Сұрақ: Дін мен дәстүрдің үндестігі деген не?
Жауап: Қоғам мүшесінің құқығын қоғау, өзге дін өкіліне қысымшылық жасамау, әлсізге зұлымдық қылмау, басшының жұмысшыға әділ болуы, көршінің ақысын беру, ата-ананы құрметтеу, құдайы қонаққа көмек көрсету, жетімге қамқорлық, мұқтажға жанашырлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, әйел және отбасы ақысы сияқты т.б. қағидаттардың барлығы – мұсылманшылық ұстаным.
Біз осы құндылықтардың барлығын ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-баба дәстүрімізден көріп келеміз. Сондықтан да дін мен дәстүрдің үйлесімді болуы аса маңызды.
Мұның айқын мысалын біздің полиэтносты қоғамымыздан көріп отырмыз. Қазақ халқының тарихи және мәдени қалыптасқан діні – ислам. Дархан қазақтың дәстүрімен біте-қайнасқан бейбітшілік дінінің құндылықтары біздің тілімізге, ділімізге, ұлттық мәдениетімізге сіңген.
Дінге қызығушылық танытып жүрген және дінге бет бұрған жастарымыз исламның этностарды, ұлттар мен ұлыстарды жоққа шығармайтынын білгені жөн. Әр халықтың жағрапиялық жағдайына, тарихы мен мәдениетіне сәйкес қалыптасқан, дінге қатысы жоқ этнографиялық ерекшеліктері, дәстүрлері бар.
Сол себепті де ислам әр халықта жергілікті ұлттық нақышта көрініс табады. Халықтың киім киісімен, мінез-құлқымен, дәстүрлерімен үйлесіп жатады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ