Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі Хатшылығының ХІІ отырысында қатысушылар бейбітшілікті сақтап, диалог пен өзара құрмет мәдениетін нығайту үшін барлық діни және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдырудың маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге арналған Ізгі ниет елшілері мәртебесі беріліп, оның ережесі белгіленді.
Нақты айтқанда, аталған мәртебеге қазақстандық әнші Димаш Құдайберген, Вьетнам буддисттік сангханың Бас хатшысы, Атқарушы кеңес төрағасының орынбасары Тхить Дык Тхиен, Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның Патриархы ІІІ Теофил, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Әбделсалам және Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Уэллс лайық деп танылды.