Сенат отырысында депутат Әли Бектаев өзінің депутаттық сауалында Наурызды мерекелеудің қазақстандық дәстүрін нығайту үшін идеологиялық негіз қалыптастыруды және ілгерілетуді ұсынды.
Депутат 3 мың жылдық тарихы бар Наурызды БҰҰ Бас Ассамблеясы мойындағанын және адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізгенін атап өтті. Қазақстан үшін бұл мереке ерекше маңызға ие.
«Халқымызда Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні деп айтылады. Дәл осы күндері бітелген бұлақтардың көзін ашып, жерге тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Егіске шығып егін егіп, малмен айналысатындар төл алуға кірісіп Жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан. Яғни Наурыз халқымыздың нағыз рухани және еңбек мерекесі. Сондықтан Наурыз – біздің ұлттық идеологиямыздың негізі болуы керек. Президентіміз айтқандай, Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символына айналуы», – деді Әли Бектаев.
Наурыз мейрамы ынтымақтың, жаңару мен жаңғырудың символына айналуы үшін сенатор осы мерекені дәріптеуге және оны тойлау дәстүрін ілгерілетуге ықпал ететін жалпы ұлттық тұжырымдама қабылдауды ұсынды. Депутат Наурыз қарсаңында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау және көмек көрсету бойынша бүкіл халықтық шараларды бастауды ұсынды. Еңбек адамдарын марапаттау және олардың жетістіктерін насихаттау да маңызды. Сенатордың ұсыныстарының ішінде бұл күндері соғыстан зардап шеккен елдерге гуманитарлық көмек көрсету де бар.