Жаратуша Аллаһ біздерге өзге дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болуға үндейді. Бұл жайында мына аятта анық айтылған: «Аллаһ Тағала дін жайында сендермен соғыспаған және үйлеріңнен қумағандарға жақсылық жасауларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Аллаһ турашылдарды жақсы көреді». Берілген аятта өзіне қарсы шықпаған өзге дін өкілдеріне жақсылық жасау керектігі нақты айтылғанын көруге болады. Бұл өз кезегінде Жаратушының адамдар арасындағы қатынасты жақсартуға бағытталған негізгі қағида. Қандай дін өкілі болмасын оған мейірімді болып, шеттетпестен әділдік таныту нағыз мұсылмандықтан. Ардақты пайғамбардың (с.а.у.) өзі мұсылмандық кең қанат жайғаннан кейін өзге дін өкілдеріне зәредей зиянын тигізбей қол астында панада ұстаған. Оларға барыншы адами тұрғыда құрмет көрсетіп, әділдік принціпін алға тартқан.
Осындай пайғамбарды (с.а.у.) үлгі тұтқан сахабалардың бірі Омар ибн Хаттабтың мысалын тілге тиек етелік. Бір күні сахаба Амр ибн А’с мысырлық бір қыптимен [1] жүгіруден жарысқа түседі. Артта қалып қойған Амр ибн А’с: «Мен секілді ұлылардан сен артық емессің», деп әлгі қыптиды қолындағы аса таяғымен бір қояды. Мұндай жағдайға қапа болған қыпти дереу халифа Омар ибн Хаттабқа шағымданады. Халифа екеуін алдына шақыртып қыптиден жаза ретінде Амр ибн А’сты асамен ұруды талап етеді («Бәдәи уа санаи» кітабынан). Осылайша мұсылмандар әділдіктің шынайы бейнесі адамның дініне, даңқы мен беделіне қарамайтынын тағы бір дәлелдейді. Соған байланысты жер бетінде жүздеген жылдар билік құраған, түрлі дін өкілдерін қамтыған Осман империясының бейбіт қоғамы қашанда Құран мазмұнымен ұштасып отырған. Ол уақытта мұсылмандар қол астында өмір сүрген түрлі ұлт өкілдері бейбітшілікте, тыныштықта ғұмыр кешкенін ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, мұсылмандар қашан да өзге ұлттар мен дін өкілдеріне әділдік танытқандығына тарих куә.
Дайындаған Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ
[1] Қыпти (Копты) – Мысырдың ежелгі христиан діні өкілдері