«Елге келіп, халыққа қызмет етсеңіздер…» деді Батыс Қазақстан облысы Дін істер басқармасының басшысы Азат Қаратай аймақтық студенттермен кездесу барысында. Алматыға келген іссапар аясында “Нұр-Мүбарак” университетіне арнайы ат басын тіреген Азат Қаратайды әуелі проректор, PhD доктор Ершат Оңғар қабылдады. Жақында ғана тағайындалған проректор Ершат Ағыбайұлын құттықтаған Азат Айболатұлы, өзі түлеп ұшқан білім ордасының жаңа белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Проректор Ершат Ағыбайұлы да өз кезегінде Жайық өңірінің діни ахуалын жақсарту жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Кездесуден соң студенттермен бейресми жүздесу өткізген Азат Қаратай исламтанушы, теолог, дінтанушы мамандарды жұмыспен қамтудың салаларына тоқталды. Қазір НМУ-да БҚО-дан 50 студен (26 қыз, 24 ер бала) білім алуда. Олардың 27-і мемлекеттік грант, 4-і облыстық грант иегері. Яғни НМУ түлектеріне дайын жұмыс орындары ұсынылды:
– Дін істері басқармасы (қоғамдық бірлестіктер, Дін мәселелерін зерттеу орталығы);
– Қала/аудан әкімдіктері (жастар ресурстық орталықтары, қоғамдық қорлар);
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (мешіттер, қала/аудан, т.б.);
– Қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД);
– Полиция департаменті.
ДІБ басшысы түрлі мекемелердегі діни маман тапшылығын айта келе, штат саны мен бос орындардың тізімін де ұсынды. Осы орайда, мамандарға жасалатын жағдайлар мен қойылатын талаптар та тыс қалмады. Дегенмен әр мекемеге байланысты талаптар өзгеретінін де ескертті:
– Білімі мен белсенділігіне қарай лайықты жалақы;
– Қызметтік пәтер немесе тұрғын үй жалдау ақысы;
– Мансаптық өсу мүмкіндігі мен әдістемелік сүйемелдеу;
– Еңбекақы 250 000 теңге және одан жоғары;
– Шариғи жан-жақты білім, араб тілін меңгеру және жауапкершілік, т.б.
Сондай-ақ Полиция департаменті, ҚАЖД саласындағы арнайы талаптар да таныстырылды.
Облыстағы дін саласына қатысты мәселенің барлық жай-жақсарын түсіндірген ДІБ басшысы, әрбір студентке болашақта туған жерге келіп қызмет етуді үндеді. Жастар да көкейлеріндегі сауалдарын қойып, жауаптарын алды. Студенттерге емен-жарқын әңгіме арнайы жайылған дастархан аясында жалғасты.