Елде ғана емес, әлемде болып жатқан соңғы оқиғаларға байланысты дін саласы өзекті тақырыптардың біріне айналды. Қазақстан Республикасында аталған сала бойынша арнайы заңнама бар. 2021 жылдың 29 желтоқсанында қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнамасына өзгерістер енгізілді. Ол қандай өзгерістер, халыққа берер пайдасы бар ма, сондай-ақ, дін саласында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы, Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұхановтан сұрап білдік.
-Нұрдаулет Иманалиұлы, бірінші сұрағымды діни қызмет мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы бастағым келіп тұр. Халыққа түсінікті тілмен жеткізіп берсеңіз. Заңнамада қандай өзгерістер орын алды?
– Қазақстан Республикасының қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңнамасы халықаралық тәжірбиелерді ескере отырып, адам құқығын, діни сенім бостандығын қорғауға және елдегі кофессияаралық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған. 2021 жылдың желтоқсан айының соңында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Соның бірі, ендігі таңда «дінтанулық сараптаманы» тек дінтанушылар мен теологтар ғана емес, психолог, құқықтанушы, саясаттанушы және мәдениеттанушы сынды мамандар да жүргізе алады. Бұл өзгеріс діни мазмұндағы әдебиеттерге тек діни тұрғыдан бөлек, жан-жақты талдау жасауға мүмкіндік береді. Заңнамада «діни мазмұндағы ақпараттық материалдар» термині пайдаланылады, алайда терминнің мазмұны ашылмаған. Осыған орай заңда аталған термин ұғымы ашылған. Сондай-ақ, өңірлік діни бірлестіктерді тіркеу үшін талаптар жеңілдетілді, оларды тіркеу үшін жалпы критерийлер белгіленді.
–Бұл өзгерістер өзіңіз басқарып отырған басқарманың жұмысын жеңілдетеді деп ойлайсыз ба?
–Әрине. Мысалы, жоғарыда атап өткен өңірлік діни бірлестіктерді тіркеу үшін екі өңірден 250 адамнан 500 адам қажет болса, қазір әр өңірден 250 адам тіркелсе жеткілікті. Кез-келген өзгеріс- ол практика жүзінде қолданылып, әртүрлі жағдайлардан кейін енгізіледі. Сол себепті де, жұмыс барысына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
–Заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Дін саласында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Халыққа діни мәселелер бойынша алаңдауға себеп жоқ деп айта аласыз ба?
–Осы жерде Елордадағы діни ахуалдың тұрақты екенін атап өткім келіп тұр. Өзге өңірлермен де тығыз байланыстамыз. Қандай жағдай болмасын бір-бірімізден тәжірбие алмасып тұруымыз қажет. Сондай-ақ, биыл өткізетін діни ақпараттық түсіндіру жұмыстарының санын арттырдық. Дін өкілдерімен тиісті диалог құрылып, конфессияаралық келісім нығаюда. Егер, қала тұрғындарында қандай да діни мәселе немесе сұрақ туындайтын болса, дер кезінде шешуге тырысамыз. Діни экстремистік идеологияға қарсы жұмыс жасайтын Діндерді зерттеу орталығымыз бар. Бұл жұмыстардың бәрі өзінің жемісін берері сөзсіз. Сол себепті де, тұрғындарға алаңдауға себеп жоқ.
–Көп жағдайда діни экстремистік идеологияның құрбаны кімдер?
-Деструктивті діни ағым өкілдері адамдарды жасына, нәсіліне немесе әлеуметтік тобына қарап бөлмейді. Оларға адамның психологиялық тұрғыда әлсіз және діни сауаты төмен болса жеткілікті. Не дегенмен, басым көпшілігі 16-29 жас аралығындағы жастар. Сол себепті, басқарма тарапынан жастармен тығыз қарым-қатынас орнатудамыз. Адамдарға діни жат ағымға еріп кетпес үшін мұқият болу керек. Діни кітаптар мен уағыздарды ресми тіркелген діни ұйымдар мен ресми мекемелердің арнайы сайттарынан қараңыздар. Мысалы, радикалды идеологияны таратушылар тіл курстары арқылы, бейресми әлеуметтік желілерде, қайырымдылық ұйымдардың атын жамылып адам санасын улайтын фактілер кездесіп жатады. Осындай ұйымдардың құрығына түсіп қалмау үшін діни ақпараттарды ресми аккаунттардан оқуға және ҚР тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлерінен тыңдауға кеңес беремін. Дін – ол нәзік дүние. Кез-келген адаммен әңгіме қылып, кез-келген желіден оқи салатын сала емес.
-Сөз соңында алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Ұрпағымыздың жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек ету керек. Қазіргі таңда биылғы жұмыс барысына бірқатар жоспарлар құрып қойдық. Ол халықпен онлайн және оффлайн кездесулер ұйымдастыру, әлеуметтік желілерде жаңа бағдарламалар, кинотуындылар жасап шығару, семинарлар мен конфессиялардың қатысумен іс-шаралар жасау. Тағы да ескерте кететін жайт, дін бойынша сұрақтырыңыз бен ұсыныстарыңыз болса iKomek – 109 нөмірі арқылы хабарласа аласыздар.