Негізінде дін дәстүрдің негізі десек қателеспеген боламыз. Cебебі кез келген салт пен дәстүр, әдет пен ғұрып сияқты дүниелердің астарында сенім жатыр. Ал сенім дегеніңіз – дін. Демек, дін мен дәстүрді бір бірінен ажыратып қарай алмайсыз. Әрине, бүгінде қазақ баласы дін мен дәстүр деген уақытта бұл жерде қандай да бір сенімді емес, ислам дінін меңзеп тұрғанымыз анық. Ал енді дін ислам мен қазақтың дәстүрі қатар жүре алады ма? деген сұраққа келер болсақ, онда айтарым: ислам халықтар мен этностардың, ұлт пен ұлыстың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен тарихтарын, мұрасын, құндылықтарын жоққа шығармайды. Әсіресе, мұсылман халықтарының өмір сұру салты мен дәстүрлері исламға сәйкес өмір сүру ережелерімен үйлесімдігін тауып біте қайнасқан. Өзіміз бала кезімізден естіп өскен тиым сөздер, (тырнақты түнде алма, күл-қоқысты баста, кеш мезгілінде кір суды далаға төкпе, малды теппе, қарғыс айтпа, ысырап қылма, нанды баспа, тамақты үрлеп жеме, тырнақты шайнама және т.б.) қариялардың айтқан өсиеттері мен кеңестері тұнып тұрған дін. Бұлардың басым бөлігі аят пен хадистермен ұштасып жатқанын көреміз. Мысалы, «тамақты үрлеп жемеу» дәстүрін алайық. Расында да пайғамбардың (с.ғ.с.) тамақты үрлеп жемеу туралы хадисы келген. «Тамақты суытып жеңдер, себебі онда үлкен береке бар» деп айтқан. Егер ыстық тамақты үрлеп жеп отырсаңыз, сізбен бірге отырған адам жиіркенуі мүмкін. Адам ауызынан шыққан иіс немесе желмен ұшып шыққан тамақ қалдығы сияқты нәрселер қасыңыздағы адамның тәбетін қашырады. Сол сияқты тамақты үрлеп жемеудің басты себептерінің бірі – үрлеп отырған адам тұмау, түберкілез сияқты т.б. ауа арқылы жұғуы мүмкін аурумен сырқаттанып жүрген болуы ықтимал. Егер ондай адам тамақты үрлеп ішсе онымен дәмдес болып отырғандардың денсаулығына куіп төнді деген сөз. Сондықтан қазақ халқы да жоғарыдағы хадиске сәйкес балаларына «тамақты үрлеп ішпе, ұят болады» деп тәрбие берген. Әрине, мұндай дәстүрлердің барлығының шығу тегін, оның басты себебін немесе мазмұнын терең білебермейміз бірақ, соны бастаған ата–бабаларымыз білген.
Келесі мысал, «малды теппе» немесе «біреуге қарғыс айтпа» тиым сөздерін алайық. Дін ислам жан-жануарға жәбір көрсетпеуге, оларды қорламауға шақырады. Керісінше, оларға мейірімді болуға жігерлендіреді. Тіпті, пайғамбардың (с.ғ.с.) бауыздайтын малдың көзіне пышақты көрсетпеуге және ол пышақтың өткір болуын қадағалауды айтқан. Ал бір әйгілі хадисте жезөкше әйелдің қатты шөл қысқан етке су беруінің арқасында күнәлары кешіріліп, жәннатқа барғандығы туралы хабарланған. Осы сияқты хадистер бізді «малды теппеуге, қорламауға» шақырады. «Біреуге қарғыс айтпа» деген дәстүріміз пайғамбардың (с.ғ.с.) «Қарғыс айтпаңыздар! Егер қарғыс сол адамға тимесе, онда өзінің иесіне қайтып келеді» деген хадисын қайталап тұрғандай. Сол сияқты біздің дәстүріміз дін исламмен үндесіп жатыр.
ҚМДБ өткен жылдарда «Дін мен дәстүр» жылы деп атауы да бекер емес. Дін қызметкерлері, дінтанушылар мен имамдарымыз дін мен дәстүрдің сабақтастығын кеңінен насихаттауға күш салуда. «Жиһадты» ұрандатып, Сирия соғысынан бірақ шыққан қандастрымыздың басым бөлігі осындай қарапайым дін мен дәстүрдің үйлесімдігін білмегендіктен кетіп жатты. Олар көп жағдайда дінді дәстүрден ажыратып қарады. Халықтың тарихы мен мәдениетін, рухани мұрасын дәстүрін діннен бөлек дүниелер деп ойлады. Бұлай ойлау қате. Сол үшін мұның қайтарымы бізге қымбатқа түсті.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ.
Ешқашан ислам діні ешбір халықтың салт-дәстүріне түбегейлі қарсы шыққан емес. Керісінше, шариғат сүзгісінен өткізіп отырған. Соның бір дәлелі бүгінгі таңдағы Наурыз тойлау, шілдехана, т.б.
Дін мен дәстүр егіз ұғым деп айтсақ, қателеспейміз. Дін – діңгегіміз болса, дәстүр оны толықтырып, көркейтіп тұрған әдет – ғұрыптарымыздың рухани бөлінбес бір бөлшегі болып есептелінеді. Ата – бабамыздан келе жатқан асыл дініміз қазақ халқына жат емес.