Ислам діні ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабаларымыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы. Әлмисақтан мұсылман болған халқымыз әркез діні мен дәстүрін қадірлеп, ғасырдан ғасырға осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген.
Өмірлік тұрмысымызға айналған дәстүрлеріміздің көбі асыл дінімізден бастау алған. Осылайша асыл дініміз қазақ халқының рухани дүниесін қанағаттандырып қана қоймай, халқымыздың танымы, мәдениетімен біте қайнасып кеткен.
Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі, шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине, аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде былай деген екен: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған».
Шынымен де «Алла атымен бастадым сөз әлібін, жарылқаған, жаратқан, бір тәңірім», – деп сөз бастаған Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни бабамыз бастап, бергі сөз бастаған жырау, шешендеріміздің ешқайсысының аузынан Алласы түспеген. Абай Хәкімнің: «Алланың, Пайғамбардың жолындамыз, ынтамызды бұзбастық иманымыз», – деуінің өзі қазақ халқының қандай жолды ұстанғандығын анық көрсетуде.
Тарихи жәдігерлерден, Алаш даласын зерттеген шетелдіктердің еңбектерінде қазақ халқының мұсылманшылықты жақсы ұстағандығы жайында айтылады. Соның бірі 1879 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Народы России» деген еңбектің қазақтарға арналған шығарылымында дала халқының күні құлшылықпен басталатындығы туралы мынадай қызықты мағлұматтар келтірілген. «Қырғыздардың (қазақтардың – ауд.) күні таң атқаннан басталады. Таң жарығы шығар-шықпастан молда немесе ерте тұрған бір адам даусын созып азан айтады. Сол сәтте бүкіл киіз үйлердің есіктері ашылады. Оянған жандар дәрет алу үшін суға барады. Дәрет алған соң алғашқы намаз үйде немесе үй сыртында оқылады. Әйелдер жағы
бұл кезде төсектерін жинап, от жағып, таңғы астың қамына кіріседі. Таңғы астан кейін үй иесі қолдарын жуып, «Аллаһу әкбар» деп сақалын сипайды. Сосын әрқайсысы өз тіршілігіне кіріседі».
Асыл дініміздегі дін мен дәстүрдің сабақтастығын ұғынуымыз үшін мына жайттарды білуіміз аса маңызды:
Бірінші: Әрбір халықтың әдет-ғұрпы бар.
Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресі,13-аятында:
«Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан.
Демек, Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі бір, барлығы Адам атадан тарайды. Мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт пен ұлыстардан құралған. Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері, мәдениеті бар. Мысалы халқымыздағы мынадай дәстүрлерді ерекше атап кетуімізге болады:
- Азан шақырып ат қою. Қазақ халқы шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәбиге азан шақырып ат қояды. Бұндайда баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азап айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «мұның аты пәленше…» немесе «сенің атың пәленше…» деп үш қайтара айтатын болған. Осыған байланысты халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес кең тараған. Бұл іс ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Убайдулла ибн Әбу Рафиғ (Алла оған разы болсын) атты сахаба өзінің әкесінен:
«Фатима Әлиұлы Хасанды дүниеге әкелгенде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқанын көрдім», – деген хадисті жеткізен (имам Тирмизи).
- Тәхник жасау. Халқымыздың дәсүрінде кең тараған ырым – баланың аузына түкіру. Халқымыз ел арасында аты шыққан би-шешендер мен ақындарға, батырларға, аузы дуалы ақсақалдарға балаларын әкеліп, аузына түкіртетін болған. Мұндағы мақсат – сәби өскенде сол сияқты үлкен азамат болсын, солардың жолын беріп, өнегелі кісі болсын деген ниеттен туған. Оның орындалуы ишара ретінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде бұл рәсім тәхник деп аталады. Тәхник деп баланың таңдайын тәтті нәрсемен сүртуді айтады. Яғни нәрестенің аузына шайналған құрманы салып, саусақпен таңдайына жағып ұқалайды. Саңлақ сахабалардың қайсібірінің үйінде сәби дүниеге келсе, дереу ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барып, аузына құрманы шайнатып, баланың таңдайын сүрткізетін. Имам Бұхари мен имам Муслимнің хадис жинақтарында мынадай дерек бар. Бірде Әбу Мұса әл-Ашғари (Алла оған разы болсын) өзінің ұлы туылғанда оны Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) апарады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның есімін Ибраһим деп қойып, құрмамен таңдайын ұқалап, береке тілеп, дұға жасайды.
- Ер баланы сүндеттеу. Қазақ халқында ер баланы үш, бес, жеті не тоғыз жасында «Ашамайлы атқа міндің, мұсылмандық таққа міндің» деп сүндетке отырғызып, сүндет той жасау дәстүрге айналған. «Сүндет» деп аты айтып тұрғанындай бұл рәсім ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен бастау алады. Бұл дәстүр Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) келе жатқан ханифтік діннің рәмізі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Бес нәрсе фитра саналады: (ер баланы) сүндеттеу, кіндік астындағы түкті қыру, тырнақ алу, қолтықтың түгін кетуіру және мұртты басу», – деген (имам Бұхари).
- Жатарда ыдыстардың бетін жабу. Халқымызда түнде тағамның беті ашық қалмауы тиіс деген ұғым бар. Аналарымыз ыдыстың бетін жабатын қақпағы болмай қалған жағдайда бетіне «Бисмиллә» деп жіңішке ағаш сияқты нәрсені көлденең қоятын. Бұл істің де дінімізде негізі бар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ыдыстарыңның бетін жабыңдар, есіктеріңді (түнде) ашық қалдырмаңдар және шырақтарыңды сөндіріңдер. Ақиқатында, шайтанға сусын беру, оған есіктерді ашу және ыдыстарды ашық қалдыру халал емес. Біреулерің ыдыстың бетін жабатын нәрсе таба алмаса, «Бисмиллә» деп ыдыстың бетіне көлденең бір нәрсені қойсын», – деген (имам Муслим)
Мұқият зер салып қарайтын болсақ, отау құрғанда некенің қиылуы, үлкенге құрмет, кішіге ізеттілік таныту, адам дүниеден өткенде жасалатын рәміздер сияқты тіршілігімізбен етене араласып кеткен дәстүрлеріміздің барлығы асыл дінімізден бастау алып, ұштасып жатқандығын байқауымызға болады.
Екінші: Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға дейінгі салт-дәстүрлердің дінге қайшы келмегеніне тыйым салмаған.
Ислам діні әлемдік дін болғандықтан ол адамзат қауымына ақиқатты танытып, әрбір ұлт пен ұлысқа өзінің салт-дәстүрлерін сақтай отыра ізгілік жолымен жүруді насихаттайды. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб халқының Исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыптарының сол қалпында қолданылуына тыйым салған жоқ. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) мынадай хадис жеткен: «Бірде Әбу Суфиянның әйелі Хинд Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Әбу Суфиян сараң адам, егер мен оның рұқсатынсыз алмайтын болсам, ол маған және бала-шағама жететіндей нәпақа бермейді», – деді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Өзіңе әрі балаңа ғұрыпқа сай жететін нәрсені ал!», – деп жауап берді» (имам Бұхари, имам Муслим).
Бұл хадиске қатысты Имам Нәуәуи Сахих Муслим кітабына түсініктеме бергенінде: «Шариғатта нақты айтылмаған мәселелерде, салт-дәстүрге сүйену керек», – деп айтқан.
Сол сияқты ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір сүрген қоғамда Исламға дейін «Жиуар» делінген әдет-ғұрып болатын. Ол бойынша пана сұрап, жан сауғалап келген адам қылмыс жасаған кісі болса да оны қорғау абыройлы іс деп танылатын. Ал пана сұрап келген адамды қорғай алмау абыройсыздыққа баланды. Өйткені, пананы тек абыройлы және күш-қуаты бар әулеттен сұрайды. Бұл әдет-ғұрыпты орындамау бүтін әулеттің сүйегіне қара таңба болып саналатын. Сондықтан, ағайын-туыс боп пана сұрап келген адамды қолына қару-жарақ алып та қорғаған кездер болды. Ислам келген соң, бұл әдет-ғұрыптың жақсы тұсын сақтап, адамилыққа қайшы жақтарын жойды. Яғни, қылмыскер немесе залымға қорған болуға тыйым салынды. Тіпті, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырыңа залым болса да, зұлымдық көрсе де жәрдем бер», – деген. Сонда бір кісі: «Уа, Алла елшісі! зұлымдық көрсе жәрдем беремін, алайда залым адамға қалай жәрдем бермекпін?» – деп сұрайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оны зұлымдық жасауына жол берме, міне бұл сенің оған жәрдемің болмақ», – дейді (имам Бұхари).
Үшінші: Әдет-ғұрып кей мәселелерде шариғи дәлел ретінде қарастырылады.
Біздің ата-бабаларымыз сан ғасырдан берді ұстанып келе жатқан ханафи мазһабы келесі негіздерге сүйенеді:
- Құран кәрім. Ханафи мәзһабында Құран кәрім ең бірінші Исламның қайнар көзі.
- Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Имам Әбу Ханифаның ұстанымы бойынша сүннет бір деңгейде емес. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаули (сөз) арқылы жеткен сүннеті әрекет арқылы жеткен фиғли (іс-әрекетпен) сүнеттен үстемірек, өйткені фиғли сүннеттер тек Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатысты болуы мүмкін. Ахад хадиске мутауатир хадис қайшы келсе, онымен амал жасалынбайды. Сол секілді Құран мен хадистерден алынған шариғи қағидаларға хадис ахад қарама-қайшы келсе, негізге алынбайды.
- Ижмағ. Бұл ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейін белгілі бір уақытта мужтаһид ғалымдардың бір шариғи үкімде келісуі.
- Қияс. Ислам фиқһында кең таралған ұқсастық бойынша (аналогия) үкім шығару әдісі. Мұсылман ғалымдарының арасында қияс Құран, Сүннет және ижмағтан кейінгі орын алады.
- Истихсан. Жоғарыдағы негіздерде үкім табылмаса истихсан үкімі жүреді. Бұл бір затты екінші заттан қарағанда жақсы деп тану немесе бір мәселеде келген дәледердің арасынан күштірегін таңдау.
- Әдет-ғұрып. Ханафи мазһабында шариғат ережесіне сай келген ғұрып шариғи дәлел ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыда ғалымдарымыз қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятындағы:
«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деген аятты алға тартқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман», – деген (имам Ахмад).
Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл
алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:
– Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.
– Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.
– Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.
Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан діні – Ислам, шариғаттағы іс-амал мазһабы – ұлы имам Әбу Ханифаның мазһабы. Ал діни
дүниетанымдық ұстанымы Исламның негізгі қайнар бұлақтары – Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне негізделген Сүннет және жамағат жұрты, оның ішінде Әбу Мансұр әл-Матуридидің мектебі болып табылады.
Ендеше, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлағаттаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз.
Динара Құтқожақызы Нұрғалиева, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгеруші