Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, қазіргі күні әлемде семіздік мәселесі эпидемия деңгейіне жеткен. Ересек адамдардың 30%-дан астамы артық салмақ арқалап жүр. Осы орайда біз еліміздің ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бас маманы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Татьяна Слажневаны әңгімеге тартқан едік.
– Татьяна Ивановна, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, соңғы 36 жылда әлемде артық салмақтан зардап шегетін адамдардың саны екі еседен астам өскен екен. Ал біздің елімізде бұл мәселе қаншалықты өзекті? Өсу қарқыны байқала ма?
– ДДҰ-ның 2022 жылы жариялаған жаңа баяндамасында еуропалық аймақта артық салмақ пен семіздіктің таралуы эпидемия деңгейіне жеткені және әлі де өсу қарқынын сақтап отырғаны айтылған. Олардың дерегінше, Жер шарындағы әрбір төртінші тұрғын семіздіктен зардап шегеді. Әр 10 жыл сайын артық салмағы бар адамдар қатары 10 пайызға арту үстінде.
Біздің еліміз де бұл кеселден дін аман емес. Қазақ тамақтану академиясы жүргізген зерттеу көрсеткендей, елдегі ересек адамдар арасында (15 жастан жоғары) әйелдердің шамамен 29,7%, ерлердің 33,9%, яғни үштен бірі артық салмаққа ие. Балаларға келсек, біздің ұлттық орталық жүргізген COSI зерттеуінің деректері бойынша 2020 жылы 6 жастан 9 жасқа дейінгі балалардың 20,6%-да артық салмақ бар болып шықты. Әсіресе ұл балалар арасында көбірек. Соның ішінде ауылдық жердегі балалармен (17,5%) салыстырғанда, қалада тұратын балалар арасында семіздік көрсеткіші (23,1%) анағұрлым көп. Бұған қалалық жердегі артық тамақтанумен бірге, қимыл-қозғалыстың аздығы да себеп болып отыр.
Жалпы алғанда семіздіктің себептері жетіп артылады. Олардың қатарында іс-қимылы аз өмір салты, тамақтану ерекшелігі, ағзаға қажетсіз тағамды тұтынуы секілді жайттарды айтуға болады.
– Біздің білуімізше, семіздіктің адамға тигізер зардаптары көп. Тыныс алудың қиындауы, қозғалысқа кедергісін келтіруі, тағысын тағылар. Бұдан басқа қандай қатерлерін айтар едіңіз?
– Өзіңіз айтқандай, ондай адамдар шынында тыныс алуда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Артық салмақ өкпеге және көк етке (диафрагма) қосымша күш түсіреді де, бұл қалыпты тыныс алуға кедергісін келтіретіні сөзсіз. Ал бұл өз кезегінде адамның тез шаршауына, дене белсенділігінің төмендеуіне және күнделікті тіршілікте түрлі шектеулерге себеп болады. Мамандар артық дене салмағы өмір сүру ұзақтығын орташа есеппен 7 жылға қысқартады дейді. Жыл сайын әлемде кем дегенде 2,8 миллион ересек адамның семіздік салдарынан қайтыс болатыны сөзімізге дәлел.
Нақты мысалдарға жүгінсек, қант диабеті ауруының 44%-на, жүрек ишемиялық ауруының 23%-на және қатерлі ісік түрлерінің 7%-дан 41%-ға дейінгі жағдайларына семіздік пен артық салмақ себеп болады. Сонымен қатар артық салмақ атеросклероз, гипертония, инфаркт, инсульт, асқазан-ішек патологиясы, артрит, репродуктивті қызметтің бұзылуы және басқа да көптеген аурулардың өршуіне түрткі болуы мүмкін.
– Жоғарыда сіз қалалық жердегі адамдарда қимыл-қозғалыстың аздығы семіздікке алып барып жатқанын айттыңыз. Бұдан бөлек тағы қандай жағдайларды айта аласыз?
– Иә, қимыл-қозғалыстан бөлек, тамақтану ерекшелігі мен режімінің бұзылуы да артық салмақ қосуға ықпал етеді. Мәселен, көмірсу, май, тұз, тәттілер және алкогольді ішімдіктерді шамадан артық тұтыну, сондай-ақ түнде тамақ ішу секілді жағдайлар бар. Гипотиреоз, гипогонадизм, инсулинома және Иценко-Кушинг ауруы сияқты кейбір эндокриндік патологиялар да салмақ қосуға әсер етеді.
Тамақтану мәселесіне келсек, калорияларды, қанттарды, қаныққан майларды және тұзды шамадан тыс тұтыну – семіздіктің пайда болуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Ал тағамдық заттардың барлығынан (ақуыздар, көмірсулар, майлар, витаминдер, минералдар) бірдей мөлшерде құралған, яғни әртүрлі тағамдарды қамтитын «теңдестірілген тамақтану» қалыпты салмақ пен денсаулықты сақтауға көмектеседі. Жемістерді, көкөністерді, дәнді дақылдарды, ақуызға бай тағамдарды (ет, балық, жұмыртқа, бұршақ дақылдары) жеткілікті мөлшерде тұтыну, сондай-ақ жануар майына, қантқа және тұзға бай тағамдарды шектеу салмақты тиісті шамада ұстаудың пайдалы жолы. Әрбір адам өзінің ішіп-жейтін тағам мөлшерін бақылай отырып, тұрақты режімде тамақтануы тиіс.
– Біздің білуімізше, семіздік кейде тұқым қуалайтыны бар. Яғни генетикалық фактор да рөл ойнайды. Жалпы туғаннан семіруге бейім адамдар артық салмақ қоспау үшін не істеуі керек?
– Мамандардың пікірінше, семіздік жағдайларының 98%-ы өмір салтын дұрыс ұстанбау, дене белсенділігінің төмен болуы және дұрыс тамақтанбау салдарынан орын алады. Қалған 2%-ы ғана зат алмасудың бұзылуынан, эндокриндік патологиядан (қалқанша безі, бүйрек үсті безі, гипофиз, қыздардың аналық бездері), кейбір дәрі-дәрмектерді ұзақ уақыт қабылдаудан (гормондық препараттар, антидепрессанттар) және тұқым қуалау жолымен пайда болады.
Иә, бұл саладағы зерттеулер де генетикалық фактордың метаболикалық үдерістерге, тәбетке, майдың жиналуына және салмақ қосуға әсер ететінін көрсетеді. Дегенмен, генетика семіздіктің жалғыз себебі емес әрі оны дұрыс тамақтану және саламатты өмір салтын ұстану сияқты сыртқы факторлармен өзгертуге болады. Өзіңіз айтқандай, генетикалық тұрғыда семіруге бейім адамдар калорияны аз тұтынып, спортпен жиі айналысу арқылы арықтауға мүмкіндігі бар. Осы жерде айта кетейін, арықтау үдерісін маманның бақылауымен жүзеге асырған абзал. Сонда қол жеткізілген нәтижені сақтау оңай әрі артық салмақтан денсаулыққа зиянын тигізбей арылуға мүмкіндік мол.
– Семіздікті бүгінгі заманның кеселі деп айтып жатырмыз. Оның алдын алу үшін балаларымызды жастайынан аз тамақтануға және көп қимылдауға дағдыландырғанымыз жөн. Осы орайда сіз қандай кеңес айтар едіңіз?
– Қазір балаларға гаджеттер қатты әсер етіп жатыр. Олар компьютер мен телефон алдында ұзақ уақыт қимылсыз отырумен қатар, әлеуметтік желіде жылтыңдап шыға беретін зиянды өнімдердің агрессивті жарнамасына да тез сенгіш келеді. Мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге фаст-фуд, түрлі кондитерлік өнімдер мен газдалған тәтті сусындардың коммерциялық жарнамалары ерекше әсер етеді екен. Қайта өңделген құнарлығы жоғары мұндай өнімдердің құрамында қант, тұз және май шамадан тыс көп болады, сонымен қатар биологиялық құндылығы өте төмен. Өйткені өңдеу барысында олар баланың денесінің қалыпты өсуі мен дамуы үшін өте қажет дәрумендерден, тағамдық талшықтардан және басқа да пайдалы биологиялық белсенді заттардан айырылады.
Сондықтан ата-ананың міндеті – баланы ерте жастан бастап дұрыс тамақтануға үйретіп, іс-қимыл белсенділігін арттыруға тиіс. Тұтынатын тағамындағы қант мөлшерін азайту арқылы рацион құнарлығын қалыпты деңгейде ұстау (тәттілер, газдалған тәтті сусындарды ішкізбеу, бала кезінен су ішуге үйрету), фаст-фуд, шұжық, сосискаларды, консервіленген өнімдерді шектеу, рационға майсыз ет, балық, табиғи қышқыл сүт өнімдерін қосу, жемістер мен көкөністерді, бұршақтарды, дәнді дақылдарды және жаңғақтарды көбірек тұтынуға үйрету керек.
Осы орайда менің айтарым, жемістер мен көкөністерді және суды әрдайым балалардың көз алдына қойыңыз. Теледидар мен компьютер алдында, смартфон немесе басқа да гаджеттерді ұстап отырып тамақ ішуге рұқсат бермеу керек! Кішірек тәрелкелерді пайдалану арқылы баланың тамақтану мөлшерін азайту қажет. Жастайынан оларды қимыл-қозғалысты көп жасауға, спортпен шұғылдануға дағдыландырыңыз. Сонымен бірге олардың ұйқыға жату режімін қатаң сақтаңыз! Адам бойындағы артық салмақтың болуы ұйқының аздығымен де байланысты екені дәлелденген. Жас балалар кем дегенде 9 сағат ұйықтауы керек. Осы ережелерді бұлжытпай орындап, саламатты өмір салтын ұстансаңыз, өзіңізді де, балаларыңызды да денсаулыққа зияны бар семіздік секілді кеселден сақтай аласыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Жасұлан БАҚЫТБЕК