Сұрақ: Ғаламтор желісінде дәстүрлі уағызшы мен «псевдоуағызшыны» қалай ажыратуға болады?
Жауап: Бүгінде ғаламтор желісінде дін уағызшылары мен насихатшыларының артқаны байқалады. Олардың ішінде дұрысы да бұрысы да бар. Енді бұларды қалай ажырата аламыз? Себебі дін үйренуді көздеген азамат үшін діни уағызшының кім болуы өте маңызды. Ол үшін кейбір жағдайларды білгеніміз артық емес.
Біріншіден, дінді мешіттен немесе арнайы діни оқу орындарынан барып үйренген дұрыс. Кейін ҚМДБ мақұлдаған дін уағызшыларын ғана таңдау керек. Олардың тізімін, аты-жөндері мен қызметтері жайында мәліметтерді ғаламтор желісінен іздеп табуға болады. Себебі бұл ақпарат желіде бірнеше мәрте жарияланды. Бұған қоса дәстүрлі уағызшылардың есімдерін Қазақстан аймағындағы мешіт имамдары мен қызметкерлерінен де сұрап білу мүмкіндіктері бар.
Екіншіден, дәстүрлі діни уағызшылардың бейне роликтері, үгіт-насихаттары muftyat kz., kazislam kz., muslim kz., сияқты т.б. қалалық және аудандық мешіттердің элоктронды сайттарында жүктеулі. Қалаған уақытта сол сайттарға кіріп имамдардың және сол уағызшылардың уағызын тыңдай аласыз.
Үшіншіден, шет мемлекет азаматтарының уағыздарын тыңдауға сақ болу керек. Бұлардың қатарына тек шетел азаматтары емес, діни көзқарастары үшін Қазақстан жерінен депортацияланған азаматтар да кіреді. Өйткені кейбір адамдар сыртта отырып дінді жамылып ел ішінде тұрақтылықты бұзуды қалайды. Сөйтіп, әр мәселеде (намаз, ораза, неке, талақ және т.б.) түрлі пәтуа береді. Мұны естіген мешіт жамағаттары белгілі бір діни мәселеде бір бірімен келісе алмай бөліне бастайды. Мешітте татулық пен бірлік бұзылады. Сондықтан да дінге қатысты барлық мәселеде ҚМДБ-ның пәтуалары мен шешімдері алынып, сонымен жүру керек.
Төртіншіден, дістүрлі діни уағызшылардың насихаты мүмкіндігінше халықтың сал-дәстүрімен сабақтасып отырады. Халықты ынтымақ пен бірлікке, татулық мен бейбіт өмірге шақыру мазмұны қамтылады.
Бесіншіден, «псевдоуағызшылар» көп жағдайда бір жақтылықпен, өзге дін өкілдеріне қаттылық танытып, қоғамда тек мұсылмандар жасауы керек деген ойға алып келеді. Қажет болса қолға қару алып, жүйені күшпен өзгертуге шақыратындары да болады. Қазақстан мемлекетінен «мұсылман» мемлекетіне хижрат етуге шақырады. Өзін және жақтастарын ғана мұсылман санап, басқаларды күпірлікке жатқызады және т.б. Мұндай белгілер байқалған насихатшыдан қабырғаңды аулақ ұста.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Пайдалы ақпарат үшін рақмет. Рет -ретімен түсінікті жазылған