«Дін психологиясы» мамандығы алғаш рет жоғары білім беру бағдарламасына енгізілді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі және жергілікті атқарушы органдар отандық оқу орындарда дін саласындағы мамандықтар бойынша білім алуға ниетті талапкерлер үшін білім гранттарын бөлетінін атап өту қажет. 2022-2023 оқу жылдарына білім беру бағдарлама топтары бөлінісінде «Дінтану», «Исламтану» және «Теология» мамандықтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекет тарапынан 287 мемлекеттік білім гранты бөлінген», – деп атап өтеді министрлік агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Елімізде дінтанушы-психолог, теолог-психолог мамандарын даярлау қажеттігінің туындауына байланысты министрліктің бастамасымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Дін психологиясы» мамандығын ашу жоспарланған.
«Осы ретте аталған университет 7М022 – Гуманитарлық ғылымдар бағыты, М051 – «Дінтану және теология» білім беру бағдарлама тобының магистратура деңгейі бойынша «Дін психологиясы» білім беру бағдарламасын әзірлеп, биыл маусым айында Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының білім беру бағдарламасы тізіліміне енгізді және 2023-2024 оқу жылына студенттерді қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен, елге оралған азаматтарды радикалды көзқарастан арылту жұмыстарының тиімділігін жоғарылатады деп күтілуде», – деді ведомстводан.