Құранда «Мәида» сүресі 6-аятта: «Уа, иман еткендер! Намазға тұратын кезде беттеріңді, шынтақпен қоса қолдарыңды жуыңдар! Басқа мәсіх тартып, аяқты тобықпен қоса жуыңдар!» деп бұйырылған. Аятта айтылғандай, дәрет алу кезінде аяқ тобықпен қоса жуылуы қажет. Дәрет алу кезінде аяқтың тобықпен бірге жуылуы Құранның осы аятымен парыз болып бекітілген. Тобықтың да жуылуы парыз екеніне ғалымдар да бірауыздан келіскен. Әбу Дәуіт пен Дарақутниде айтылған хадисте хазірет Осман (р.а.) дәрет алып аяқтарын жуғаннан кейін: «Алла елшісінің осылайша дәрет алғанын көрдім» дегені айтылады. Аяқты тобықпен қоса жууға қатысты Әбу Хұрайраның жеткізген хадисінде: «…кейін балтырына жететіндей етіп оң аяғын жуды, содан кейін балтырына жететіндей етіп сол аяғын жуды». Артынан: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) осылай дәрет алғанын көрдім» дейді.
Көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша, аяқты жуғанда тобықтарға мәсіх жасаумен шектелу дұрыс емес. Жоғарыдағы хадистерден де көріп отырғанымыздай, дәрет алу барысында аяқ жуылғанда тобықтар да қоса жуылады. Тобыққа су тимей немесе жуылмай қалған жағдайда дәрет толық болып есептелмейді.