Қазіргі уақыттың адамдарында дін мен ғылымды бөліп қарастыру түсінігі қалыптасқан. Бұл орта ғасырлардан бері басымдығын байқатып келе жатқан батыстық ренесанстың жемісі. Сондықтан да, дін мен ғылым бірнеше ғасырлар бойы бір-біріне қарама-қайшы ұстаным ретінде қабылданып келеді.
Расында дін сенімге, ғылым дәйекке сүйенетіндіктен мұндай көзқарастың негізі де жоқ емес. Алайда, егер дін ақиқат болса адам ақылымен қайшылыққа түспеуі керек деп есептеймін. Егер таза ақыл иесі үшін мұндай қайшылық бола қалса не діни қағидаларда немесе ақылда мәселе бар деуге болады.
Ал интеграция мәселесіне келер болсақ, бұл салада белгілі бір түсіністік таныту кезеңі басталғанын жоққа шығаруға болмайды. Себебі, дінде кейбір ғылыми мәселелерге жауаптардың болуы, немесе кейбір ғылыми болжамдардың діндегі сенімдерге сәйкес келуі сияқты жағдайлар дінде де ғылымның бар екендігін білдіреді. Бірақ, діндегі барлық қағидалар ғылымның қойған талаптарына жауап бере бермейді. Оның үстіне зайырлы сипаттағы ғылым жүйесі дінге, сенімге негізделмейтіндіктен түбегейлі бірігіп кетуі мүмкін болмасы анық. Дегенмен, белгілі бір деңгейді конфронтациядан диалогқа бетбұрыс байқалады.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев:
Дін ғылымның анасы,
Дін-ғылымның әкесі,
Ғылым-діннің баласы,
Дін-ғылымның көкесі!-дегендей дін мен ғылым адамзаттың бақытын бірлесе іздейті болса жетістігі боларына сенім мол. Бірақ ол үшін дін ұстанушылар, діндарлар ғылымды жатырқамауы керек, дінді тек о дүниеге бағытталған бақыттың кілті деген түсініктен арылуы тиіс. Ал өз кезегінде ғалымдар да діннің ғылымға бағытталған қырын мұқият зерделеуі қажет болмақ!
Кеңшілік ТЫШХАН
дінтанушы, ф.ғ.к.