Бүгінгі таңда еліміздің әлеуеті артып, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда жетістікке жетіп, әлемдік саясат алдында беделінің өсуіне елдегі ішкі тыныштық пен тұрақтылықтың маңызы зор. Күн сайын түрлі елдердегі ұлтаралық, дінаралық алауыздықтар, түрлі лаңкестік әрекеттер мен дін атын жамылған экстремистік топтардың әрекеттері орын алып отырған оқиғалармен салыстыра келе, ел ішіндегі тыныштық еліміздің басты жетістіктері екендігін мойындауға болады. Әйтсе де еліміз бұл мәселеден оқшау қалған емес. Өйткені діни экстремизм мен терроризм қаупі тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде қашан болса да өзекті болып қала бермек. Осындай өзекті тақырыпты деструктивті, радикалды, діни экстремистік ұйымдардың діни идеологияларының қауіптілігі, олардың идеяларының таралуының алдын алу, конфессияаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін зерттеуге Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жаңа серпін беріп отыр. Материал Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен ұйымдастырылған байқауға қатысу мақсатында дайындалған.
Көпұлтты, көпконфессиялы елімізде діни жағдайдың тұрақтылығына қарамастан, діни ахуал әрбір саналы азаматтың әрқашан назарында болуы тиіс. Өйткені күнделікті қоғамдық қатынастарда діни ұстанымның ерекшеліктері мен әртүрлі қырлары жарыққа шығып жатқандығын байқауға болады. Қазіргі кезде жастардың көп отыратын платформаларында, әлеуметтік желілерінде дін идеологияларын насихаттаушы блогерлердің саны артуда. Оқырман саны көп болған сайын, оған еліктейтін, рухани білімге қызығушылық танытатын да жастар көбеюде. ҚР-ның діни қызмет және діни бірлестік туралы заңында ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдени дамуы мен рухани өміріндегі алатын орны айқындап көрсетілсе де, өкінішке орай дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастарымыздың саны артпаса, кемімей жатыр. Қоғамдағы ахуалға лаңкестік шабуыл немесе террорлық акт болса ғана ден қою жеткіліксіз. Мәселенің тек салдарымен ғана емес, себебімен күресу қажет.
Тұрақты діни жағдайды қалыптастырудағы маңызды факторлардың бірі ретінде халықтың, оның ішінде жастардың дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерге деген қызығушылығының күн санап артып келе жатқандығын айтуға болады.
Халық арасында діни сенімді, дінді дұрыс түсінуді қалыптастыру және конфессияаралық келісімді нығайту жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Себебі, бүгінде деструктивті ағымдар радикалды діни идеяларын таратуда. Олар қоғамның рухани, ізгі құндылықтарын, халықтың қалыптасқан өмір- салтын, мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзуға тырысуда.
Деструктивті діни ағымдар идеологиясының беделін түсіру үшін ең алдымен олардың өз мақсаттарын орындау үшін жасалатын әрекеттерін, әдіс-тәсілдерін анықтап, соған сай қарсы әрекет ету қажет. Деструктивті діни ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Әлем бойынша осындай ұйымдарға қосылушылардың 80%-дан астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар. Радикалды ағымдар көбінесе жастар арасында кең қолданысқа ие «Facebook», «Вконтакте», «Youtube» «Одноклассники», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok» әлеуметтік желілерін кеңінен өз мүдделеріне сай пайдалануда. Деструктивті діни ағым өкілдері жасөспірімдердің назарын аудару мақсатында түрлі форматта контент жасап жатыр. Әсіресе, жастардың арасында танымал болған «Tiktok» әлеуметтік желісі – өз насихаттарын оңай жүргізу үшін қолданатын таптырмас құралдарының бірі. Діни сипаттағы контентті дайындап, таратушылар, негізінен олар террористік ұйымның соғыс алаңдарында жүрген адамдары емес. Олар – өздерінің деструктивті дiни ағымдарының идеологиясын ұстанатын, әлемнің қай жерінде болса да ғаламтор арқылы үгіттеп отырған жақтаушылары. Жихадшы-террористердің күнделікті өмірін жақсы қырынан көрсетіп, жоғарғы сапада жасалған әсерлі бейнероликтері арқылы өздеріне өзгелердің назарын аудартқызып, тіркелушілерінің санын арттыруда. Бұған еліміздегі экстремизм баптарымен темір торға қамалғандардың басым көпшілігі осы әлеуметтік желілерде ақпарат тарату жұмыстарымен белсенді айналысқандығы дәлел бола алады.
Елімізде жалған экстремистік ұйымдардың қызметіне, бұқаралық ақпарат құралдарында уағыздарын таратуына тыйым салынса да, «Youtube» сияқты жастар көп қолданатын ресурс қорында, сайттарда теріс, адамды адастыратын уағыздардың саны өте көп, әрі ол кез келген адамға қолжетімді. Шетелге жиһадқа аттанып жатырған отандастарымыздың барлығы да жалған идеологиямен және оның өкілімен де ғаламтор арқылы танысқан. Ғаламтордағы теріс уағыздардың қолжетімді болуына шектеу қойылмайынша, өкінішке орай жастардың санасы улана бермек.
Әлеуметтік желілердегі тағы бір ұсынылатын контенттер қайырымдылық жасау, өз парақшаларында Құран аяттары мен сүннет амалдары, сауда саласында жарнамалар және т.б. тақырыптар аясында болады. Аудитория саны көбейгеннен кейін өздерінің уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуді бастайды. Олардың материалдары бір қарағанда көзтартарлық, кез келген адамның қызығушылығын бірден арттырады. Әрине мұндай конттенттер бір қарағанда экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақырып, насихаттамауы мүмкін. Бірақ олардың астыртын мағыналарын діни білімі жоқ жастар түсінбейді. Сол себепті де білімсіздік, теріс ақпарат, дәстүрлі дін туралы дұрыс көзқарастың қалыптаспауы – жастардың радикалдық ағымдарға өтіп кетуінің басты себебі. Сондықтан, көшеде тегін таратылатын материалдарды, кітапшаларды, дінтанулық сараптамадан өтпеген кітаптарды, діни әдебиет сатуға рұқсат беретін арнайы лицензиясы жоқ дүкендерден де кітап алмаған жөн.
Дәстүрлі исламды білгісі, ұғынғысы, үйренгісі келетін жастарымыздың басым көпшілігі ғаламтор желілеріне үңіледі. Осыдан келіп жастардың қалыптасып келе жатқан сана-сезіміне, жүйкесіне, жан дүниесіне әсер етіп, ұлттық рухани тұрғыдан жетілуіне, дамуына айтарлықтай зиянын тигізетін жайттардың алдын алып, ғаламтор пен әлеуметтік желідегі парақшаларды қатаң қадағалап, дәстүрлі ислам дініне қарсы келетін желілерді бұғаттап, үнемі бақылауда ұстау керектігі туындауда.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды ұлықтау жастарды деструктивті ағымдардан құтқарып қалудың бір тәсілі болып табылады.
Жалпы қазіргі таңда елімізде деструктивті діни ағымдар идеологиясының беделін түсіру және дәстүрлі құндылықтарды насихаттау мақсатында көптеген мәдени, кешенді іс-шаралар, шеберлік сағаттар үздіксіз өткізіліп жатқанында айта кету керек. Осындай мән-мағынасы зор іс-шаралардың өткізілуі деструктивті діни ағымдардың беделін түсіруге өз септігін тигізері анық. Өйткені адамдар рухани азықты осындай ұлттық дәстүр, өнер арқылы алатын болса, өзге жерден рухани білім іздеп, рухани аш болмас еді.
Қазіргі таңда халықты радикалды діни идеологияның қауіптілігі жөнінде хабардар ету мақсатында Дін істері басқармасының, ақпараттық-түсіндіру орталықтарының сарапшылары, дінтанушы профессор мамандарының әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандықтарын байқап, көріп жүрміз.
Жалпы деструктивті, радикалды діни ағымдардың идеяларының қауіптілігі жайында халыққа тек хабарлап қана қоймай, ол ақпараттарды өмірлік тәжірибеде қолдануына жағдай жасау керек. Яғни, жастардың сыни-ойлау, салыстыра білу қабілетін ашып, дамыту қажет. Өйткені адам кез келген бір діни ақпарат естігінде оны дұрыс немесе бұрыс екендігін салыстыра отырып, анықтап, зерттеп барып ақпаратты қабылдауы керек. Халықтың діни сауатын арттырып, білімін жетілдіріп, жалған исламдық діни ағымдарға ілесіп кетуіне жол бермей, олардың қазақ қоғамына қаншалықты зиян жақтары бар екендігін ашып айтып түсіндірген дұрыс. Өйткені қазіргі таңда адамдар әлеуметтік желіде атақты әрі оқырман саны көп белгілі бір тұлғаның дін туралы айтқан ақпараттарын дұрыс болса да, дұрыс емес болсада оны дұрыс деп қабылдап жатыр. Бұл да бір қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.
Барлық адамзат тарихында экстремизм және терроризм көріністерімен барлық әлем елдері дерлік кездесті. Сондықтан да бұл мәселе қоғам мен мемлекет тарапынан ешқашан назардан тыс қалмайды.
Діни экcтремизм мен терроризмге қарcы күреcудің бірден-бір тиімді жолы – ол діни ағартушылық жұмыcтарын ары қарай дамыту, діни үгіт-наcихатты тиімді жүргізу. Өзінің дәстүрлі дінін, оның рухани және мәдени қайнар көздерінің негізін, бейбітшілдікті насихаттайтынын түcініп, cезінген, оның тек ізгілік пен қайырымдылық жаcауға үгіттейтін уағыздарының түбіне терең бойлаған жан ешқашан экcтремиcтердің құрбанына айнала алмайды, олардың торына түcе қоймайды.
Бұдан бөлек жастардың, адамдардың жалған экстремистік топтарға тартылуының басты себебі ретінде әрине алдымен діни білімсіздік, әлеуметтік, материалдық жағдайдың төмендігі, жалған ағымдарға қарсы тұру иммунитетінің әлсіздігі, шектен тыс діни фанатизм, сананың улануы, жалған ұйымдардың ғаламтордағы уағыз-насихаттарының белсенді жүргізілуі, кек алушылық, отбасылық махаббатты, жылулықты сезінбеу, рухани аштық сияқты тағы басқа жағдайларды айтуға болады.
Тағы да назар аударарлық мәселе, радикалды топтың идеялары мен діни экстремизмнің қауіп-қатерін халыққа түсіндіру, халықтың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі ислам дініне негізделген қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтарын, насихаттау, жастардың барлық салада білімін жетілдіруге, мәдени өмірге, спортқа және бос уақытты тиімді өткізуге үлкен мүмкіндіктер жасау, еңбекпен және жұмыспен қамту, жастардың баспана мәселесін шешуге көмек көрсету, қазақстандық қоғамдағы отбасы құндылықтарын дәріптеу, республикадағы қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатын кез келген экстремистік көріністерге жастардың қарсы тұра білуі үшін ақпараттық алдын алу жұмыстарын заман талабына сай, жастардың қызығушылын арттыратындай форматта, платформаларда жүргізу қажет.
Шынайы иcлам мен жалған иcлам атын жамылған экстремистік ағымдардың арасын ғылыми түрде ажырата отырып, алдағы уақытта діни экcтремизммен күреcті жалғаcтырып, жаcтарды құқықтық және діни тұрғыдан cауаттандыру, діни ағартушылық бағдарламалар даярлау, орта және жоғары білім беру жүйесінде керекті шараларды жетілдіре түcу қажет. Сонымен бірге, жалған ұйымдарға жол бермеу үшін салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызға сай келетін, көптеген ғасырлардан бері дін исламды дәріптеп, уағыздауда дұрыс бағыт беретін Ханафи мазһабының негіздерін қайта жандандыру керек.
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін сақтаудың ең тиімді үлгісі – зайырлы білім және ұлттық тәрбие. Дін саласындағы ең басты міндет – мемлекетіміздің дамуының зайырлы қағидатын қамтамасыз ету және нығайту. Демек, азаматтардың ар-ождан бостандығына кепілдік беру, оның дінді таңдау еркіндігіне немесе діннен бас тарта алу құқығын қамтамасыз ету зайырлылық модельдің айнымас негіздері ретінде қала береді. Қоғамымызда берік орныққан конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту – дін саласын реттейтін органдардың және әрбір ел азаматтарының басты міндеті.
Мемлекет қоғам сұранысына сай зайырлылық қағидаттарын заман талабына сай жетілдіріп келе жатса да, дегенмен де халыққа зайырлылықты жете түсіндіру үшін қоғамдық шараларды көбірек өткізуге деген қажеттіліктің бар екендігі аңғарылады. Өйткені, зайырлылықты қоғамға түсіндіру жұмыстары үнемі жаңашылдықты талап етеді.
Көпэтникалық, көпконфессионалдық Қазақстан үшін этникааралық, конфессияаралық келісімді сақтап қалудың қаншама маңызды екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі Қазақстан этникааралық және конфессияаралық келісім мен диалогтың моделін қалыптастырып, діни догмалары бір бірінен ерекшеленетін түрлі дін өкілдерінің басын бір ортада қосып, еркін диалог құрудың үлгісін көрсетіп келе жатқандығын ерекше атап өтуге болады. Біз күллі әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Қазіргі кездегі жүргізіліп жатырған, ары қарай да жүргізіле беретін күрделі жұмыстардың еліміздің тұрақтылығы үшін жемісті боларына сеніміміз мол.
Әйгерім САГНАДИНА