Сұрақ: Жат ағымдағылар «Дін бауырыңа жұмсақ бол, басқаларға қатал бол» дейді. Осы дұрыс па?
Жауап: Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Медина шаһарына қоныстанған соң, жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырықпышақ болып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет. Мұсылмандар тек өзара емес, басқа да дін өкілдеріне жұмсақ болуы міндетті еді.
Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге «Мәдиналық келісім» келді.
Мұнда Мәдинада жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бір-бірінің алдындағы міндеттері мен шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б. Мысалы, төмендегі хадис осындай міндеттемелердің куәсі болмақ:
«Кімде-кім мұсылмандармен бейбітшілік келісімін жасасқан мұсылман емес кісілерге әлімжеттік жасаса немесе олардың меншігіне тиесілі бір нәрсені тартып алса, сол адамға мен Қиямет күнінде қарсы куәлік беремін» (Сунан Әбу Дәуіт).
Бұл хадис қоғамдағы бірлік пен татулық үшін мұсылман адамға басқа дін өкілінің ар-ожданына, мүлкіне зәрердей болса да зиян тигізуге қатаң тыйым салып отыр. Зұлымдық жасаған адамға қарсы пайғамбардың өзі куәлік бермек. Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзі – көтеріліп отырған мәселенің маңызын, өзектілігін көрсетеді. Бұл хадис мұсылмандар үшін бағыт-бағдар.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ