Сұрақ: Ислам мұсылмандарды дәретпен жүруге үндейді. Не себепті?
Жауап: Негізінде мұсылман намаз оқыған уақытта немесе Құран оқығанда дәретті болуы шарт. Пайғамбар (с.ғ.с.) намаз бен дәрет арасындағы байланысты былай түсіндірген:
«Жұмақтың кілті – намаз. Намаздың кілті – дәрет» (Термези, Ахмад).
Бұған қоса мұсылман адам мүмкіндігінше таза һәм дәретті жүруге тырысады. Себебі ислам дәретті болуға жігерлендіреді. Мысалы, пайғамбардың (с.ғ.с.) дәрет алу жайында айтқан сүйінші хабарларының бірі:
«Дәрет алатын дене мүшелерімізді үш рет жақсылап жуатын болсақ, онда бұдан бұрын жасалған кіші күнәларымыз кешіріледі» (Мүслим 229, 245).
Алланың елшісі (с.ғ.с.) келесі хадисінде былай деген:
«Дәрет алып жатқанда қолдарымызды жуған кезде, қолымызбен жасаған күнәлар төгіледі. Жүзімізді жуған кезде, көзбен жасалған күнәлар ағып кетеді. Аяқтарымызды жуған кезде, аяқпен жүріп жасалған күнәларымыз ағып кетеді» (Мүслим 244).
Хадистерден көргендей, Ислам – көркем әрі таза дін. Шындығында, дәрет алғанда адам тек дене мүшелерін жуып қана қоймай, кіші күнәларынан да тазаланады. Сонымен қатар, Алланың елшісі (с.ғ.с.) дәреті бола тұра дәретін қайтадан жаңартқан мұсылман, он рет игі іс жасағанмен тең сауап алатыны жайында хабар берген (Әбу Дәуіт, Термези).
Мұны естіген әрі иман келтірген мұсылманның жиі дәрет алуының сыры да осында жатса керек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ