Сұрақ: Дін ғылымға кедергі бола ма?
Жауап: Дәстүрлі дін адам мен қоғамның рухани өмірінде ерекше орын алады. Қоғам мүшелерін бейбітшілік пен тұрақтылыққа шақырып, адамды білім алуға, сауатты болуға міндеттейді. Дәстүрлі діндер адамзатқа пайда әкелетін ғылым мен білімді алуды қолдайды.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Ғылым үйрену – әрбір мұсылманға парыз», деп ғылым үйренуді әйел, еркек деп бөліп жармай, әрбір мұсылман баласына парыз етті.
«Зүмәр» сүресінің 9-аятында: «Айт (Я Мұхаммед) білетіндер мен білмейтіндер тең бе?», ал «Мүжадала» сүресінің 11-аятында «Алла иман еткендер мен ілім берілгендердің дәрежесін көтереді» деп, білетіндер мен білмейтіндердің дәрежесін көрсеткен. «Нахыл» сүресінің 43-аятында: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!», деп білім иелерінің дәрежесін айқындап берген. Ислам дінінің талабы ғылымға дұрыс қызмет ету, сол арқылы қоғамға, ұрпақ мүддесіне қажетті игілікті іс істеу.
Ғалым Альберт Энштейін сөзінде дінсіз ғылымды балдақсыз ақсаққа, ал ғылымсыз дінді таяқсыз соқырға теңеп, діннің ғылымға, ғылымның дінге еш зияны жоқтығын және бірінсіз-бірі нәтижесіз екені туралы айтқан.
Қазіргі таңда адасқан діни топтар надандықтың салдарынан зайырлы білімді, ғылым мен мәдениетті соқыр сенім деп адастырып жүр. Ондай адасқан діни топтардан сақ болғанымыз абзал!
Икрам АЙТАЕВ