Құранның 95 жерінде келетін дін сөзі сөйлемдегі қолданылған орнына қарай, «Хақ дін», «Ханиф дін», «Ислам», «тәухид», «иман», «ақыл», «еркіндік», «мәзһаб» және «шариғат» сынды терминологияларды білдіреді.
Сондай-ақ, «дін» сөзі зікір етілген аяттарды салыстыра отырып, Меккеде түскен аяттардағы «дін» сөзі негізінен имани мағыналарға саятынын, ал Мәдинадағы түскен аяттардағы «дін» сөзінің ғибадат, ахлақ, муамалат (сауда-саттық) және хұдуд (діни жазалар) мәселелерімен тығыз байланысты болғанын көреміз. Осы тұрғыдан «дін» ұғымын сенімдік және құқықтық мәселелерді бірдей білдіретін екі бағытта қарастыруға болады.
Имам Матуриди, «Дін – тек сенімнен тұрады. Бұл діни сенімдегі мақсатта – Ислам» [1] деп, көңілдегі адам сенімін діні, иманы ретінде қарастырады. Ол, діни сенім деу арқылы адамзат тарихындағы кезең-кезеңімен келген Иләһи діндердегі сенімнің төркіні бір Жаратушыға сену екендігін, яғни, қазіргі ислам діні болғанын айтады.
Дәлел ретінде Мекке кезеңінде түскен мына аяттардың тәпсіріне назар аударсақ. Имам Матуриди, Құрандағы: «Алла: «Дінді дұрыс түсініп, дұрыс тұтыңдар һәм дінде жік-жікке бөлінбеңдер», – деп, Нұхқа міндеттеген негізгі ұстанымдарды, өзіңе де уахи еттік. Һәм Ибраһимге, Мұсаға және Исаға шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарымызды сендер үшін де дін етіп бекітті…» (Шура сүресі, 13-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Алла Тағала «дін» сөзін танымал, ешкімге көмескі болмаған «әлиф-ләм» әріптерімен атап көрсетті. Әрі сендерге Нұхқа, Ибраһимге, Мұсаға және Исаға (ғ.с.) берілген діндердің жиынтығын бекіттік деді. Ол дін – Алла Тағаланы бірлеп, Соған ғана құлшылық жасау.
Сондай-ақ, бүкіл пайғамбарлар Хақ дінге (Исламға), тәухид сеніміне шақырды. Ешқайсысы, өзінен бұрынғы пайғамбардың жеткізген дінін (тәухид сенімін) жоққа шығармады. Ал, үкімге қатысты шариғи мәселелер түрлі болуы мүмкін» [2] десе, тағы бір жерде Құрандағы: «Сен пәк сенім таухидті берік ұстанған күйде Ханиф дінге (Исламға) жан-тәніңмен бет бұр! Бұл сондай дін – Алла күллі адамзатты (олардың болмысын) соның негізінде, соған сай етіп жаратты…» (Рум сүресі, 30-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Адам баласының жаратылысы, кішкентай кезінде анасының сүтімен қоректену арқылы есейіп, ержетуі бәрі де Жаратушының барын растайды. Ендеше, «ханиф болған Ислам дініне бет бұрыңдар» деген әмірі күллі адамзатқа ортақ үндеу. Сондай-ақ, адам жаратылысында бір өзгерістің болмағаны сияқты Алланың дінінде де өзгеріс болмайды» [3] деген.
Енді, «дін» сөзінің фықһи (үкімдік) мәселелерге қатысты қырын қарастырып көрелік. Бұл туралы имам Матуриди, Құрандағы: «Жоқ әлде, күллі аспан әлеміндегі және жердегі жаратылыс атаулының бәрі ерікті һәм еріксіз түрде Аллаға тәсілім (бағынышты) болып, бірінен кейін бірі Оған қайтарылып жатқанда, олар Алланың дінінен басқа дін іздеуде ме?!» (Әли-Имран сүресі, 83-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Аяттағы «дін» сөзі ақиқат жолы Алланың үкіміне тәсілім болуды білдіреді. Құранда: «Кімде-кім исламнан басқа бір дін іздесе, ол дін әсте қабыл болмайды» (Әли-Имран сүресі, 85-аят) деген» [4] деп, дін сөзінің сенімдік және құқықтық (үкім) мәселелерді бірдей қамтитын ауқымды мағынасы барын айтады.
Демек, дін – адамзат тарихындағы сенімдік және құқықтық мәселелердің ортақ атауы. Дін – Алла мен адамның, адамдар мен адамдардың арасын жақындастыратын фактор болып табылады. Осы бір Иләһи жүйенің соңғы теориясы «Ислам діні» деген атпен ұсынылды. Бұл дін қияметке дейін өзгермек емес.
Самет Оқанұлы,
исламтанушы
[1] Матуриди, Китәбут тухид, 519 б.
[2] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 13-том, 175 б.
[3] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 11-том, 186-187 бб.
[4] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 1-том, 350 б.