Имам Байһақи хадис еңбегінде, Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген Құдси хадисте былай делінген:
«Ақиқатында, Алла Тағала қиямет күні: Ей, адам баласы! Мен ауырғанда жағдайымды неге сұрап келмедің?,-дейді. Пенде: Уа, Раббым! Сенің жағдайыңды қалай сұрамақпын, Сен әлемдер Раббысы емессің бе?,-дейді. Менің пәленше құлым ауырғанын білген жоқсың ба, оның жағдайын сұрап барған жоқсың. Қал-жағдайын сұрап барсаң, Мені сол жерден табар едің,-дейді.
Мұнан соң: Ей, адам баласы! Сенен тамақ сұрадым, Маған берген жоқсың,-дейді. Пенде: Уа, Раббым! Саған қалайшы тамақ бермекпін. Сен әлемдер Раббысы емессің бе?,-дейді. Хақ Тағала: Менің пәлен құлым сенен тамақ сұрады, оған ас берген жоқсың. Егер берсең, сол жерден Мені табар едің,-дейді.
Мұнан кейін: Ей, адам баласы! Сенен су сұраған едім, Маған бермедің,-дейді. Пенде: Уа, Раббым! Саған қалай су бермекпін, Сен күллі әлемдер Раббысы емессің бе?,-дейді. Алла Тағала: «Менің пәленше деген құлым сенен су сұраған еді. Соған су берсең, сонын жанынан Мені табар едің,-дейді екен».
Хадис қоғамның әлеуметтік мәселесін шешуде адамгершілік факторы бірінші кезекте тұруы абзал екенін көрсетіп отыр. Азаматтық борыш, ар алдындағы жауапкершілік маңызды екенін айшықтайды. Сондықтан да, Құдайды іздесең – мұқтаждардың жанынан табыл. Шамаң келгенше қол ұшыңды бер деп насихат етеді.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ашғари руын ерекше құрметтейтін. Оның сыры Бұхари мен Муслим еңбектерінде жазылған. Осы рудан шыққан сахаба Әбу Мұса (р.а.) оның себебін былайша риуаят еткен:
«Ашғари руынан жорықта бір әйел жесір болып қалса немесе бір отбасының азық-түлігі жетпей жатса, өздерінде бар азық-түлікті бір шапанның үстіне жинайтын. Оны өзараларында бір ыдыспен теңдей етіп бөлісіп алады. Олар – менен, мен де – олардың қатарынанмын»,-деген екен.
Руслан ҚАМБАР