Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.
Тарих беттерін ақтарып отырып басқыншы елдердің, бодан жұрттың ұлттық айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Яғни оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.
Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды.
Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады.
Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының бірі болып саналады.
Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған («Ағраф» сүресі, 199-аят).
Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды.
Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мәзһабтардың имамдары қолдайды.
Терминдерге түсініктеме
Асылында, біз қарастырып отырған қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп негізі шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді. Енді осы сөздердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып анықтамасын айқындап алайық.
Ғұрып қазақша «ғұрып» сөзі «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.
«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». (Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет; Әл-Журжанидің әт-Тағрифат кітабы)
«Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді.
Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген.
«Дәстүр» сөзі де арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады (Әл-Муғжамул-уасит).
Бұл сөздің осынау терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп мынадай ой түюге болады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді.
Бұл жерде айқындап алуға тиісті бір мәселе бар. Әдетте, қазақ тілінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген сөз тіркестерінің мағынасы бір, негізінен, халық арасында қалыптасқан, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданатын мәдени ерекшеліктер ретінде қарастырылады. Ал шариғаттағы әдет, ғұрып сөздері салт-дәстүрмен бірге адамдар арасында сіңісті болып қалыптасқан әдеттерді, үйреншікті дағдыларды, ұғымдар мен сөздерді де қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман заңнамасындағы әдет, ғұрып терминдерінің мағыналық аясы кең, жалпылық мәнге ие. Қазіргі араб тілінде халық арасында қалыптасқан салт-дәстүрлер, ұлттық құндылықтар туралы «адат уа тақалид», «турас шағби» деген сөздер де қолданылады.
Адамдар арасында дағдыға айналған шариғат шартына қайшы келмейтін істер шариғи үкімдерді белгілеуде мұсылмандық заңнаманың екінші дәрежедегі қайнар көзі ретінде қарастырылады. Шариғат үкімдері алынатын басты қайнарлар Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті екендігі белгілі. Аталмыш мәндегі ғұрыптар фиқһ ілімінде тармақты үкімдерді белгілеуде заңды дәлел ретінде алынады. Пайғамбар (с.ғ.с.) мен сахабалары белгілі бір мәселеге үкім шығарғанда кейде халық арасында қалыптасқан ғұрыптарға да сүйенген.
Шариғат саласында сондай маңызға ие болған әдет-ғұрыпқа фиқһ негіздері ілімінде арнайы терминдік анықтама берілген.
Абдулла ибн Ахмад ән-Нәсәфи өзінің әл-Мустасфа атты еңбегінде былай дейді: «Ғұрып пен әдет дегеніміз адамдардың көңілдерінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».
Ханафи мәзһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді» (Ар-Расаил, 2-том). Демек, шариғат қабыл алатын ғұрып, әдет дегеніміз адамның табиғатына танымал, ақыл да, заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер.
Әдет-ғұрып жалпы және жалқы болып екіге бөлінеді. Жалпы әдет-ғұрыптарға әртүрлі аймақтарда өмір сүретін мұсылман халықтары арасында белгілі бір уақытта қалыптасқан ортақ танымал әдет-ғұрыптар жатады. Мысалы, үйлену, талақ, сауда, қолөнерге қатысты әдет-ғұрыптар. Ал жалқы әдет-ғұрыптар дегеніміз белгілі бір қаланың не аймақтың адамдарына ғана таныс әдет-ғұрыптар. Мысалы, қалыңдық мәһрін белгілеудегі аймақтық ерекшеліктер, ақша бірлігі, салмақ, ұзындық өлшеміндердегі айырмашылықтар.
Әдет-ғұрып сипаты жағынан іс-әрекет һәм сөз түріндегі болып екіге бөлінеді. Әрқайсысының анықтамасы төмендегідей.
«Іс-әрекет түріндегі ғұрып, дағды дегеніміз адамдардың өзара қарым-қатынастары мен іс-әрекеттерінде дағдыға айналған танымал істер. Мысалы, адамдардың «сатып алдым», «саттым» деген сөздерді айтпай-ақ, сауданы қолма-қол жасауды әдет етуі» (Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 55-бет).
«Сөз түріндегі ғұрып немесе үрдіс дегеніміз белгілі бір адамдар тобының бір сөзді белгілі бір мағынада айтуға дағдылануы. Сол сөзді естіген кезде ойға аталмыш мағына ғана түсуі керек. Мысалы, дирхемді ақша мағынасында қолдану» (Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 54-бет; Әт-Тақрир уат-тахбир, 1/282).
Сол сияқты қазақ тілінде намаз дегенде құлшылықтың еске түсуі, Алла, Құдай, Тәңірі дегенде жалғыз Жаратушы Хақтың еске түсуі, теңге дегенде ақшаның еске түсуі, палау дегенде күріштен жасалған тағамның еске түсуі сияқты. Ал оларды осы қалпынан өзгертудің еш қисыны жоқ.
Адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.
Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар» («Рум» сүресі, 22-аят).
Ғұрыпты дәлел ретінде қарастыру
Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мазһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шариғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар Құран Кәрімдегі «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деген аятты алға тартқан. Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді.
«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман».
Ханафи мазһабының ғалымы Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді:
Ғұрыптың шариғатта орны бар,
Кейде үкім соған орай орнығар.
Малики мазһабының өкілі Ибн Асим әл-Андалусий өзінің «Муқ-тада әл-уусуул илә илм әл-усуул» атты кітабында былай дейді:
Ғұрып – іс қой адамдарға танымал,
Әдеттің оған ұқсастығын танып ал.
Екеуі де шариғатқа енер ендеше,
Мәні қиғаш болып егер келмесе.
Ғұрыптың шариғаттағы шарттары Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:
- Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.
- Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.
- Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.
Әдет-ғұрып – төреші
Мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде العادة محَكَّمة «әл-ъаада мухаккама» деген заңнамалық қағида бар. Мағынасы «әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады дегенді білдіреді. Демек, кейбір кезде салт-дәстүр, ғұрыптар заңды дәлел ретінде қарастырылады. Бұл ереже фиқһ ілімі ғұламалары түзген, мақұлдаған аса маңызды қағидалардың бірі болып саналады.
Ижма және ғұрыптың айырмашылығы
Ғұрып пен ижма екеуі де шариғаттың қайнар көздері болып саналады. Алайда ижма шариғат негізі ретінде ғұрыптан гөрі ілкімді дәлел. Өйткені ижма дегеніміз мүжтәһид ғұламалардың бір ауыздан келіскен ортақ шешімдері. Ал ғұрып озық ойлы ғұламаларды да, қарапайым ауам жұртты да қамтитын ортақ танымал істер. Ижма шариғат ғалымдарының бір ауыздан келісуінен шығады. Ал ғұрып әр елде әрқалай. Сондықтан ижма ғалымдардың белгілі бір мәселені шұқшия зерттеп, терең ізденуінен шыққан ортақ шешімі болса, ал ғұрып адамдар арасында қалыптасқан кәдуілгі үйреншікті іс-әрекет.
Әдет-ғұрыптың өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі
Әдет-ғұрып заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс. Сондықтан да фиқһ ғұламалары әр заманға және қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сай кейбір тармақты үкімдердің өзгеріп отыратындығын айтқан. Осы себепке байланысты түрлі мәселелерге пәтуа беретін шариғат ғалымынан өзі отырған аймақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетінен толыққанды хабардар болуы талап етіледі.
Мысалы, қалыптасқан жағдайға қарай мешіттегі қызметкерлердің, имамдар мен азаншылардың, ұстаздардың жалақысын садақадан түскен қаржыдан бөлуге болады. Мұндай шешім қазіргі заманымызда қалыптасқан жағдайға байланысты шығарылған. Өйткені бұрынғы замандарда мұсылман елдеріндегі мешіт қызметкерлеріне бәйтул-малдан, яғни мемлекет қазынасынан жалақы белгіленетін.
Ал қазіргі кезде ондай тәртіп жойылғандықтан дін қызметкерлері айлық нәпақасын садақадан түскен қаржыдан айыруға мәжбүр. Сонымен қатар, ақша түрлерінің, атауларының, өлшем бірліктерінің өзгеруімен де пәтуалар қайта жазылады. Яғни бұрынғыдай дирхем, динарды халық түсінбейтін болғандықтан, олардың орнына теңге өлшемі қолданылады, қадақ, сағ, пұт, муд, батпанның орнына грамм, килограмм өлшемдері қолданылады.
Заманға қарай шешімдердің де өзгеруі Ислам шариғатының қатып қалған дүние еместігін, уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыратын әмбебап заңнамалық жүйе екендігін дәлелдейді.
Дәстүр мен діннің айырмасы
Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады.
Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни діні. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады. Ал халық дінін ұмыта бастағанда сол діннен қалған сарқыншақтар әдет-ғұрыптарда ғана көрініс береді.
Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық шырмауында болған қазақ халқы осы отаршылықта болған басқа да түркі мұсылман халықтары сияқты асыл дінінен алыстай бастады. Отаршылардың басты мақсаты отарланған елдің байлығы мен халықтық ресурстарын өз қажетіне асыру екендігі бесенеден белгілі жайт. Ал сол мақсатқа жету үшін отарланған халықты төл дінінен, әдет-ғұрып, салт-санасынан, тілінен, мәдениетінен жұрдай ету қажет. Әйтпесе, өздерінің кім екендігін жадынан шығармайтын жұрт түптің түбінде тәуелсіздік жолында аянбай күресері хақ.
Сол сияқты қазақ халқы да отарланған ел ретінде талай зобалаңды бастан өткерді. Алдымен дінін насихаттауына қатаң түрде тыйым салды. Сосын бірте-бірте тілі де шеттетіле берді. Сөйтіп, өзінің діні мен тілінен бейхабар, өзгенің сойылын соғуға әрдайым дайын тұратын мәңгүрттер тобы пайда бола бастады. Сондай алмағайып заманда діннен «ата-бабамыз мұсылман болған» деген ұғым мен кейбір кәлима-сөздер ғана қалды. Кеңес билігі діни ұғымдар мен терминдердің барлығын адыра қалған архаизмдерге айналдыруға тырысып, оларды ескішілдік белгісі деп түсіндірді.
Сөйтіп, Құдайды мойындамайтын атеизм ілімін идеологиялық арқау еткен коммунизм мұраттарына бейімделе бастаған жұртта ендігі жерде діннен тек салт-дәстүр мен адамгершілік принциптері, ұлттық ерекшеліктер ғана қалды.
Әлхамдулилла, Құдай Тағаланың қалауымен дербестікке қол жеткізген соң сол сақталып қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сананы қайта жаңғырту негізінде ғана қайтадан толыққанды ұлт болып қалыптасып келе жатырмыз. Кеуіп кеткен арналарға су келіп, қайтадан дарияға айналып жатқан заманды бастан кешірудеміз. Қазақ ұлтының қайта түлеу кезеңіне куә болудамыз.
Елбасымыз бір сөзінде «Адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жатады» деді. Расында да, санада сақталған салт-дәстүрдің орны ерекше. Тағы бір түсінгеніміз, дәстүр мен мәдениет діннің ықпалымен дамып, өзіндік өң қалыптастырады. Тілдің дамуына да діннің тигізер әсері мол. Қазірде біз діни нанымы әлсіз болған халықтардың дәстүрімен бірге тілінің де жойылып, ақырында ұлт ретінде жер бетінен мүлде жоғалып жатқанына куә болып отырмыз.
Қорыта келгенде, дін – дәстүрдің таразысы. Ал иләһи уахидың негізінде бекітілген діни рәсімдерді әдет-ғұрып деп есептеуге болмайды. Өйткені олар Алла Тағала тікелей әмір еткен амалдар. Ал салт-дәстүр адамдардың арасында көп әдеттенгендіктен пайда болған дағдылар.
Салт-дәстүрлер заманына қарай өзгереді. Мысалы, қазақ жерінде кезінде ғұмыр кешкен тайпалардың салт-дәстүрлері бөлек болғаны анық. Ал сол халықтардың жалғасы болып саналатын қазақ халқының нанымы мен танымы, салт-санасы Ислам дінімен бірге қабыса дамыды.
«Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деп құрметті Елбасымыз атап өткендей, қанша ғасырлар өтіп, қаншама қоғамдық формациялар өзгерсе де, діни құндылықтар сол күйі қалады да, ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз ауысып отырады.
«Дін мен дәстүр» кітабынан