Діннің адамзат өмірінде атқарған орны мен рөлі ерекше. Тіпті адамзат тарихы дінсіз болмаған десек артық айтқандық болмайды. Әртүрлі сенімдік кезеңдерді басынан кешірген бұл қоғам қазірде діннің қоғам өміріндегі орны мен мәнін жетік түсінетін шағына жетуі қажет еді. Алайда бұл толығымен жүзеге аспады.
Оның басты себептерінің бірі ғылым мен діннің жеке дара қарастырылуы. Діндарлар да өз кезегінде дінді жеке-дара сенім тетігі ретінде ұстанып, дінилік және дүнияуилік, осы дүниелік және о дүниелік ретінде құндылықтар мен ұстанымдарды көлуге құштар.
Әсіресе ХV-XVІ ғғ. дейін өркениет пен мәдениеттің озық үлгісін көрсеткен ислам әлемінің қазіргі кейпі аянышты. Оның басты себебі, мұсылмандардың исламның қабығына жармасып, оның ішкі мәнінен, мазмұнынан алшақтауы болса керек. Ғылым мен дін ажыраған сәттен бастап ислам о дүниелік дінге айналды деуге болады. Қазір де көптеген діндарлар басқаларды бағалауда олардың сыртқы формасына көбірек көңіл бөледі.
Әрине, іш пен сырттың белгілі бір байланысы бар. Дегенмен, сыртқы формаға ғана жармасқан діни ұстанымда ешқандай алға жылжушылық болмасы анық. Қазіргі білім мен технология заманында мұсылмандардың артта қалуының астарында да осы жәйт жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтің да атап көрсеткеніндей ИЫҰ-на мүше елуден астам елдің ішінен әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің арасында бір мемлекеттің болмауын басқа ешқандай уәжбен түсіндіре алмасымыз анық.
Ал, тек сыртқы қабыққа жармасқан жерде діндарлықтың да құны ештеңеге татымайды. Оның үстіне тек сыртқы көрініске дұрыс көзқарас болса бір сәрі, әртүрлі салт-санаға еліктеудің нәтижесіндегі қол жеткізген көріністер қазіргі әлемге исламды құбыжық етіп көрсетуде алдына жан салар емес. Өкінішке қарай, біздің елімізді де бұл үрдіс айналып өтпеді. Қазіргі кезде тарихымызда болмаған әралуандықтың ішінде дінге де салтқа да жанаспайтын киім үлгілері мен өмірлік ұстанымдарды көріп жатырмыз.
Негізінде қандай да бір сыртқы көріністің астарында ішкі идеология, дүниеге көзқарас жатқаны ақиқат. Дегенмен зайырлылықты ұстаным ретінде таңдаған еліміз, адамдардың ішкі көзқарасымен діни, теологиялық тұрғыдан күресе алмайтындықтан сыртқы формаға қатысты нақты талаптар қойып отыр. Солардың бірі қазіргі ұсынылып отырған заңдарға өзгерістердің ішінде Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне енгізіліп отырған мына бір талап: 156-бап. Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасының талаптарын бұзу 3. Қоғамдық орындарда деструктивтік идеологиялық ағымдарға қатыстылықты көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім үлгілерін қолдану (киіп жүру) және тарату, жеке тұлғаларға жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады делінеді.
Осы талап қолданысқа енгізілгеннен кейін діни көзқарасты желеу етіп бүркеніп жүргендер мен радикалды ағымдарға қатыстылықты білдіретін белгілер бойынша азаматтарға шаралар қолдыналатын болады. Бұл теріс ағымдардың қатарында жүргендердің қатарын сейілтпегенімен жалпы адамдарға қауіп төндіретін жағдаяттардың алдын алуға мүмкіндік туғызатын болады.
Еліміз үшін жат саналатын әртүрлі киім формалары (никаб, паранжа, чадра т.б.) шариғаттың да талабына жатпайды. Оның үстіне біздің еліміздегі әйелге деген салт пен көзқарасты, басқа елдердегі әйел түсінігімен шатастыруға болмайды. Әйелді адам есебіне қоймау, оларға құқық бермеу, бет-аузын тұмшалап, қоғамнан бөліп тастау біздің сан ғасырлық тарихымызда болмаған жағдай. Сондықтан діндарлық киім үлгісімен өлшенбейтіндігін әрбір саналы діндар түсінуі қажет.
Асылбек Снадин