Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен 25 қазан Ұлттық мереке қарсаңында «Дәстүр керуені» атты ұлттық ойындардан сайыс өтті.
Қазақтың ұлттық ойындарынан өткізілген сайыстың ашылу салтанатында алғысөз сөйлеген Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Бас мүфти Наурызбай қажының ыстық сәлемін жеткізді. Сайысқа Нұр-Мүбарак Египет ислам университетінің ректоры Ахмед Хусейн Мұхаммед Ибраһим және зиялы қауым өкілдері, мешіт ақсақалдары мен жамағаттары және қала имамдары қатысты.
Алматы ипподромының атшабарында өткен сайыстың салтанатты ашылуында «Топжарған» этно-мәдени орталығының өнерпаз ұл-қыздары ат үстінде найза-шоқпар, садақ атумен өнер көрсетті. Сондай-ақ жиналған қала тұрғындары мен қонақтары көкпар, қазақша күрес, қол күрес, гір тасын көтеру, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ сынды спорттық ойындар сайысын тегін тамашалады. Ипподромның кіреберісінде халал өнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ұлттық киімдер ерлер шапаны, кимешек, орамал, бас киімдері және заманауи үлгідегі ұлттық киімдерді дәріптеп жүрген атақты дизайнерлердің топтамалары ел назарына ұсынылды. Сәні мен сапасы жоғары қазақы киімдерді киіп көріп, сол жерде сатып алуға мүмкіндік алды. Көрмеде ағаштан ойып жасалып, нағыз шебердің қолынан шыққан түрлі домбыралар, темір ұстасы жасаған бұйымдарды тамашалады. «MUFTYAT» баспасынан шыққан кітаптар да көрмеге көрік қосты. Ал басты ерекшелік Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолымен VR технологиясы арқылы танысуына мүмкіндік берілді. Цифрлық даму бағытымен виртуалды көзілдірік арқылы Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылған сәтінен бастап өмір тарихына қысқаша мазмұнда шолу жасалынған. Көрермен ерекше әсерлерімен бөлісіп, жаңа технологиялы жаңалыққа ризашылықтарын жеткізді.
Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Дәстүр керуені» ұлтық ойындардан сайыстың басты мақсаты – халық арасында дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу, ел бірлігін сақтап атадан аманат боп қалған ұлан байтақ жеріміз бен дәстүрлі дінімізді сақтап, салт-дәстүрімізге берік болуға шақыру.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі