Құдай өзі түзу жолға салғысы келген сияқты. Бұрын жұмыс істеп жүргенде де қарық қылғаным шамалы еді, үнемі ішіп жүретінмін. Әрине алқаш болған жоқпын,бірақ сонда да жұмыстағы жігіттерге қосылып алып көп ішетінмін. Бойымда иман мен ұяттың ұшқыны болғанымен әлсіз еді, шайтан азғырғанына еріп кетіп жүрдім.Тауық бағып көп ақша тапқанмен, сауық қудым. Қой бағып ақша тауып той тойлап жүрдім. Қысқасы ақшаның да,басқаның да қадірін біле қоймадым.
Жұмыссыз қалып едім әр тиынның қадірін біле бастадым. Кітап оқуға уақыт мол болды. Діни кітаптарды оқи бастадым. Біраз сүрелер мен дұғаларды жаттап алдым. Аллаға сыйынып нәпсіңді тыйып, жаман әдеттерден аулақ жүрсең жолыңды Алла өзі оңғарады екен. «Жолымды аштырамын» деп құмалақшыларға барудың қажеті жоқ. Жолыңды ашатын, жамандықтан сақтайтын дұғалар бар. Әруақтарға құран бағыштап, жұма намазына қатысып жүру керек екен. «Тәубеге келсін, түзелсін» деп жұмыссыз қалдырды ма деп те ойлаймын. Енді жұмысқа тұрсам ішуден, жаман әдеттерден аулақ болып тапқанымды игі істерге жұмсаймын ба деп отырмын. Ащы суды тартуды қойдым. Барлық қазақтың ұл-қыздары ойланса екен, түзелсе екен, жаман қылықтардан аулақ болса екен деп тілеймін. Елдің болашағы жастар ғой. Сәбилер мен мектеп оқушылары осы жастарға қарап бой түзейді.
Дәулет СЕРІКБАЙ, Астана қаласы