Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаевпен Құрбан айт мерекесіне орай сұхбат.
– Құрбан айт мерекесінің мұсылмандар үшін мәні мен маңызы қандай?
– «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» дегенді білдіреді. Шариғаттағы мағынасы: құрбан шалып, Алланың мейіріміне бөлену.
Құрбандық туралы сахабалар Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Құрбандық шалудың мәні қандай?» деп сұрағанда ол: «Бұл Ибрахим бабаларыңның сүннеті, шалған малдарыңның әр тал қылына сауап аласыңдар», – деп жауап берген. Сондықтан құрбандық шалу атаулы құлшылықтардың бірі болып саналады.
– Құрбандық шалу кімдерге уәжіп (міндетті)?
– Мына сипаттарға әрбір мұсылманға құрбан шалу уәжіп:
– Мұсылман болу;
– Балиғат жасына толған болу шарт;
– Сапарда болмауы;
– Күнделікті қажеттіліктерінен тыс нисап мөлшеріне (85 г алтынның құны) қаражатының болуы.
– Құрбандыққа шалынатын малды қалай таңдаймыз?
– Қасиетті мерекеде амалдың қабыл болуы үшін екі шарты бар. Біріншісі – ниет, екіншісі – сүннетке сай болуы.
Құрбандыққа төрт түрлі малды шалу қажет. Олар: бір жасқа толған қой мен ешкі, екі жасқа толған сиыр және бес жасқа толған түйе.
Құрбан шалу туралы хадисте айтылғандай, малдың бойында мына кемшіліктер болмауы тиіс: соқыр болуы, көзге білінетіндей арықтығы, ақсақтығы және қандайда бір ауру жұқтырғандығы. Осы аталған кемшіліктер болған жағдайда құрбандық қабыл болмайды.
– Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты биылғы құрбан айт қалай өтеді?
– Қасиетті мерекеде айт намазы бұған дейін жамағатпен оқылатын. Енді бұл ғибадат жергілікті жерлердің эпидахуалына байланысты өтпек. Тұрғындар ҚМДБ-ның qurban20217.kz атты арнайы сайтында малды таңдап, онлайн тапсырыс беру арқылы құрбан шалуларына болады. Осы орайда, көмекке мұқтаж отбасылар сол сайтқа өтініш беру арқылы көмек алуларына болады.
– Құрбандыққа шалынған малдың етін қалай үлестірген жөн?
– Сүннет бойынша шалынған малды үш бөлікке бөлген жақсы. Бірінші бөлігін өз үйіне қалдырып азық қылады, екінші бөлігін туған-туыс, көрші-көлемге таратады және үшінші бөлігін мұқтаж жандарға үлестірген абзал.
– Құрбандық шалудың уақыттарына тоқталсақ?
– Мұсылмандар таңертенгі айт намазына дейін ғұсыл алып, хош иісті әтірлерін сеуіп, таза киіммен керемет көңіл күйде қасиетті мерекеге дайындалғаны абзал.
Құрбандық шалу уақытына келер болсақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтуы бойынша таңертең айт намазы оқылып болғаннан кейін мал шалу рәсімі басталады. Намазға дейінгі шалынған мал құрбандықтың қабыл болмауына әкеп соқтырады.
Айт намазынан бастап үшінші күні күн батуға жақын уақытқа дейін құрбан шалу рәсімі жалғасады. Осы аралықта мұсылмандар бір-бірін мерекемен құттықтап, керемет көңіл күйде өткізгені жөн.
– Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ердәулет КӘКІМЖАНОВ,
Қызылорда облысының Дін істері басқармасының
Дін мәселерін зерттеу орталығының маманы