«Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім…»
Махамбет батыр осылай деп жырға қосқан ерке өзеннің қазақ тарихынан алар орны ерекше. Өкінішке қарай, халқымыздың көнеден келе жатқан атақоныс мекені соңғы ғасырда толықтай көрші мемлекеттің құрамында қалып қойды. Бірақ, саяси тұрғыда қай елдің аумағында жатса да, тарих жадында сақталған шындықты ешкім өшіре алмаса керек-ті.
Бүгінде Еділдің Каспийге құятын тарамданған төменгі ағысы толықтай Ресейдің Астрахан (Айдархан) облысының аумағында жатыр. Ресми емес деректерге сүйенсек, аталған облыс халқының үштен бір бөлігін қазақтар құрайды. Қазіргі күні облыста қазақтар негізін қалаған бірнеше қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Солардың бірі – ана тіліміз бен тарихымызды, мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттап, дамытуды мақсат тұтқан «Астрахан облысының қазақтары» аймақтық қоғамдық ұйымы.
Біз ұйым жетекші Данияр Имашевпен сұхбаттасып, өңірді мекен ететін қазақ халқының бүгінгі хал-ахуалына қаныққан едік.
«Біз диаспора емеспіз»
– «Астрахан облысының қазақтары» қоғамдық ұйымы қай кезден бері жұмыс істейді?
– Біздің ұйым 2013 жылы ресми тіркеуден өтті. Дегенмен, нақты жұмыстарымыз тек өткен жылдан бері жанданып келеді. 2019 жылы облыстың белсенді қазақ жастарының басын қосып, халқымыздың ұмытылып бара жатқан рухани құндылықтарын насихаттайық, тіліміздің жоғалуына жол бермейік, мәдениетіміздің өркендеуіне атсалысайық деген бастама көтеріп, ұлтының келешегіне бейжай қарамайтын замандастарымызды қатарымызға шақырдық.
Қуанышымызға орай, бізбен бірге жұмыс істеуге тілек білдірушілер көп болды. Қазіргі күні осы ерікті ұлтжанды жастардың бастамасымен әрі тікелей мұрындық болуымен бірқатар игі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз.
– Облыста қанша қазақ тұрады және негізінен қай аудандарда қоныстанған?
– Ресми дерек бойынша, Астрахан облысында 150 мыңнан астам қазақ бар. Бірақ, біз бұл санға күмәнмен қараймыз. Қазақтың саны бұдан екі есе көп болуы ықтимал. Өйткені, облыс тұрғындарының әрбір үшіншісі – қазақ. Қазір өңірде 1 млн-дай адам тұратынын ескерсек, қазақ саны кемінде 300 мыңның айналасында болуы тиіс.
Жергілікті қазақтар негізінен Володар, Краснояр, Қамысөзек (Камызяк), Нариман, Қарабала (Харабалинский), Ақтөбе (Ахтуба) аудандарында мекен етеді. Мен өзім Еділдің оң жағалауын алып жатқан Енотай ауданынан боламын. Біздің ата-әжелеріміз кезінде бұл жерге Қалмақия жағынан келген.
Осы жерде айта кетейін, біз мұнда диаспора емеспіз. Кейбір адамдар «қазақ диаспорасы» десе, көңілімізге тиеді. Бағзы заманнан осы жерде өніп-өсіп, өз ата қонысын мекен етіп отырған тұрғылықты халықпыз. Бұл біздің ата-бабамыздың ұрпаққа мұра қылып қалдырған жері.
Қазақ жастарының 95 пайызы ана тілін білмейді
– Интернеттен астрахандық қазақтар ана тілін ұмытып барады деп дабыл қаққан ақпараттарды оқып қалдық. Бұл қаншалықты рас? Қазақ тілінің өңірдегі жағдайы қалай?
– Иә, расында біз дабыл қағып жатырмыз. Астрахан облысындағы біз секілді қазақ ұйымдары ана тіліміздің мүшкіл халіне алаңдаулы. Өйткені, ата-баба тілінде сөйлейтін замандас жастардың қатары күн өткен сайын сиреп барады. Біздің әке-шешелеріміздің қатарластары негізінен еркін сөйлейтін болса, қазіргі жастардың 90-95 пайызы ана тілін түсінбейді.
Тіл ғана емес, ұлтының тарихын, мәдениетін, дәстүрін білмейтін жастарымыз өсіп келеді. Мен өз балаларымды қазақша тәрбиелеп, ана тілімізде сөйлеуге үйретуге барымды салудамын. Бірақ, қазақтілді орта болмағасын, балаларым бәрібір орысша сөйлейді. Қанша тырыссақ та, кейінгі буынның өз тілін білуі, тіпті түсінуі мүмкін емес болып бара жатыр.
– Енді не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бірінші кезекте, астрахандық қазақтар ана тілін сақтау керектігін саналы түрде түсініп, бір жұдырық болып жұмылуы тиіс. Біздің ұйымның да алдына қойып отырған мақсаты – жұртшылықты осы іске жұмылдыру. Тіліміздің құрдымға кетпеуі, уақыт көшіне ілесіп дами беруі үшін шаралар қабылдауды, тіпті мектеп бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізуді жергілікті биліктен талап етуіміз қажет.
Иә, қазіргі күні қазақтар тығыз қоныстанған аудандарда мектепте «Ана тілі» пәні өтеді. Бірақ, бұл пән біртіндеп жабылып, азайып жатыр. Өйткені, оған қатысатын қазақ балаларының саны жыл өткен сайын кеми түсуде. Оған бәлкім біз өзіміз кінәлі шығармыз, бірақ осындай кері үрдіс жүріп жатыр.
Мен Енотай ауданында мектепте оқығанда «Қазақ тілі» факультативтік пәні бағдарламаға енгізіліп, ана тілімізді оқыту басталған болатын. Бірақ, бір ай өтпей бұл пән қызықсыз болуына және қолдау таппауына байланысты өтпей қалды. Сондықтан мен мектепте қазақ тілін оқымадым десем де болады.
Қазақстан тарапынан көмек жоқ
– Ал қазақ тілін үйрететін курстар жұмыс істей ме?
– Иә, Астрахан қаласында курстар бар. Ана тілімізді үйрету ісіне үлкен үлесін қосып, тынбай еңбек етіп жүрген Әлия Елеусінқызы Ғұмарова есімді ұстазымыз бар. Бүгінде ол Астрахандағы университеттерде және қала маңындағы елді мекендердің бірінде мектепте факультативтік сабақтар өткізіп жүр. Оның курсына көптеген қазақ балалары қатысып, тіл үйренуде.
Қазақ тілінің болашағына алаңдап жүрген мәдениет, өнер саласындағы бауырларымыз да аз емес. Олар үнемі маған хабарласып, түрлі жобаларды қолға алу жайлы ұсыныстарын айтып жатады.
Ал біздің «Астрахан облысының қазақтары» аймақтық қоғамдық ұйымында қазақ тілін дамытуға арналған екі жобамыз бар. Біріншісі – «Қазақша сөйле» деп аталатын курс. Қазір бұл жобаны володарлық мұғалім жүргізіп жатыр. 2-3 айға жоспарланған бағдарламамыз шағын әрі тартымды. Аптасына 2 рет сабақ өтеді.
Екіншісі – «Әңгіме» сөйлесу клубы. Әр жексенбіде белсенді жастар бір жерге жиналып, шәй ішіп отырып, бір-бірімізбен тек қазақша сөйлесеміз. Түрлі әбедиеттерді оқимыз, қазақтан шыққан белгілі тұлғалар туралы әңгіме-дүкен құрамыз.
– Қазақстан тарапынан тілімізді, мәдениетімізді сақтау жолындағы жұмыстарыңызға қол ұшын созушылар жоқ па?
– Ондай көмек жоқ. Тек Астрахан облысы емес, жалпы Ресейдің барлық аймағындағы қазақ жастары бүгінде өз тілін толықтай ұмытуға айналды. Бірақ, осы проблемаға Қазақстан тарапынан назар аударып отырған ешбір тұлға немесе қоғамдық ұйым жоқ. Ешкімге керек емес сияқтымыз.
Әрине, егер қол ұшын созамын дейтін жанашыр жандар табылса, біз оған тек қуанар едік. Бұл сырттағы қазақтардың ұлт ретінде сақталып қалуы үшін өте маңызды шаруа. Өйткені, қазір қолға алмаса, бізден кейінгі ұрпақ өзінің қазақ екенін де ұмытып кету алдында тұр. Ертең бәрі кеш болуы мүмкін.
Имамдар халықпен жұмыс істемейді
– Ата дініміздің жағдайы қалай? Облыста қанша мешіт бар?
– Мен өзім Астрахандағы медресені тәмамдап, 8 жылдан бері дін саласында қызмет етіп келемін. Бұған дейін Енотай ауданының және Восток ауылдық мешітінің имамы болып еңбек еттім. Қазіргі күні Ресейдің азиялық бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төменгі Еділ бойы өкілдігінде Ислам негіздері және араб тілінен сабақ беретін ұстаз және имам қызметін атқарудамын.
Белгілі блогер, қазір Қазақстанда тұратын сарытаулық (саратовтық) қазақ, Айвар Азаматов мен туралы «Востоктың имамы» («Имам из Востока») атты фильм түсірген. YouTube-тан көрсеңіздер болады. Бұл фильм тек мен туралы емес, жалпы Астрахан облысындағы қазақтардың, мұсылмандардың қазіргі өмірі жайында.
Бұл жақтың қазақтары Ислам дінін берік ұстанады. Әсіресе соңғы жылдары дінге бетбұрыс жоғары. Бұған мен қатты қуанамын. Өйткені, шеттегі қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын бірден-бір күш болса, ол – Ислам.
Мешіттеріміз де аз емес, салынып жатыр. Бірақ әлі де жетіспейді. Қазір көп ауылдарда мешіт салу бастамасы көтерілгенімен, кейбір бюрократиялық кедергілер салдарынан жүзеге аспай жатыр.
Ал облыс орталығы Астрахан қаласында шамамен 13 мешіт жұмыс істейді. Кеңес Одағына дейін 100 шақты мешіт болған деседі.
– Деструктивті діни ағымдар мазалап жатқан жоқ па?
– Мұндай ағымдар, өкінішке қарай, тек Астрахан облысында ғана емес, барлық өңірде кездеседі. Халықтың рухани ізденісін пайдаланған деструктивті діни ағымдар да өз әрекеттерін жасап жатыр.
Жастарымыз жат ағымның жетегінде кетіп, қара ниеттілердің қолшоқпарына айналмасы үшін халыққа дінді сауатты түсіндіріп, көздерін ашу керек. Бірақ, дінді жеткілікті насихаттап жүрген имамдарымыз аз. Халықпен жұмыс істемейді. Бәріне бірдей топырақ шашпаймын, бірақ дін қызметкерлері тарапынан белсенділік жоқ.
Тіпті бүгінгі мұсылмандар зайырлы мемлекетте қалай өмір сүру керектігін біле бермейді. Өзінің мұсылмандық құлшылығын да орындап, зайырлы елдің заңдарын да бұзбай тіршілік етуді түсіндіруі тиіс мүфтияттар өз міндеттерін талапқа сай атқарып жатқан жоқ. Бұл өз кезегінде халықтың мүфтияттарға деген сенімсіздігін туғызуда.
Бізді ешкім қаржыландырмайды
– Ұйымның инстаграм парақшасында Шәмшінің әндерін орындаудан онлайн байқау ұйымдастырып жатыр екенсіздер. Шараның мақсатына, қалай өтіп жатқанына тоқталсаңыз?
– Иә, біздің белсенді жастарымыз инстаграмдағы @kazahi_astrahanskoy_oblasti парақшасында жаңа жобаны іске қосты. Шәмші Қалдаяқовтың әндері – халқымыздың құнды қазынасы. Оларды ресейлік қазақтар да сүйіп орындайды, тыңдайды. Біз осы бастамамыз арқылы әсіресе жастарымыздың ана тілімізге, қазақ әндеріне деген махаббатын оятуды мақсат тұтып отырмыз.
Қазіргі күні 10-нан астам адам видеоформатта өз орындауындағы әндерін жіберді. Оларды біздің парақшамыздан тамашалауға болады. Астрахандық қазақтар белсенділікпен қатысып, видеоларға лайк басып, пікір жазып, бөлісіп жатыр. Байқау әлі де жалғасуда. Соңында біз қатысушыларды марапаттайтын боламыз.
Бұл шарадан өзге қазақ халқының тарихына қатысты дөңгелек үстелдер өткізіп тұрамыз. Мәселен, соңғы рет жіргілікті ноғай қауымдастығымен бірлесіп, Бөкей Ордасындағы Ресей қазақтарының тарихи-мәдени мұрасы тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткіздік. Тарихшылар мен сарапшылар шақырылып, олар жастарымызға төл тарихымыздан құнды сыр шертіп, мол мағлұмат берді.
Одан басқа, спорт жарыстарын өткізіп тұрамыз. «Аманат» атты футбол командамыз бар. Сондай-ақ, «Не? Қайда? Қашан?» атты интеллектуалды ойын өткіземіз.
– Бұл іс-шаралардың бәрін кім қаржыландырады?
– Өз қалтамыздан қаржы шығарамыз. Басқа ешкім қаржыландырмайды.
– Қазақстанмен байланыстарыңыз қалай?
– Шекаралас облыс болғандықтан, байланысымыз жақсы. Мұндағы әрбір екінші қазақтың Қазақстанда туыстары тұрады. Менің де қайын жұртым – Атыраудан.
Бір өкініштісі, Атырау мен Астрахан арасындағы жол өте нашар. Оның үстіне биылғы пандемия қосылып, қазіргі күні екі ел арасындағы барыс-келіске кедергі болып тұр.
Астрахан – қазақтың тарихи Отаны
– Астрахандық қазақтар тарихи отанға көшуге қалай қарайды?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, Астрахан облысы – қазақтың тарихи Отаны. Біз өзімізді жат жерде жүрміз деп сезінбейміз. Сол себептен шығар, астрахандық қазақтар Қазақстанға жаппай көшкілері келеді деп айта алмаймын.
Сондай-ақ, Қазақстанның шеттегі қандастарды елге әкелу бағдарламасы бұрынғыдай қарқынды жұмыс істемей жатыр деп естиміз. Ол жаққа барғанда азаматтық алу мәселесі де қиындық тудырады екен. Мұнда ешкім бізді қуып жатқан жоқ, қазақтар жұрт қатарлы жақсы тұрады, қысым көрмейді. Сондықтан әзірге Қазақстанға көшуге талпынбайды.
– Ұйымның алға қойған жоспарлары бар ма?
– Жоспарларымыз көп. Олардың бәрін жүзеге асыруға қаржы жағы қолбайлау болып тұр. Сөзімнің соңында айтарым, егер Қазақстанда шетте жүрген қандастардың тілі, діні, дәстүрі мен мәдениетінің сақталуына үлес қосамын деген шын жаны ашитын адамдар болса, бізге қол ұштарын созса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жақтағы қазақтың отын өшірмеу, руханиятын өркендетуге бағытталған іс-шараларымыздың бәрі қаражат мәселесіне тіреліп тұр. Егер көмек берем деген адамдар табылып жатса, біздің инстаграм парақшамызға (https://www.instagram.com/kazahi_astrahanskoy_oblasti?r=nametag) немесе 89270758518 WhatsApp нөмірімізге хабарласса болады.
Астрахан қазақтары осы жақта жүріп-ақ өзінің қазақ екендігін ұмытпаса, тарихы терең ұлы халықтың ұрпағы екенін есіне сақтаса дейміз. Дүниені дүбірге бөлеген ұлы ғалымдар, атақты хандар, қайсар батырлар, заңғар жазушылар мен ақындардың бүгінгі ізбасарлары екенін білсе екен дейміз. Ресей елінде еңселерін түсірмесе, өзінің ұлттық құндылықтары, бай тарихы, діні мен тілі бар ҚАЗАҚ деген халық екенін сезінсе деген ізгі мақсатты көздейміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ