Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы мешітінде 22 ақпан күні «Отпан» ақпараттық түсіндіру және оңалту орталығы» ҚҚ директоры, РАТТ мүшесі Азамат Тулеповтың қатысуымен жамағат арасында «Дәстүрлі ислам және зайырлылық құндылықтар» тақырыбында семинар өтті.
Семинар барысында 30-дан аса жамағатқа дәстүрлі ислам құндылықтары жайында жан-жақты түсіндіріп, діндарлық пен зайырлылықты бір үйлесімде ұстай білу дәстүрлі исламның бағыты екенін жеткізді.
Діни радикалдану – қоғам мен дәстүрден, ғылым-білім мен мәдениет, өнерден ажыраған кезде бірден пайда болатын құбылыс.
Қазақ халқының ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтары мен әдет-ғұрыптарын теріске шығару, діни көзқарастарына сай келмейтіндерді адасқандықпен кінәлау, зайырлы-демократиялық билік жүйесіне ашық немесе жасырын түрде қарсы шығу, зайырлы елді – кәпір елі деп түсіну, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік таныту, дін жолын толық ұстанбайтын мұсылмандарды дінсіздікпен айыптау – радикалды ағымдағылардың негізгі белгілері болып табылады.
Ал еліміздегі мұсылмандардың басын біріктіру, ел игілігі мен бірлігін нығайту және ортақ мақсатта болу басты құндылығымыз. Дана халқымызда «Байлық байлық емес, бірлік байлық» деген қанатты сөз бар.
Ислам діні бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамда ынтымақ пен бірлікті ұстануға шақырады.
Кездесу соңында РАТТ мүшесі А.Тулепов жамағаттың көкейінде жүрген әртүрлі сұрақтарына нақты жауап беріп, алдағы уақытта дәстүрлі ислам түсінігін әрі қарай нығайту керек екенін айтып өтті.