Сұрақ: «Құдайы қонақ» деп кімді айтамыз?
Жауап: Қазақ халқының қонақжайлылығы мен меймандостығы алыс және жақын шетелдерге белгілі. Қазақтың кеңпейілділігі, дархан көңілі ұлттық діліміздің ерекшелігі. Қонағын құдайындай сыйлап, күтетін, жылы жұмсағын, тәтті шәрбәтін қонағына беретін қазақы дәстүр халқымызға тән қасиет. Қазақ дәстүрінде «құдайы қонақ», «Алла жолаушының тілегін қабыл алады» сияқты т.б. ұғымдары халқымыздың қонақты күту мәдениетінің тереңдігін айшықтайды.
Ұлттық мінез бен ділдің қалыптасуына діни құндылықтар мен салт-дәстүрлердің ықпал ететіндігін есепке алсақ, ұлттық ділдің қайнар көзінің бірі ретінде ислам құндылықтарын айтсақ болады.
«Құдайы қонақ» немесе «Жолаушының дұғасы қабыл болады» деген сияқты сөздер ислам әдебіндегі қонақжайлылық пен кеңпейілділік жөнінде баяндалатын хадистерге негізделеді десек жөн болатын шығар. Пайғамбардың (с.ғ.с.) қонақ күту, жолаушыға қызмет ету, оның батасын алу туралы хадистері жетерлік.
Мысалы, «Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, қонағын күтсін» (Бұхари), «Күмәнсіз үш кісінің дұғасы қабыл болады: әкенің балаларына еткен дұғасы, қонақтың дұғасы, зұлымдыққа ұшыраған кісінің дұғасы» (Бұхари, Мүслим).
Сондықтан да қазақ «Құдайы қонақ» десе, тік тұрып күткен. Құдайы қонақ дегеніміз, алыс-жақын сапарға шыққан жолаушы. Хадисте айтылғандай қонақ күткен адам, оның батасын алып қалуға да тырысады. Себебі қонақ күткені үшін оған сауап жазылады, ал оның батасы мен алғысын алып жатса, берекелі ғұмыр кешеді.
Өзіміз көріп отырғандай ислам мәдениетінде үйіне келген қонақты жылы шыраймен қарсы алу, шамасы келгенше күтіп алу, оның мүлкінің амандығына кепіл болу қонақжайлылықтың әдептері біздің қонақты күту және оның көңілінен шығу сияқты ізгі амалдар салт-дәстүрімізде берік үйлесімдік тапқан.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ