«Сәләф» термині Ислам ойшылдығында алғашқы буын мұсылмандарына, яғни сахабалар мен табиғиндарға қатысты қолданылады. Әсіресе иман мәселелерінде түсіндірме мен жорамалға бармай, аяттар мен хадистердің белгілеп берген шеңберінен шықпай, сахабалар мен табиғиндер дәуірінде талқыланбаған тақырыптардан ұзақ тұратын көзқарас да негізінен «сәләфилік көзқарас» деп аталды. Бұл көзқарастағы мухаддистер мен фиқһ ғалымдары да «сәләфилер» деп аталған.
Бүгінде ДАИШ және соған ұқсас топтар болса, өздерін осы аталған «сәләф әс-салихин» (алғашқы буын мұсылмандары) өкілдеріне жатқызу арқылы діни ұстанымдарын шариғи негіздеуге тырысуда. Бұл топтар негізінен алғашқы буын мұсылмандарының көзқарастарынан өздеріне негіз бола алатын буквалистікке жақын қайнар көздерді таңдайды. Бұл қайнар көздерден «Әһл-і хадис» және «Асхаб әл-хадис» деп сипатталатын топтар алға шыққан. Орта кезеңдерде Ибн Таймия мен Ибн Қайим әл-Жәузия секілді ғалымдардың пікірлерін негізге алады. Бүгінде бұл топтың діни ұстанымы Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың көзқарасына негізделген. Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың да қатысқан 18 ғасырдағы оңалту әрекеттерінде Ислам әлемінде болған келеңсіз жағдайлардың себептері зерттелінгенде, адамдардың Исламның саф күйінен алшақтағаны, еліктеушілік пен фанатизмге бой алдырғандығы, аяттар мен хадистерге негізделген түсініктемелердің орнын ғұламалардың жеке пікірлері мен көзқарастары басқандығы, көптеген діни негізсіз сенімдердің Исламға сопылық жолы арқылы еніп кеткендігі және осыған ұқсас мәселелер қозғала бастаған және бұл кейінгі ғасырларда да арта түскен. Алғашқы және кейінгі модернистік кезеңде пайда болған бұл реформаторлық әрекеттер өздері айтқан проблемалардың шешімі алғашқы кезеңдегі мұсылмандыққа, яғни сәләф дәуіріндегі Исламға қайта оралумен табылады деп түсініп, бұны өздеріне ұран еткен. «Сәләфия» осы әрекетті сипаттау үшін шамамен 20 ғасырда пайда болған бір термин.
20 ғасырдағы Ислам әлеміндегі жағдай салафизм ағымының саяси түсінікке айналуына жол ашты. Әсіресе, қырғи-қабақ соғыс жылдарында Мысыр мен Пәкістанда салафиттік саяси қозғалыстар ықпалды болған. Ауғанстан оккупацияланғаннан кейінгі кезеңдегі жиһад қозғалысы да осындай үрдіске ие. 11 қыркүйектен кейінгі кезеңде пайда болған немесе белсенділігі артқан радикалды топтардың діни көзқарасында да сәләфилік аспектілер бар. ДАИШ өзін осындай салафилік ұстаныммен шариғи тұрғыдан негіздесе де, олардың негізгі ұстанымы 18 ғасырда Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың идеялары төңірегінде қалыптасқан, қазіргі кезеңде заманауи идеологияға айналған Уаһһабия ағымы.
ДАИШ-тің өз құжаттарында пайдаланған сілтемелері ұйымның негізінен уаһһабилік ағымға жақын екенін көрсетеді. Дегенмен, қазіргі салафилік бағыттағы ағымдардың барлығын бірдей көріп, олардың барлығы зорлық-зомбылыққа бейім деп айту әсте мүмкін емес. Осы айырмашылықты көрсету үшін «реформистік салафилер», «төңкерісшіл салафилер», «уаһһабилік салафилер» немесе «сауд салафилері» және «жиһадшыл салафилер» сияқты әртүрлі жіктеулер бар. Кейбір салафиттік топтардың арасында, әсіресе, саяси ұстаным мен зорлық-зомбылыққа жүгіну тұрғысынан терең көзқарас айырмашылықтары бар.
Негізінде ДАИШ-тің ақпарат құралдарында Сауд Арабиясы үкіметі мен саудиялық ғалымдарға бағытталған ауыр айыптар мен сындардың орын алуы осы жайттың айқын көрсеткіші. Шындығында, Салафилік-уаһһабилік ағымнан сусындайтын «саудиялық салафилер» мен «жиһадшыл салафилердің» екіге бөлінуі екі ағымның саяси көзқарастарының екі түрлі екендігін көрсетеді. Осы тұрғыда зорлық-зомбылыққа бейім топтар үшін «төңкерісшіл қозғалыстар» деген терминді қолданғанымыз дұрысырақ, өйткені ол «жиһад» сияқты Құран терминін теріс мағынады пайдаланудың алдын алады.
ДАИШ-тің салафизм бағытымен байланысы оның жорамалдарындағы буквалистік сипатының айқын көрінуімен байқалады. Десек те, бұл буквализмдері де жүйелі және тұрақты емес. Себебі, ДАИШ-тің ұстанымы толығымен эклектикалық, яғни, өз мүдделеріне сай нәрселерді қабылдап, сай еместерін қабылдамайтын сипатта. Сондықтан ДАИШ-тің діни көзқарасында ешқандай да әдістеме жоқ десек те болады.
Тимур НҮСІПХАНҰЛЫ,
Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры РАТТ мүшесі