Деструктивті діни ағым – қарамағына қосқан адамдардың санасы мен еркіне толық бақылау орнатуға тырасатын жалған діни ұйым. Олардың негізгі белгілері мен ерекшеліктері қандай?
Мамандардың айтуынша, теріс діни ағымдардың мынадай айрықша белгілері болады:
Біріншіден, сіз олардың тобына кіргенде осы уақытқа дейін таппаған нәрсені тапқаныңызға сендіргісі келеді.
Екіншіден, ресми ақпарат көздеріне, оның ішінде діни бірлестіктерге жүгінуге тыйым салады.
Үшіншіден, сізге өмірде жетіспейтін нәрсені нақты білетіндеріне сендіреді.
Төртіншіден, олармен алғаш рет кездесудің өзінде өмірге мүлдем жаңа көзқарас қалыптастыруға тырысады.
Олар тұлғааралық қарым-қатынастарын, сондай-ақ киім үлгісін, ішетін асын, басқаша сөйлеу үлгісін нақты регламенттей отырып, өздерін басқа әлемнен алшақ ұстайды.
Олар сіздің бұрынғы таныстарыңызбен байланысыңызды үзгеніңізді қалайды, өйткені олар сіздің дамуыңызға кедергі келтіреді-міс. Сіздің барлық уақытыңызды тапсырмалармен толтырады, атап айтқанда: белгілі кітапты оқу немесе сату, топтық оқулар (курстарға/медитацияға қатысу), жаңа мүшелерді тарту, тағы басқалар.
Егер сіз олардың әрекеттеріне күдіктене бастасаңыз, уәде етілген сәттілік болмаса, онда үнемі сіздің өзіңізге кінә артады. Өйткені жеткілікті тырыспадың, әрекет жасамадың деп айыптайды.
Деструктивті діни ағымдарға енудің салдары қандай? Адам өзінің қалай «қуыршаққа» айналғанын түсінбей қалады, олардың басқаруымен жүреді. Өзінің жеке басының құндылықтарын жоғалтып, олардың ұжымынын мұң-мұқтажымен жүреді, «мен» деп емес, «біз» деп қана біледі.
Адам ақыры өзінің сыни ойлау қабілетін, пікірін жоғалтады, өзін-өзі тануын тоқтатады, психологиялық тұрғыдан ол үлкен ұжымдық ағзаның бір бөлігіне айналады.
Бұл жағдайда олардың мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін, шынайы діни құндылықтарынан ақырын айырып, теократиялық басқару формасын орнату мақсатында өздерінің теріс пиғылды, мемлекеттік төңкеріске алып келуі мүмкін идеяларын миларына қондыруға жағдай жасайды.
Бұл деструктивті діни ағымдар белгілерінің бір бөлігі ғана. Хабардар болып жүріңіз. Хабардарлық – қажетті ақпаратпен қаруланғандық.
Жасұлан БАҚЫТБЕК