Ынтымағымыз ыдырамасын!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында!», – деген болатын.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы сабақтастықты сақтай отырып, дінаралық түсіністікті одан әрі дамытудың маңыздылығын көрсетіп берді.
Тәуелсіздік жылдарында зайырлы ұстаным құндылыққа айналды. Әрине мұның бәрі мемлекет саясатының нәтижесі.
Марат Әзілханов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
«Қазақстан көпдінді, көпэтносты мемлекет. Бұл әралуандық біздің бағымыз болды. Азаматтардың діни сеніміне кесірін тигізбейтін құқықтық, діни қысым туындатпайтын зайырлы, этностық қырқысты болдырмайтын әлеуметтік мемлекет құрылды. Мемлекет басшысының Жолдауында осы мәселелер анық айтылды. Жолдауда көрсетілген дінаралық түсінікті сақтауымыздың маңызы өте жоғары. Себебі әлемдегі діни ахуалды сараптап отырсақ, діни сенімдерге байланысты бір-бірін кінәлаған халықтарды байқаймыз. Оның соңы ел ішінде азаматтық соғысқа ұласып жатыр. Шынайы діндарлық, ол – бейбітшілік. «Шынайы дін – бейбітшілік, ал қалғаны – жаман түсіндіру» деген нақыл бар. Біздің жолымыз бейбітшілікке бастап тұрса, ең дұрыс идея, маңызды іс сол деп санаймыз. Қазақ көппен бірге болуға үндейді. Көптің тілеуі – бейбітшілік. Бұл бағытта Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған дінаралық түсіністіктің мәні жоғары».
Халықтың бақуатты өмір сүруі үшін ең әуелі елдің бірлігі қажет. Ынтымағымыз ыдырамаса, ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтыны бесенеден белгілі. Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың мәні зор. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағытты ұстану – еліміздің әрбір азаматының міндеті дер едім.
Дін – адамды «қоғамнан не алсам» деп емес,
«қоғамға не берсем» деп тәрбилейтін құндылық
Көптен бері дін тақырыбына арналған кездесулерде, семинарлар мен конференцияларда баяндамалар мен дәрістер оқып келеміз. Сонда қатысушылар, әсіресе жастар тарапынан қойылатын сұрақтардың басым көпшілігі дін, салт-дәстүр, дін атын жамылған теріс пиғылды діни ағымдар төңірегінде болады.
Жалпы «Дін дегеніміз не?» деген сұрақтар жиі қойылады. Бір байқағаным, кейбір жастарымыздың әлі де болса діни санасы дұрыс қалыптаспаған, «дін» туралы түсінігі нің таяз екендігін аңғаруға болады.
Дін – адам мен Жаратушының арасындағы табиғи байланыс. Дін тек Құдайға деген құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Ол – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол дейді ғалымдарымыз.
Дін – адамгершілікке, ізгілікке шақыратын сана. Жаратушы мен пенденің арасындағы байланыстың алтын көпірі, адам санасын тәубеге жүгіндіріп, пенделік ойлардан арылтып, жанын тазартады.
Сонымен қатар, жалқаулық пен бұзық ойлардан аулақ болуға, еліне қызмет етуге, жаратылғанға жанашырлық көрсетуге, адами қасиеттер мен көркем мінез-құлықты болуға, «қоғамнан не алсам» деп емес, «қоғамға не берсем» деген санаға жету жолын көрсететін құндылық.
Н.Ә.Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
«Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар. Қан төгіп, соғыспен, дінмен мемлекет орнатып, мемлекеттік дін жасаймыз деп жүргендер бар. Баяғы Мұхаммед пайғамбардың сахабалары тұсындағы, Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлидің кезіндегі халифатты қайтадан орнатамыз деген ұмтылыс жаулап алу ниетінен туған болатын. Біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек».
Дін мен діндарлық
Қоғамда жалпы «діндарлық» ұғымын дұрыс түсінгеніміз жөн. Діндарлық – адамның діни көзқарасының, психологиясының, тәртібінің, өмір сүру салтының көрінісі. Ол құбылыстарды, оқиғаларды, қарым-қатынастарды сенім тұрғысынан қабылдау және бағалаудан тұрады.
«Діндар адам» деген – діннің әмірлерін орындап, тыйымдарынан бойын аулақ ұстайтын жанды айтамыз. Былайша айтқанда, тақуа адам. Дін мен діндарлықтың ара-жігін ажырата білу керек.
Діндарлық – иман мен ғибадаттан бастау алған дәреже.
Сондықтан «діндар боламын» деген кісі алдымен иманын қуаттандырып, ғибадатын толық орындауы керек дейді дін қызметкерлері. Осындайда Шәкәрім:
«Сыртыңды сыланасың сән беріп,
Ішіңнің түзетпейсің хатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орына атасың.
Жалғанның бір пайдасын көргенде,
Арланбай арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың», – деген болатын.
Бұл өлең адамның ішкі кемелдігі (тақуалығы) мен діндарлығының кемшіліктерін көрсетіп отыр.
Діндар болу оңай емес. Діндарлық мұсылман адамның киетін киімі тәрізді. Дінді ұстанған жастарымыз дәл осындай киіммен сәнденгенде ғана «қалыпты діндар» болмақ.
Біреуге еліктеп, сырттағы жалған уағыз насихатқа, теріс пиғылды діни идеологияға еріп кетсе, жалған діндарлықтың киімін киген болады.
Мұсылмансың ба, әлде қазақсың ба?
Қоғамда кейбір деструктивті діни ағымның жетегіне кеткен азаматтардың арасында «қазақсың ба, әлде мұсылмансың ба» деген ауытқушылықтан туындаған сұрақтар бар. Бұл – дұрыс емес. Құдай құранда ұлт-ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдім дейді. Қазақ пен мұсылманды бөліп қарау дұрыс емес. Олардың ойы – ұлт болмау керек, тек мұсылман болсаң болды дейді.
Ислам діні адам баласынан ұлтыңнан бас тартуға үндемейді. Ислам үшін «ұлт», «нәсіл», «тек» секілді ұғымдардың таңсық еместігі айқын көрсетілген.
Бүгінде жат діни идеологияны ұстанушылар мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызбен сабақтасып өрілген ұлттық құндылықтарды жою арқылы ұлттың өзін жоймақ ниетте! Біз осындай шектен шыққан көзқарастардың алдын алуымыз керек. Мұндайлардың мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретіні айдан анық.
Түркілер заманында бір кісі данышпанға келіп:
– Мұсылмансызба? – деп сұрапты. Сонда данышпан:
– Аллаға шүкір, түркі мұсылманмын, – деп жауап берген екен. Жауабына таң қалған әлгі кісі, Одан:
– Неге бұлай дедіңіз? – дегенде:
– Түркілік менің тағдырым, ал мұсылмандық менің таңдауым, – деп жауап берген екен.
Демек, кез келген бір ұлттың ұрпағы болып дүниеге келу – адам баласының маңдайына жазылған тағдыры. Оны ешкімнің де өзгертуге шамасы келмейді. Сол ұлттың рухани құндылықтарымен, салт-дәстүрімен өмір сүруі тиіс. Одан баз кешуге әсте болмайды.
Ал дін таңдау – әркімнің діни сенім бостандығы, еркіндігі. Ислам дінінде зорлық жоқ екенін айтады ғұламалар. Сондықтан ұлт деген ұлы ұғымды қадірлей білсек қана діннің қасиетін түсіне де ұғына да аламыз.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ