Жақында көпшілік талқыға салған отбасы мен бала заңына қарап, ізі суымаған, сиясы әлі кеппеген жыныс ауыстыру туралы заңды неге ешкім елемеді? Неліктен көпшілік назарынан тыс қалды деген орынды сұрақ ойға еріксіз оралады.
Біздің тізгін ұстаған басшылар кейде батыстың таңсығын аламыз деп қаңсығын алып кете ме деймін. Мұхтар ағамыз атпақшы, құдды бір «цивилизация» емес, «канализацияға» түсіп кеткендей боласың. Таң қалатын жағдай, өзіміздің заң мен ережеге қанық сан ғасырлық тарихымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, асыл дініміз бола тұра, басқа елден бірдеңені тықпалаймыз да жатамыз.
ҚМДБ бұрын да өз пәтуасын беріп қойған, осы жолы да үзілді-кесілді қарсы екенін бірден білдіріп, позициясын айқындады. Бірақ, «дін мемлекеттен бөлінген» деп ол пәтуаға пысқырып қараған біреу болмаған сияқты.
«Батырлар сөйлескенде, жылқылар шетте жайылып жүреді» демекші, осындай ірі адамдар заң шығарып жатқанда біз, қарапайым халық сыртта, тасада жүреміз-ау. Ислам шариғаты бойынша, арақ пен зина секілді ақпен қараға баттастырып жазылған тыйымдар қатарына да жыныс ауыстыру да жатады.
Бұл керітартпа заңның шығуына 18 миллион адам ішінде 12 адамның жыныс ауыстыру үшін жазған өтініштері себеп болыпты-мыс. Қашаннан бері мұндай азшылықтың дауысы естілетін болған, көпшілікке қарамай.
Бұл нәрсенің діни, рухани және моральдық тұрғыда үкімі айдан анық. Енді медициналық жағына қарайық.
Өз тәжірибемде ең алғаш жыныс ауыстырған науқастың біреуін емдеп көрдім. Сонау 90-жылдары жыныс ауыстырған адамның сол мезеттен бастап денсаулығына зиян тиіпті. Отадан кейін асқынуы бірден бүйректен басталған көрінеді. Ол кеселіне байланысты сұрастыру барысында белгілі болды.
Кейін басқа да ішкі ағзалары зақымданып, қарны шар болып ісіп, аяқтары домбығып, ақыр соңы жантүршігерлік ажалмен аяқталды. Байғұстың соңғы өмірі мен өлімін өз көзіммен көріп, мұндай әрекеттің арты жақсы болмайтынын сол кезде көкейіме түйген едім. Пышақ тиген жер оңбас деген содан шығар.
Менің ойымша, осы жасалып жатқан заңсымақтардың бәрінің астарында бір бәле бар сияқты. Астыртын, алдымен жыныс ауыстыруға рұқсат етілсе, артынан балаға арнайы заң шықса, оған тіпті ата-анасы да қарсы бола алмаса, әліптің арты не болмақ, болашаққа балта шабудың бір саясаты емес пе?
Сіз не дейсіз, оқырман?
Данияр АСЫЛБЕКОВ,
дәрігер-блогер, теолог,
«Ислам және медицина» кітабының авторы