадисінде оның үлкен күнә екенін ескертіп, өзі де соғыс кезінде осы ұстанымды қолдаған. Оған дәлел – пайғамбар көзі тірісінде болған соғыстарда жау тарапының әлсіз адамдарына, яғни, әйелдер мен балаларына және дін қызметкерлеріне, мейлі ол өзге дін өкілі болса да, тиіспеген. Сонымен қатар, соғыс алаңында жауды асқан жауыздықпен өлтіруден тыйған. Байқағанымыздай, ислам терроризмге, адам өлтіруге шақырмайды, керісінше, адамзат қоғамында әділдік пен бейбітшілік орнатуға, басбұзарлық пен жауыздыққа, кісі өлтіруге қарсы тұруға насихаттайды.
Жалпы алғанда, дін – адамдар арасында бейбіт қоғам құру, адамгершілік пен әділдік орнату, моральдық этикалық нормаларды жүзеге асыру мақсатында пайда болады. Сондықтан терроризмді бір дінге телу, оны бір дінмен байланыстыру барып тұрған надандық. Дін мен терроризм екі бөлек ұғым, екі басқа түсінік. Екеуі үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Бұл екі ұғымды бір ұғым ретінде қарастырған адам, бейне бір математика мен психология ғылымдарына сәйкес қарағанмен бірдей деуге болады. Ал екеуін ажырата білу үшін біз дін тұрғысынан сауатты болуымыз керек. Арасы жер мен көктей дүниелерді шатастыру не бір ұғым ретінде қабылдау көзі ашық, көкірегі ояу адам үшін үлкен сын болмақ.
Бақберген СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
Қызылорда облысы ДБ
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы