Қазіргі таңда діни радикализм мен экстремизмнен туындайтын терроризм өзінің қатыгездігімен және адамгершілікке жат зұлымдығымен заманауи әлемнің алдында тұрған өткір әрі ғаламдық қауіп-қатерге айналып отыр.
Өкінішке қарай, әлемнің әртүрлі жерлерінде адамдар дінді желеу еткен террорлық әрекеттердің құрбанына айналып, адамдардың лайықты өмір сүруіне арналған инфрақұрылымдар мен әлемдік тарихтың мұрасына айналған құнды жәдігерлер аяусыз қиратылуда.
Дінді қару қылған экстремистер әлем халықтарының тарихи қалыптасқан дәстүрлі рухани-мәдени және құндылықтық тұғырларына аяусыз балта шабуда.
Діни өшпенділік пен төзімсіздікті насихаттайтын идеологтардың өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің, мемлекеттер мен халықтардың арасына өшпенділік салуға ұмтылып отырғаны күмән келтірмейді.
Осы орайда, экстремизм мен терроризм әртүрлі идеологиялық және саяси доктриналарда көрініс тауып, діндерді де өз мақсаттарына пайдаланатындығын айта кеткен жөн.
Бұл, бір жағынан, барлық террористік әрекеттер діни сипатта көрініс таппайтынын көрсетсе, екінші жағынан, дін атын жамылған террористік әрекеттердің қазіргі күнде аса қауіпті үрдіске айналып отырғанын көрсетеді.
Жалпы, террористік әрекеттер көбінесе зорлық-зомбылық жасаудан гөрі белгілі бір мәселелерге қатысты қоғамдық пікір қалыптастыру және тұрғындардың назарын өздеріне аудару мақсатында жасалатын болса, қазіргі күндегі дін атын жамылған терроризм дін талаптарына сай орындалатын зорлық-зомбылықты қасиетті парыз дәрежесіне дейін көтеріп отыр. Бұл, түптеп келгенде, діни сипаттағы кез-келген фундаментализм экстремизммен және терроризммен қатар көрініс табатын құбылыс екендігін көрсетеді.
Осы жерде әлемнің барлық елдеріндегі тәрізді Қазақстанда да діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда және оған қарсы күресуде айтарлықтай тәжірибе жинақталғанын айта кетуіміз керек. Елімізде осынау жаһандық зұлымдыққа құқықтық, ұйымдастырушылық және ақпараттық тұрғыдан қарсы тұрудың әдістері мен тетіктері пысықталып, қабылданған. Елімізде жиырмадан астам экстремистік және террорлық ұйымдардың қызметіне тыйым салынған.
Дегенмен, біздің күнімізде Сирия мен Иракта бастау алып, 2013-2015 жылдары аралығында шарықтау шегіне жеткен содырлыққа толы оқиғалар әлемде экстремистік және террорлық идеологияның шын мәнінде жаңа түрінің қалыптасып келе жатқанын көрсетіп берді.
Халықаралық сахнада «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған) әрекетінен туындаған құбылыстың пайда болуы әлемде діни радикализмге қарсы күресудің осыған дейін қалыптасқан әдістерінің белгілі бір дәрежеде кемшіндігін байқатты.
Оның басты ерекшелігі ретінде Ирак пен Шамдағы Ислам мемлекеті террорлық ұйымының (бұдан әрі –ДАИШ) идеологиясы басқа экстремистік ұйымдарға қарағанда аумақтық тұрғыдан шектелмегенін айтуға болады. Басқаша айтқанда, ДАИШ мақсаты белгілі бір жеке мемлекеттің шегінде үстемдік құрумен шектелмей, жаһандық сипатқа ие болуға ұмтылудан көрініс тапты.
Жалпы, ДАИШ әрекеті мысалында халықаралық терроризмнің таралуының келесідей үрдістері туралы айтуға болады.
- Терроризмнің халықаралық сипат алуы. Мәселен, сарапшылар Сирия мен Ирактағы соғыс оты шарықтаған 2013-2015 жылдары ДАИШ қатарында көптеген елдердің (кейбір сарапшылар 70-тен астам елді атайды) азаматтарының террорлық әрекеттерге белсенді қатысқаны туралы айтады.
- Халықаралық террористік ұйымдардың квазимемлекеттік сипаты. Мәселен, ДАИШ террористік ұйымы жоғарыда аталған кезеңде Сирия, Ирак жерлерінде дербес қаржы-экономикалық жүйелері бар толыққанды құрылымдарды құруға қол жеткізе алды. Бұл террористік ұйымдардың қажетті жағдайда өз қолдарына айтарлықтай қомақты қаржылық және материалдық ресурстарды иелене алатынын көрсетіп берді.
- Террористік ұйымдардың жаңа үлгідегі ақпараттық және әлеуметтік технологияларға ие болуға және оны кеңінен пайдалануға мүмкіндік алуы. Атап айтқанда, ДАИШ террорлық ұйымы өзінің кәсіби негізде құрылған ақпараттық агенттігі арқылы үгіт-насихат және жақтастар жинау жұмыстарына интернет пен әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланды.
Осы ретте, олардың хабар тарату және үгіт-насихат жұмыстары әлемнің бірнеше тілдерінде жүргізіліп, әлеуметтік ортадағы мақсатты топтарға нақты бағытталғанын және өз пәрменділігін көрсеткенін айта кету керек. Бұл, өз кезегінде, ДАИШ лаңкестеріне әлемнің әр түкпірінен көптеген адамдарды идеяларына тартуға зор мүмкіндіктер берді.
Халықаралық терроризмнің өсе түсіп отырған осындай және басқа да мүмкіндіктері қазіргі заманда конфессиялар арасында және конфессиялар ішінде алауыздықтарды тудыруға үлкен сеп болып отыр. Бұл мәселеде өмірдің оң-солын бажайлай қоймаған жас ұрпақтың осынау террорлық ұйымдардың қатарын толтырып отырған санатқа айналуы өте өкінішті жағдай.
Бүгінде өмірлік тәжірибесі жоқ өскелең ұрпақ террорлық ұйымдардың басты нысанына айналып отыр. Бұл әлемдік қоғамдастықтан және әрбір мемлекеттен діни экстремизм мен терроризмнің туындауына түрткі болатын жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған пәрменді тетіктерді жасақтау міндетін алдыңғы қатарға қойып отыр.
Қазақстанда қазіргі күнде осы мақсатта қабылданған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде осы қауіп-қатермен күресуге бағытталған іс-шаралар кешені іске асырылуда.
Елімізде орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жұмыстарын үйлестіріп отыратын Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы жұмыс атқарып отыр. Аталған орталықтың үйлестіруімен мемлекеттік органдар экстремистік және террорлық ұйымдарды анықтау және олардың қызметін тоқтату бойынша тәжірибе жинақтауда. Бұл біздің елімізде терроризмге қарсы күресудің заңнамалық базасын құру және жетілдіру бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, радикалдық сипаттағы діни идеялардың таралуына мүмкіндік беретін факторлардың алдын алу мақсатында дін саласындағы орталық уәкілетті органның, мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті әкімдіктердің, сарапшылар қауымдастығы мен діни бірлестіктердің бірлескен күшімен ақпараттық-түсіндіру және алдын алу сипатындағы жұмыстарды қамтитын кешенді іс-шаралар іске асырылуда.
Бұлардың ішінде азаматтардың дінтанулық, құқықтық және дін саласындағы мәселелер бойынша сауатын көтеру, қоғамда зайырлы құндылықтарды ілгерілету, тұрғындардың бойында теріс идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру, интернет желісінен экстремистік контентті табу мен бұғаттау, азаматтардың елімізде және шетелдерде діни білім алу мәселелерін реттеу, экстремистік әрекеттері үшін жазаларын өтеп жатқан және экстремистік ағымдардан зардап шеккен жандарды оңалту, жастардың арасындағы теріс идеялардың жетегіне еріп кету мүмкіндігі жоғары топтарының әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің шешімін табу, мешіт имамдары мен теологтарға діндар тұрғындар арасында алдын алу және теологиялық жұмыстарды ұйымдастыруға көмек көрсету тәрізді көптеген іс-шараларды ерекше атап өтуге болады.
Қазіргі күнде әлемдік қауымдастықтағы жетекші мемлекеттер мен мүдделі елдердің ортақ күш біріктіруінің арқасында Сирия, Ирак жерлерінде біршама тыныштық орнады.
Қазақстанда террористік ұйым деп танылған ДАИШ содырларының айтқанына еріп, сол елдердің заңды билігіне қарсы жүргізілген соғыстарға қатысқан әр елдерден барған көптеген адамдар мерт болып, қолға түскендері абақтыға қамалуда.
Олардың арасында сол аймаққа «жұмақ» іздеп барған біздің азаматтарымыз да бар. Осы орайда, ДАИШ идеологиясына еліткен азаматтарымыздың соғыс қатеріне өз отбасылары мен бала-шағаларының бастарын тіккенін түсіну қиын.
Әлемнің бірқатар елдері Сирия, Ирак елдерінің заңды билігі орнаған жерлерден өз азаматтарын елдеріне қайта алуға асығатын емес. Әрине, ондай елдердің басқа мемлекеттерде лаң туғызған өз азаматтарын қайтаруға қатысты алаңдаушылықтарын түсінуге де болар… бірақ, бұл мәселенің екінші басында мемлекеттің өз азаматтарына деген жауапкершілігі де тұрғанын түсіну керек-ақ.
Осы орайда, біздің еліміз осы мәселені салқынқандылықпен шешіп, басқа елдерге үлгі болатын қадамға барғанын айта кету қажет. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы ақпан айында «Жусан» операциясын жариялап, соғыс аумағында қалған азаматтарымызды елге қайтару туралы тапсырма берді.
Ақпан айында басталған «Жусан» операциясы одан кейінгі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жалғасын тауып, нәтижесінде еліміздің 500-ден астам қаракөздеріміз елге қайта оралуға мүмкіндік алды.
Қазіргі күнде мемлекет тарапынан соғыс аумағынан шығарылған әйелдер мен бала-шағаларды кешенді оңалту шаралары іске асырылуда.
Бұл мемлекет үшін де, еліміздің азаматтары үшін де сабақ алар жағдай болғаны анық.
Мемлекет алдағы уақытта қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық мәселелерге баса назар аударып, діни радикализмнің және одан пайда болатын шетін идеялар мен әрекеттердің туындауына түрткі болатын алғышарттарға жол бермеуге, ал азаматтарымыз өз орталары мен туған-туыстардың арасындағы көңіл-күйге бейқамдық танытпай, діни сенімге құрметпен қарауды және оны нақты қамтамасыз етіп отырған мемлекет заңдары мен талаптарына құрметпен қарауға басымдық береді деп сенейік.
Мейрам ИМАНБАЕВ,
сарапшы, саяси ғылымдар кандидаты