Мұсылмандар қайда жүрсе де, құбыланы анықтауға тырысып, тіпті белгі қойып кеткен. Қазіргідей дәл анықтайтын ғылым дамымаса да, құбыланы табуда өзіндік әдіске жүгінді. Керуен жолдарында сапарлатып жүргендер үшін арнайы мешіт немесе намазхана салынған. Ал, елсіз жерлерде жол бойына мешіт пен намазхана салмаса да, құбыланы нұсқайтын белгі қоюға тырысқан.
Жақында Жамбыл облыстық орталық мешітінің «Hibatulla.kz» сайтында «Әлемдегі ең қарапайым мешіттер» тақырыбымен көне мешіттердің суреті жарияланды. Маң далада мешіт салмаса да тасты тізіп, намаз оқитын орын екендігін, құбыласын көрсететін намазхана іспетті жайларды көргенде еріксіз таңырқайсың.
Иордания
Шөлейттегі Бедуиндік мешіт
Иә, мұндай дала мешіттері қазақ даласында да болған. Исі қазаққа танымал Пір Бекет атаның аты жазылған дала мешіті, яғни «намаз жайы» анықталып отыр. Бекет ата сопылық жолды ұстанып, ғұмырын Алла жолына арнап, бала тәрбиелеп, мешіт ұстап, ұстаздық еткен. Бекет ата 1750 жылы қазіргі Атырау облысының Жылыой ауданы аймағына қарайтын Ақкиізтоғай ауылынан 30 шақырым қашықтықта, Жем бойындағы Ақмешіт деген жерде дүниеге келген. Бекет атаның әкесі Мырзағұл Жаналыұлы діни сауаты бар, ел ақсақалы болған. Ал анасы Жәния арғы тегі араб, яғни қожа ұрпағынан Назарқожаның қызы.
Бекет ата Хиуа қаласындағы «Шерғазыхан» медресесінде Мұхаммадұлы Пақыржан (Фахраддин) ұстаздан 7 жыл дәріс алып, 21 жасында елге оралады. Елге оралғаннан кейін ислам дінін уағыздап, діни ағартушылық жұмыспен айналысқан. Өмірінің соңына дейін шәкірт оқытып, ұстаздық еткен. Бекет ата 1813 жылы 63 жасында дүние салып, өзінің ең соңғы тұрағы Оғыландыдағы жерасты мешітінде жерленеді.
Сол заманда Оғландыдан Хорезмге дейін керуен жолы арқылы қатынас болған. Үстірт деп аталған сол аймақтан Бекет атаның дала мешіті, яғни намаз жайы деп аталған дала мешіті назарымызды аудартуда. Маң далада намаз оқу үшін тастан қаланған, құбыласы көрсетілген намазхананы көріп, еріксіз ойланасың. Мешіт салуға құрылыс заттары тапшы далада ең болмаса, керуен жолы бойында осындай намаз жайлардың болуы керемет жайт.
Бекет атаның намаз жайы деп аталатын дала мешітінің басында «Намаз жай Бекет ата» деп жазылып, белгі қойылған. Құбыла тарапын нұсқайтын үлкендеу тас қойылған. Аталмыш дала мешіттері қазіргі таңда Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақ Автономиялық Республикасының аумағында. Кеңес үкіметі тұсында екі елдің шекарасын бекіту барысында Өзбекстан аумағында қалып қойған. Оғландыдан Хорезмге баратын дала жолымен жүріп, Қазақстан Республикасының шекарасынан 15 шақырым өткенде бірінші кішігірім «Намаз жай» жасалса, 10 шақырымнан кейін алғашқысынан сәл үлкендеу екінші намаз жай, одан 30 шақырымнан кейін үшінші дала мешітін кездестіруге болады.
Намаз жайларды анықтауға тырысқан маңғыстаулық азаматтар сол заманғы керуен жолымен жүре отырып, картасын сызып, арақашықтығы қанша шақырым екенін де белгілеп отырған. Аталмыш дала мешітіне бару үшін Бейнеу станциясынан Қарақалпақ станциясына дейін барып, Өзбекстан Республикасы аймағына өтіп, ол жерден көлікпен шекара бойымен параллел 189 шақырым дала жолымен төмен жүріп барып, көруге болады.
Оғландыдан Хорезмге баратын дала жолының шамамен картадағы сызбасы
Қазақ даласында жерасты мешітімен қатар дала мешіттерінің болғаны бізге біраз нәрсені ұқтырса керек.
Смайыл СЕЙТБЕКОВ,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы
бойынша өкіл имамы