Бұл бағыттағы жұмысты Діни басқарма өткен жылдан бастап жүргізуде. Ел мұсылмандарын бір шаңырақ аясына біріктіріп отырған Діни басқарма тарапынан «Дін мен дәстүр» атты еңбектің шығарылуы, осы аттас шаралардың барлық өңірлерде ұйымдастырыла бастауы ең алдымен тұрғын халықтың діни санасына елеулі орнықтылық әкеледі деген сенімдемін. Бұл шаралардың басты мақсаты ғасырлар бойы астасып кеткен ислам діні мен ұлттық дәстүрлердің өзара үйлесімін шариғат негізінде айқындап түсіндіру, халыққа, әсіресе жастарға шетін көзқарастар жетегінде кетпеу үшін насихаттау болып отыр. Айта кету керек, осы бағыттағы шараларды Дін істері агенттігі де құрылған кезеңінен бері жүргізуде. Агенттік тарапынан ұйымдастырылған «Ханафи мазхабы – Қазақстан мұсылмандарының рухани мұрасы», «Матуриди ақидасы – Әбу Ханифа ілімінің жалғасы», «Діни ғұрыптар және қазақ дәстүрлері» секілді республикалық конференциялар, еліміздің бірнеше өңірінде өткізілген «Дін және әйел» республикалық форумы мен осы форум аясында ұйымдастырылған «Дін және дәстүр сұхбаты заманауи сын-тегеуріндер аясында» атты дөңгелек үстелдер, «Дәстүрлі отбасылық құндылықтар және отансүйгіштік тәрбие», «Діни сауаттылық – ішкі тұрақтылық тұғыры» атты семинарлар, «Рухани құндылықтар және діни сана» атты дәрістер циклі осы дәстүрлі рухани танымды танытуға бағытталған. Ел мүддесі баршаға ортақ, сондықтан Діни басқарма тарапынан «Дін мен дәстүр» жылы аясында жүргізіліп жатқан барлық шараларға Дін істері агенттігі де атсалысуда. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, жұмыс жемісті боларына күмән жоқ. А.Әбдірәсілқызы