Қазақ жеріне ислам дінінің келгеніне, қанат жайғанына он екі ғасырдан астам уақыт өткенін тарихтан білеміз. Осынша уақыт бойы мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен және ұлттық менталитетімізбен біте қайнасқан ислам бүгінде дәстүрлі дінімізге айналғаны рас. Сондықтан қазақ халқының исламды ұстану жолы біреу, ол – ислам діні. Оның негіздері өзгермейді, бұлтармайды һәм тұрақты. Яғни, реформаланбайды. Ал, адам ағзаларын ауыстыру, донорлық, пластикалық ота жасату, несие карталарын қолдану сияқты т.б. кейбір мәселелер заманның талабына сай пәтуалана береді.
Неге дәстүрлі деп атаймыз? Өйткені, бабаларымыз исламды географиясына, салт-дәстүріне, менталитетіне сай келетінін түсінді. Діннің қағидалары, яғни шариғат жақсы істерге әркез рұқсат етеді ғой, тек құраннан, хадистен тыйым салынбаса болғаны. Әйтпесе, харам, мәкрүх болып кетеді. Сондықтан, ислам – кез келген халытың әдет-ғұрпына қысым жасамайтын, барлық уақытқа, кезеңге арналған сондай ауқымы кең дін. Жаңа айтқанымдай, белгілі әдеп-ғұрпы шариғат негіздеріне қайшы келмесе, оны қолдануға дін рұқсат береді. Мысалы, қазақ халқында жеті атаға жетпей қыз беріп, қыз алмау дәстүрі бар. Тектілікті осылай сақтау исламға дейін болған дәстүр. Ал мұны асыл дініміз де қолдады. Неге? Өйткені, қанның араласпауын сақтаған жөн, қан жақындығынан болатын аурулардың алдын алған дұрыс. Бұл турасында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) «Қалыңдығың алыстан болса, әсілі, туыстық болмаса (қанның сақталуына жақсы) қайырлы» дейді. Демек, жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алмау исламға қайшы келмейді. Міне, дәстүрлі дін дегеніміз – халықтың салт-дәстүрімен сабақтасқан исламның таза формасы. Сол сияқты жеті шелпек жасап садақа ретінде тарату, үлкенді құрмет қылып төрге шығару, келіннің құрмет ретінде ата-енесіне иіліп сәлем салуы ислам қағидаларына қайшы келмейді.