Дәстүрлі құндылықтарға арқа сүйеген дін адамдарды бөлмейді, қайта біріктіруші рөл атқарады. Яғни, қоғамда түрлі әлеуметтік статусқа бөлінген жандарды ортақ наным-сенім арқылы біріктіреді. Сол арқылы жамандықтан тыйып, жақсылыққа үндейді. Десек те, өкінішке қарай, дінді қоғамды бөліп, адамдар арасында араздық отын ушықтыруға пайдаланушылар да бар. Мұндай дін атын жамылып, жымысқы әрекетке баратын топтарды – деструктивті діни ағымдар немесе ұйымдар деп қарастырамыз.
Әңгіменің әлқисасын деструктивті діни ағымдардың анықтамасынан бастап, термин сөз ретінде мағынасына үңілсек. Латын тілінен аударғанда «destructio» сөзі бүлдіру, залал келтіруге ұмтылу деген мағына береді екен. Яғни, бұл топтың басында отырғандардың көздегені қоғамдағы ынтымақтастық пен келісімді бұзып, адам өміріне залал келтіру. Ол үшін түрлі қадамдар жасалып, ауқымды жұмыс атқарылатыны жасырын емес. Бұл ретте, деструктивті діни ағымдарды таратушылардың адам психологиясын терең меңгергені және өздерінің жымысқы әрекеттері үшін нейро-лингвистикалық бағдарламалау тәсілдерін кең көлемде қолданатынын да атап өткен жөн. Мақсатына жету жолында олар дәстүрлі діндердің атын жамылады. Сырт көзге тақуа, діни қағидаларға берік адамдар болып көрінуі де бек мүмкін. Бірақ, басты айырмашылығы сол – дінді тар аяда, біржақты түсіндіріп, барынша қатаңдады. Қажет болған жағдайда діни ұстанымдар мен қағидаларды өздерінің қалауына сай бұрмалап, түсіндіре береді. Өздерінің бұл әрекеттері ашылып, псевдодіни ұйым екендері білініп қалмауы үшін, көбіне дәстүрлі діннің ғалымдарынан алшақ болуға тырысады. Жақтаушыларынан да соны талап етіп, мешіттерден, шіркеулерден барынша алыстатады. Кей жағдайда дәстүрлі діннің ғалымдарын жамандап «Олар адасқан, білімсіз, бізден өзге ешкімді тыңдама, теледидар көріп, газет-журнал оқыма» деген ұстанымдарды да таңуы мүмкін.
Адамдардың сеніміне кіру үшін эмоционалдық көңіл-күйді дөп басып, сендіруге тырысады. Бұл туралы еуропалық әлеуметтанушы У.Мартин өзінің «Культтер патшалығы» еңбегінде «Деструктивті культ – жақтаушыларын толық бақылауда ұстап, оларды шағын топтың басқаруында ұстайды» деген анықтама берген. Яғни деструктивті культ өкілдері ең алдымен алдарына келген жамағаттың бұған дейін сеніп, ұстанып келген дүниелерін жоққа шығаруға, сол арқылы рухани жұтаңдыққа алып келуге ұмтылыс жасайды. Бұл ретте оларды жақындарынан, отбасы мен ортасынан айыруға әрекет жасайды. Өйткені, адам өмірінің басым бөлігінде сеніп келген дүниесінен, арқа сүйер жақындарынан алыстаған соң, зомби тәрізді хәлге түсіп, жаңадан қосылған ортасынан айырылып қалмауға күш салады. Сәйкесінше, жаңа ұстаздарының айтқанына көніп, айдауына жүреді. Мұндай адамдарды басқару да айтарлықтай оңайға түсері анық.
Иә, сырт көз дәстүрлі дін мен деструктивті ағым өкілдерін бірден аңғара алмауы мүмкін. Өйткені, көп жағдайда деструктивті ағым өкілдері өздерін дін ілімінің ғұламасы, шынайы тақуа ретінде ұстануы және айналасына ізгілік нұрын насихаттаушы болып көрінуі мүмкін. Дей тұрғанмен, олардың деструктивті бағытта екенін аңғаруға болатын бірқатар сипаттары бар. Мәселен, деструктивті культтерде лидер бар. Оның айтқан әр сөзін жақтаушылары құдай сөзіндей қабылдап, берген пәтуасына құлай сенеді. Сонымен қатар, мұндай ағымдар үлкен бір отбасын еске түсіреді. Олар сыртқы қоғам үшін жабық, өздерінің ішкі ережелеріне берік. Кейбір деструктивті ағымдарда қауым мүшелері өздерінің жеке мүліктерін, көліктері мен үй-жайларын да құрбан етіп, басшыларына жазып беретін жағдайлар тіркелген.
Әлемдік діндердің тарихына зер салсақ, олар бастауын белгілі бір географиялық аумақтан алады. Кейін жаңа елдерге, өңірлерге тарала бастаған тұста толығып, сол халықтың мәдениетіне, дәстүріне бейімделіп отырғанын көруге болады. Мәселен, қазақстандықтардың жетпіс пайызға жуығы ұстанатын ислам дінін алып қарайықшы. Бабаларымыз исламды қабылдаған соң өзінің дәстүрлі танымын тәрк еткен жоқ. Қайта оны ислам шарттарымен үндестіріп, дінге қайшы келмейтін сипатта қолдана бастады ғой. Егер қазақы пайымдағы салт-дәстүрді толық зерделейтін болсаңыз, оның шариғатқа мүлдем қайшы келмейтінін аңғаруға болар еді. Мұны дін ғалымдары да талай мәрте айтып, дәлелдеп берген. Сөйте тұра, деструктивті діни ағым өкілдері қазақы мәдениетті түбегейлі жоққа шығарып, ширк амал ретінде суреттейді. Неге? Өйткені, сол арқылы соңынан ерушілерді ұлттық құндылығынан, рухани жадынан айыруды көздейді. Әрі қоғамға жік салады. Қазір де аңғарып отырғанымыздай, деструктивті ұстанымдағылар мен дәстүрлі ұстанымдағылардың арасы алшақтап, араздық пайда бола бастаған. Туған ата-анасынан, аға-бауырынан баз кешіп кеткендер көп. Немесе ұстанымына бола қарапайым қоғамға сіңе алмай, көпшіліктен шекқақпай қалып қойғандар да бар. Мұның бәрі қоғам тыныштығының бұзылуына, тұрақсыздықтың өрістеуіне алып келетін қатерлі факторлар.
Ата заңымызда «Қазақстанның басты байлығы – адам және оның құқығы мен бостандығы» екені жазылған. Яғни, осы елде туып-өскен әрбір адам ұлтына, нәсілі мен діни сеніміне қарамастан – мемлекет үшін бағалы. Сондықтан да, елде дәстүрлі құндылықтарды ұлықтау, жат ағымдардың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Әр аудан-қалада ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, халыққа қажет мағлұмат ұсынып, абайсызда адасып кеткен жамағатты оңалтуға күш салуда. Мұндай жұмыстар өзінің оң нәтижесін де беретіні анық.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ
Ақпараттық-тұсіндіру тобының мұшесі
Теміртау қаласы