Сұрақ: Сақалды адам қылмыс жасаса, көп адам жаһанға жар салып, оны дәстүрлі исламмен байланыстыруға жақын тұрады. Неліктен?
Жауап: Бүгінде дін мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қоғамда түрлі сенім мен дін өкілдері өмір сүреді. Олардан басқа дінді құптайтындар және дінге қарсылары да бар. Әсіресе кейінгі кезде қазақ халқына Абайдың, Шәһкәрімнің емес, тәңіршілдік секілді (бұл сенім жүйесіне қатысты берілген белгілі дін мамандары мен теолгтардың сараптамалық қорытындыларымен ашық ғаламтор желісінде танысуға болады) сенімді ғаламтор желісінде кеңінен насихаттап жүрген азаматтар исламафобия (исламды жек көру) тудыру үшін мұндай әдістерді жиі қолданады.
Оларға тарихи һәм мәдени қалыптасқан ислам құндылықтары немесе оны ұстанатын мұсылман халықтарының (қазақ, ұйғыр, өзбек, тәжік, дұнған, башқұрт, түрік, татар, күрд және т.б.) намысы, тарихы мен мәдениеті маңызды емес. Бастысы исламды қаралау және өздерінің сенім жүйесін насихаттау. Ол үшін ойдан шығарылған көптеген дүниелерді айтып, дінде қасиетті саналатын рәсімдер мен рәміздерді мазақ етуге күш салады.
Ал енді дәстүрлі исламнан алшақ, жат пиғылды, деструктивті діни ағым өкілінің жасаған қылмысын «ислам осындай», «мұсымандық осыған шақырады», «дін дегенің осы», «арабтың діні» деген секілді сөздерді қолданып, бұқараға ислам туралы теріс мағлұмат беру арқылы өздерінің қатарына тартуды көздейді.
Әйтпесе діннің тек жақсылыққа шақыратынын әрбір сауатты азамат жақсы білсе керек.
Ондай топтардың бұл әрекеті қоғамдағы тұрақтылық мен бейбіт өмірдің негіздеріне сызат түсіретін секталардың әдістеріне ұқсайды. Өйткені секталар да өздерінен басқаларды жат санап, қоғамды «біз» және «басқалар» деп екі топқа бөледі.
Өкінішке орай кейінгі уақытта ғаламтор желісінде, әсіресе facebook парақшаларында осы мазмұндағы материалдар жиілеп кетті. Бірақ, бұл тенденцияны сараптап, зерделеп отырған арнайы институттардың да бар екенін естен шығармаған мақұл.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ