Елбасы өз Жолдауында айтып кеткендей, бүгінгі күні біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесі өткір күйде қалып отыр. Сондықтан, қазақстандықтардың бойында еліміздің дәстүрі мен мәдениетіне сәйкес келетін сана-сезім қалыптастыру – мемлекет пен азаматтардың алдында тұрған аса маңызды міндет болып табылады.
Сонымен қатар, облыс аумағында мемлекет пен діннің конструктивті қарым-қатынасын реттеу, қолайлы діни ахуал қалыптастыру және конфессияаралық татулық пен келісімді одан әрі дамыту мәселесі тұрғысынан алғанда құрылып отырған облыстық дін істері басқармасының жұмысын жандандыру міндеті тұр.
Бүгінгі таңдағы ең басты әрі өзекті мәселелердің бірі – білікті дінтанушылардың жетіспеуі. Қазіргі уақытта облыс көлемінде 1 ғана ислами арнаулы оқу орны «Орал» медресесі бар. Бұл жерден былтыр бітірген 7 түлектері облысымыздың шалғай аудандарының мешіттеріне жұмысқа жолдама берілді. Бұл түлектерді аудандарәкімдіктері «таласып» алып кетті десек те болады, яғни қазіргі уақытта діни білім алған кадрларға біздің, әсіресе Батыс аймағында сұраныс зор.
Облысымызда тіркелген 43 мешіттің 38 мешітінде имам бар, тиісінше қазіргі уақытта 5 мешітте имам жоқ. Имамдар саны – 38: жоғарғы білімді – 4, орта арнаулы білімді – 7, сауат ашу курстары – 26 (3 имам Түркия, Бурса қаласында), діни білімі жоқ – 1.»Нұр» Египет ислам мәдениеті университетінде Батыс Қазақстан облысының 5 азаматы білім алуда.
Осыдан байқағанымыздай, бізде кадр мәселесі өте қиын. Сауат ашу курсында оқыған деген аты болмаса, казіргі қоғамдағы мәселелерді шешуге мүлдем жарамайды. Оның үстіне ол имамдардың барлығы қарттар, амал жоқ мешітті ұстау керек, сол үшін отырған азаматтар. Ал, олардың орнына жас медресе түлектерін жібергенімен жалақы болмаған соң онда тұрақтау қиын болып тұр. Біз осы мәселені шешпейінше, ауыл жастары үлкен мәселелерге килігетіні ықтимал.
Ауыл мешіттеріне білімді имамдарды тұрақтандыру мақсатында «Орал» медресесі түлектерінің материалдық жағдайын жақсарту (тұрғын үй мәселесін шешу, жалақысын көтеру, т.б.) имамдардың жалақысын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің ықпал етуімен, жергілікті демеушілер арқылы «Зекет» қорына 10 млн. тенге көлемінде қаржы аударылды.
Сонымен қатар, облыс имамдарының біліктілігін арттыру бойынша биыл 2 семинар өткізілді. Атап айтсақ, 2013 жылдың 10-17 маусым аралығында және 11-16 қазан аралығында Батыс Қазақстан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімі» қала, аудан және ауыл имамдарының біліктілігін арттыруға бағытталған 7 күндік оқыту семинары өткізілді. Семинардың өзектілігі – ҚМДБ облыс бойынша имамдары мен мемлекеттік мекемелердің бірлескен жұмысының нәтижелігін айқындау болса, мақсаты – дәстүрлі рухани-имандылық және діни құндылықтарды ілгерілету, имамдардың қоғам арасындағы беделін көтеру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңды және конфессияаралық саладағы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты түсіндіру. Семинар ерекшелігі – имамдар ақида, фиқҺ, құран ережелері (тажуид) ілімдерін жетілдірумен қатар, ғаламтормен жұмыс істеу тәсілі, уағыз насихатқа қатысты сөздерді пайдалану, психология, риторика, саясаттану тақырыптарында тереңдетілген дәрістер жүргізілді.
Екінші мәселе – облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру мәселесі ең алдыңғы қатарында тұр.Бұл бағыттаҚазақстан Республикасы Үкіметінің ақпараттық-насихат жұмысы бойынша тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында 2013 жылғы 17 қыркүйек күні өткен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысында дін мәселелері жөніндегі облыстық ақпараттық-насихат топтарының қызметін ұйымдастыру туралы мәселесі көтерілді.
Нәтижесінде бүгінгі таңда қала және аудандардың кадрлық әлеуетіне және аймақтың ерекшелігіне сәйкес барлығы 500 ден астам адамды қамтыған 3 облыстық, 5 қалалық, 12 аудандық және 62 ауылдық деңгейдегі ақпараттық-насихат топтары жасақталды. Соның ішінде облыстық денсаулық сақтау, спорт, жастар саясаты, білім беру басқармалары өздерінің қызметкерлерінен құрылған АНТ жасақтап жұмыстануда. АНТ құрамына облысымыздағы білікті теологтар, ғалым-дінтанушылар, дін басы өкілдері, ауыл ақсақалдары, ардагерлер алқасының төрағалары, әйелдер кеңесінің басшылары, жастар қоғамдық ұйымдарының көшбасшылары, ұлттық-мәдени орталықтар, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік орган қызметкерлері енгізілді.
Сонымен қатар, ақпараттық-насихат жұмысы барысында облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру мақсатында нақты тақырыптарды жеткізу белгіленді. Олар: «Елбасы Жолдауынан туындаған діннің өзекті мәселелері және облыстағы діни ахуал туралы», «Дәстүрлі емес діни ағымдар», ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының тармақтарын түсіндіру, «Ислам туралы жалпы түсінік», «Жастарды деструктивтік діни ағымдардан сақтандыру жолдары», «Ұлттық мәдениет құндылықтары туралы», «Отанды сүю иманнан», «Экстремизм мен терроризм белгілерінің Қазақстан аумағында шығу себептері», «Исламдағы әдеп ұғымы», Экстремистік бағыттағы діни ұйымдар және олардың лаңкестік әрекеттері».
Батыс Қазақстан облысының Дін істері басқармасына 2014 жылы жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы бірқатар әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда. Соның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар негізінде ақпараттық-насихаттау жұмыстарын бірыңғай жүйелі түрде жүргізу үшін облыс аумағында кеңес беру – оңалту орталығын құруды 2014 жылғы жоспарға енгізу және оған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру көзделді. Аталмыш кеңес беру – оңалту орталығы арқылы келесідей мақсаттарды іске асыру жоспарлануда:
1. Маман-теологтарды тарта отырып, өңірдегі діни ахуалды ақпараттандыратын жергілікті БАҚ журналистердің, мемлекеттік қызметкерлердің, имамдардың, ақпараттық-насихат топ мүшелерінің біліктілігін арттыру және оқыту курстарын жүйелі түрде өткізу бойынша қызметтер жасау;
2. Тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, экстремизмнің алдын алу, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау жұмысы бойынша АНТ-тың ауыл-аймақтарға барып ұйымдастыруды қаржыландыру;
3. Ислам діні жолында жүрген жастарға дәстүрлі Абу-Ханифа мәзһабының құндылықтары туралы дәйекті ақпаратты жеткізу мақсатында араб тілін үйрету бойынша 3-6 айлық курстарын өткізу;
4. ҚР Дін істері агенттігі тарапынан дінтану сараптамасынан оң қорытынды алған белгілі теолог мамандардың және ҚР Дін істері агенттігі дайындаған баспа өнімдерін (кітап, брошюра, буклет, журнал, т.б.) шығару, қайта басу және тарату қызметтерін көрсету;
5. Облыстардағы діни ахуал жөнінде және деструктивтік діни ағымдардың ықпалын талдау бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізу.
Үшінші мәселе – өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу.Біз экстремизмнің тигізетін залалын көрсететін ғана емес, сондай-ақ жастардың күш-жігерін жасампаз арнаға бағыттайтын тәрбиелеу мен білім берудің озық жүйесін жетілдіру.Себебі діни теріс көзқарастардың жастар арасындағы қылмыстың өсуіне әкеліп отыр. Біз діни экстремизмнің алдын алу бағыттарының бірі ретінде Қазақстан қоғамын рухани ағартуға ерекше көңіл бөлеміз. Қазақстандықтар діни көзқарасының әркелкілігіне қарамастан, зайырлы елімізде имансыздық, діни ой-пікірлердің радикалдануы секілді шектен шығушылықтардың таралуына жол бермеу жолында бірігуі керек.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың 10 айында экстремизм мен терроризмге қатысты 112 қылмыс анықталған. Ұлттық қауіпсіздік Комитеті биылдың өзінде 24 лаңкестік әрекетке тосқауыл қойды. Соңғы бес жылдың ішінде басқа мемлекеттер аумағында лаңкестік ұйымдардың іс-әрекеттеріне қатысы бар Қазақстанның 40 азаматы ұсталды. Олардың заңсыз қарулы құрылымдардың лаңкестік іс-әрекетіне қатысқаны да анықталды. Қазақстанда халықаралық террористік және экстремистік ұйымдардың 68 мүшесі ұсталды. Ал Батыс Қазақстан облысы бойынша экстремизм мен терроризмге қатысты 2012 жылы 10 нан аса қылмыстық іс қозғалса, негізгі белсенділері 18-29 аралығындағы жастарды құрап отыр.
Бүгінде М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Дінтану» мамандығын ашу үшін барлық құжаттар жинақталып ҚР Білім және ғылым министрлігіне бірнеше мәрте жолданып өзінің қолдауын таппай отыр.
Сонымен қатар, жастар арасында дін экстремизмнің алдын алу бағытында мектептерде факультатив ретінде жүргізілетін «Дінтану» курстары жеткіліксіз екендігі белгілі. Оның орнына «Дінтану негіздері» пәнін мектептердегі 7-ші сыныптан бастап енгізу мәселесі бүгінгі күнге дейін өз шешімін таппай отыр.
Құрметті формуға қатысушылар!
Қазақ елі баршамызға ортақ қасиетті мекен болғандықтан, діни ағымдарға қарсы күрес тек бір ғана діни қызметкерлердің емес, баршамыздың абыройлы міндетіміз. Алтындай саф, гауһардай таза асыл дініміз арқылы ертеңгі күнге алаңсыз, ұлттық бірлігімізді нығайтып жеткізуге Алла нәсіп етсін!
Қазақстан дінтанушыларының Үшінші Форумы материалдарының жинағы. – Астана, 2013 ж.