Бүгінгі күні елімізде жастар мен дін мәселесі өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Осы орайда иман, ұят, әдеп ұғымдарының төңірегінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы, дінтанушы Құдайберді Бағашарды әңгімеге тартқан едік.
– Құдайберді Сабыржанұлы, бүгінгі әңгімемізді иман, ұят, тілеулестікке арнасақ дедік. Осы орайда, сұхбатымызды «иман деген не?» деген сұрақтан бастасақ.
– Арабтың иман деген сөзі қазақша сенім, илану дегенді білдіреді. Ислам сенімі келгеннен кейін көп құдайшылық тыйылып, монотеистік сенім орнықты. Хүбәл, Лат, Мәнат, Ұзза секілді пұттар аталмай, ендігі жерде «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деу мұсылмандыққа кіруді білдірді. Жаңа сенім негіздеріне Аллаға, періштелерге, пайғамбарларға, қасиетті кітаптарға, ақырет күніне, жақсылық пен жамандықтың тағдырмен екеніне илану кірді. Дінді зерттеуші ғалымдар ғылымда алғашқы сенім ретінде анимизм, тотемизм, натуризм, магия, фетишизм, паганизмдерді жекелеп көрсеткенмен, неміс антропологы Вильгельм Шмидт алғашқы сенімнің монотеизм болғанын, уақыт өте келе монотеизм ұмытылып, магия, көп құдайшылық секілді сенімдер орын алғанын, уахиге сүйенетін діндер келгенге дейін бұл жағдайдың осылай жалғасқанын дәлелдеген.
– Исламдағы Жаратушы түсінігі туралы айта кетсеңіз…
– Исламға дейінгі кезде иудейлер «Ұзайыр құдайдың баласы» десе, христиандар «Иса құдайдың баласы» дейтін. Періштелерді құдайдың қыздары дейтіндер де кездесетін. Құдайлар қолдан неше түрлі заттан жасалатын. Тас пен темірді қорытуды былай қойғанда, қамырдан илеп, тәттіден де құдайларын жасап алатын. Осы кезде келген ислам, Жаратушының жалғыз екенін әрі ол еш нәрсеге ұқсамайтынын, тумағанын, туылмағанын, құдіретіне еш нәрсе тең келмейтінін білдірді. Бұған қоса, көркем есімдері арқылы Жаратушы иені бар ерекшелігімен кең тануға мүмкіндік болды.
– Осы жерде ақида іліміне де тоқтала кетсеңіз…
– Ислам дінінің сенімге қатысты саласын зерттейтін ғылым «кәләм» деп аталады, ал тікелей діннің негізгі сенімін ақида құрайды. Ақида ілімінің қалыптасу тарихы ардақты Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) кейінгі орын алған тарихи жағдайлармен көбірек байланысты. Атап айтқанда, Құран мен хадиске түсіндірме жасау еркіндігі, бұған қоса, исламның кең тарауымен түрлі мәдениет өкілдерінің исламды қабылдауы, халифа кім болады деген мәселедегі талас-тартыстар, 656-657 жылдардағы сахабалар арасындағы Жәмәл оқиғасы мен Сыффин соғысы. Осы қақтығыстарда мұсылмандардың бір-бірін өлтіруі, үлкен күнә ұғымы, иман деген не, күпірлік деген не, адамдағы еркіндіктік шегі турасындағы көп мәселелер туындады. Осындай таластарда өз көзқарасын алға тартқандықтан, тарихта Харижит, Мүржия, Мұғтазила, Қадария, Жахмия сияқты ағымдар қалыптасты. Бұған философиялық жүйелердің де өз ықпалы болмай қалмады. Қазіргі қазақ қоғамында өзекті болып отырған сенім мен амал мәселесінің шығу түп төркіні де сонда жатыр. Жалпылама айтқанда, бүгінгі жастар мынаны түсінгені жөн: Ханафи сенімінде амал болмаса да сенім қабылданады. Бұл бірақ амал жасауға салғырт қарауды білдірмейді. Яғни, намаз оқымайтын мұсылман кәпір болмайды.
– Енді ұят мәселесіне қарай ойыссақ. Иман мен ұят қаншалықты бір біріне жақын ұғымдар?
– Әр діннің бір қасиеті болады. Ислам тәрбиесінің басым қасиеті ұяттылыққа баулуда. Бұны «Әр діннің өзіне тән ахлағы бар. Исламға тән ахлақ ол ұяттылық» деген хадистен түсінеміз. Сахабалардың айтуынша, оң босағада отырған жас қыздан бетер ұятты жан болған ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.c.) тағы бір хадисінде «Ұят иманнан» деп ескертілген. Адамға ұят сезімі туғаннан беріледі. Бірақ сол иманды қорғайтын әрі жетілдіретін қасиет – иман болып табылады. Көптеген ізгі қасиеттердің бастауы иман. Ұяттың да бастауы иман. Сондықтан, Аллаға және ақырет күніне деген сенімнің күштілігі ұятқа өлшем деуге болады. Ислам сенімі ұяттылық пен әдептілікке шақырады. Осы тұста имандылықтың терең бір түсінігі ихсан еске түседі. Яғни, өзін Алла көріп тұр деп бек сенген жан өз іс-әрекетіне сынмен қарай бастайды. Ақыретте есеп беретінін қаперде ұстаған жан өзін қаншалықты еркін ұстаудың шегін біледі. Бұл турасында Құранда мынандай аят бар: «Өзін Алланың көріп тұрғанын ол білмей ме?!» (Алақ сүресі, 14). Құранның айтуынша, Алла әрдайым құлдарымен бірге, құлдарының әрбір іс-әрекетін бақылап тұрады. Міне, осыны шын түсінген адамда ұят сезімі күшті болады. Ондай мүмін «Жаратушы ием мені көріп тұр» деп білгендіктен ұят сақтайды, әдептен озбайды. Қазақ жыраулары «Имандыда ұят бар» деп осындай шындықты меңзеген.
– Қазіргі қоғамда имандылық, ұяттылық деген қасиеттер жоғалып бара жатқан жоқ па?
–Кішілік, сыпайылық, қарапайымдық, ақылдылық, парасаттылық, ұяттылық деген асыл қасиеттердің барлығын қазақ халқы «имандылық» деген бір сөзге сыйдыра білген. Сол себепті иманды жан дегенде тек Аллаға сенуді ғана емес, адамгершілік қасиеті мол адам меңзелген. Бүгінгі күні ондай адамдар көп болмаса да, тіптен жоқ деуге де келмейді. Тұз аз болса да асқа дәм береді емес пе? Бірақ жастармен тәрбие жұмыстары жақсы жүрсе, бұған жеткілікті көңіл бөлінсе, қоғамдағы әдепті, тәрбиелі адамдар қатарын көбейтуге болады. Жастарды радикалды діни ағымдардан сақтандырумен қатар ислам дінінің тәрбиеге көп көңіл бөлетін дін екенін, олардың ортасында біз сөз етіп отырған имандылық, ұят секілді исламдағы адамгершілік құндылықтарды жиі насихаттау қажет. Дін дегенде біз бүгін терроризм мен экстремизмді ғана көп айтатын болып кеттік. Қазіргі жағдайларда ол да керек, дегенмен діннің бір қызметі моралдық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа тасымалдау екенін естен шығармау қажет. Ата-бабаларымыз діннің осы тәрбиелік қырына көп көңіл бөлгенін, қоғам тәрбиесін сонымен ұстағанын байқаймыз. Сондықтан қазіргі күні қоғамда ұятсыздық кездесіп жатса, онда ұят дұрыс насихатталмай жатыр деген сөз. Адамдық кейіп бұзылып жатса, онда ізгі адамдық қасиеттердің дұрыс насихатталмай жатқандығы. Яғни, рухани нәр берілмегенде, рухани аштықтың орын алатынын түсіну аса қиын болмаса керек.
– Осы тұста әдеп туралы да қоссаңыз.
– Иә. Имам Мәлік айтқан деген бір сөз бар. «Ілімнен бұрын әдеп үйрену керек. Әдепсіз адамның ілімінде қайыр жоқ». Мұсылман ғалымдар әдепті жіктегенде, Жаратушының алдында әдепті құл болу, пайғамбарға әдепті үмбет болу, ата-анаға әдепті перзент болу, ұстазға әдепті шәкірт болу деп көрсетіп, түсіндіреді. Бір кітаптан «Адам баласының барлығы бақытты болсам дейді. Сол бақытқа жету үшін қолынан келген бар мүмкіндікті жасайды. Алайда сол бақытқа апаратын ең оңай жолды ұмытып жатады. Ол әдептілік жолы» дегенді оқығаным бар. Әдептілік адамгершілік биік қасиет, ол адамды қай жаста да сүйкімді етіп көрсетеді. Әдепті жан өз ортасына сүйкімімен жағады. Ал әдепсіздікті ел «Әдепсіз бала сорлы бала» деп сорлылыққа, сүйкімсіздікке жатқызған. Ғұмар Қараш өз өлеңінде:
Жігіттер, жаның жаста әдеп үйрен,
Қаш жырақ, әдебі жоқ істен жирен.
Сүйкімді әдеп тұтпай бола алмассың,
Әдепсіз, жоқ мінезі Тәңірі сүйген, – деп, жастарды жастайынан әдеп үйренуге шақырған. Бүгінгі ата-аналар балаларының жастай шет тілдерін, өнер үйірмелеріне қатысуын қадағалағанмен, жақсы тәрбиеші тауып әдепке баулы жағына көңіл бөлмей кеткені қынжылтады.
– Осы тұста тілеулестік туралы не айтуға болады?
– Тілеулестік жақсылыққа да, жамандыққа да болады. Құранды оқысақ, мұсылмандарды жамандыққа емес, жақсылықта бір-біріне болысуға шақырады. Яғни мұсылмандар бір-бірінің жақсы істеріне тілеулестік танытуы тиіс. Ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір тарихына қарағанымызда, әлі пайғамбарлық келмей тұрып та ел ішіндегі ізгі мақсатта құрылған «Хилфул-Фудул» атты ұйымға мүше болғанын көреміз. Ол ұйым жахилия қоғамындағы келеңсіздіктермен күресетін. Әділдікті жақтап, әлсіздердің құқын қорғайтын. Егде тартқан шағында осы ұйым туралы айтылғанда, хазірет пайғамбардың «Егер сол ұйым қазір де болса, барып мүше болудан тартынбас едім» дегені бар.
Бұнымен не айтпақпын? Яғни, елдегі әр жас осы елдің барын бағалап, жоғын жоқтап, елдегі жағдайдың оңалуына өзіндің үлес қосып тілеулестігін білдіруі тиіс. Қай кезде де сын айту оңай, ал шын жанашырлық іс жүзінде қолғабыс жасауда. Болашақ үшін бәріміз де жауаптымыз. Ендеше, ел ішінде болып жатқан жақсылықты істердің басы-қасынан табылайық. Елдің тыныштығы мен ағайынның татулығына қызмет етейік, өскелең ұрпақтың болашағын ойлап, білімді әрі тәрбиелі азаматтар қалыптастыруға көңіл бөлейік!
– Әңгімеңізге рақмет!
Ермұрат Назарұлы