Депутат Ернұр Бейсенбаев балаларға қарсы қылмысқа барғандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру керектігін айтып, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы халқына Жолдауында да кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап ететінін айтқан болатын.
Өкінішке қарай, күн сайын балаларға қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстар туралы жаңалық оқып жан-дүниеміз бен сана-сезіміміз сансыз соққылар алуда. Бұл қылмыстар әлемнің басқа түкпірінде болып жатқан жоқ. Өзіміздің елде, өз балаларымызға қарсы болып жатыр. Халықтың назары мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек. Жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2 000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика, – деді депутат Мәжілісте.