Ислам дінінде дәлелдердің қайнар көзі Құран мен сүннет және осы екеуіне негізделген ижмағ, қияс, истихсан, сахабаның амалы, әдет-ғұрып және т.б. он бір дәлел бар. Осы дәлелдерді ғалымдардың қабылдауына не қабылдамауына қарай екіге бөлуге болады. Бірінші, барлық ғалымдар дәлел ретінде мойындайтын дерек көздері. Оған Құран, сүннет, ижмағ және қияс жатады. Екінші ғалымдар арасында пікірталас тудырған дерек көздер. Оған осы аталған төрт дерек көзден басқалары жатады және олар ғалымдар арасында ортақ қабылданбаған дерек көздер болып табылады.
Біз жоғарыда аталған дерек көздердің арасынан бүгінгі мақаламызға арқау болатын ижмағқа қысқаша тоқталатын боламыз.
“Ижмағ” сөзі араб тілінде “шешім”, “тоқтам”, “байлам” деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғат термині ретінде оған “Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) дүниеден өткеннен кейін бір ғасырда өмір сүрген мұсылман үмбетінің мужтаһид ғалымдарының қоғамдағы бір мәселеге қатысты бір ауыздан келісе отырып берген ортақ діни үкімі” деген анықтама беруге болады. Яғни, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін пайда болған діни мәселеге қатысты ғалымдардың ортақ көзқарасы негізінде берілген үкімді ижмағпен бекітілген үкім дейді екенбіз. Жоғарыдағы анықтамадан ижмағтың орын алуы үшін қойылған шарттарды тарқатып айтатын болсақ:
1. Ижмағ – Алла елшісі (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейін орын алуы тиіс. Себебі Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) көзі тірісінде діни үкім шығару сол кісінің жауапкершілігінде.
2. Үкімді шығарушы мужтаһид ғалымдар бір ғасырда, яғни үкімі шығарылатын мәселе орын алған уақытта өмір сүрулері керек.
3. Көтеріліп отырған мәселе дінге қатысты болуы тиіс.
4. Көтеріліп отырған мәселеге қатысты ортақ пікірді барша мужтаһид ғалым қолдаулары қажет. Егер ғалымдардың көпшілігі қолдап, бірі немесе бірнешесі қарсы шықса, ол үкім ижмағ болып есептелмейді.
5. Мужтаһид ғалымдар Құран немесе сүннет негізінде үкімдерін шығарулары керек. Яғни, ижмағ Құранмен немесе сүннетпен қуатталуы тиіс.
6. Көтеріліп отырған мәселеге қатысты шыққан үкімді барша мұсылман елдерінің мужтаһид ғалымдары қолдаулары керек. Егер бір елді мекеннің ғалымдары қарсы шықса, ол үкім де ижмағ болып табылмайды.
Бұл шариғаттағы ижмағқа қойылатын талаптар. Ал осы талаптарға сай келген ижмағ екіге бөлінеді. Бірінші – ижмағ сарих, яғни барша мужтаһид ғалымдар көтеріліп отырған мәселеге қатысты өз пікірлерін ашық білдірсе, ол ижмағ – ижмағ сарих деп аталады. Екіншісі – ижмағ сукути, яғни барша мужтаһид ғалымдар көтеріліп отырған мәселеге қатысты өз пікірлерін ашық білдірмесе, ол ижмағ – ижмағ сукути деп аталады. Тек өз ойларын ашық білдірмеген мужтаһид ғалымдар басқа ғалымдар шығарған үкімге қарсы пікірлерін білдірмеуі шарт.
Біз шариғаттағы ижмағты қысқаша баяндап кеттік. Асылы, ижмағ біз айтқаннан әлде қайда кең ауқымды тақырып. Ол туралы арнайы кітаптардан оқуға болады.
Ижмағ Құран мен сүннеттен кейінгі үшінші дерек көз болып табылады. Ижмағтың шарғи дәлел болатындығына Құран мен сүннет дәлел. Осы сөзімізді қуаттау үшін бір екі дәлел келтіре кетсек.
Алла тағала Құран кәрімде: “Кімде-кім өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Елшіге қарсы шығып, иман келтіргендердің жолынан басқа жолға ерсе, Біз оны кері кеткен жағына бұрамыз да, жәһәннамда жағамыз. Неткен жаман қайтар орын!” – деген (“Ниса” сүресі, 115-аят). Осы аяттағы “мүміндердің жолы” деген тіркес ижмағтың дәлелі болады. Себебі ижмағ – мұсылмандардың таңдаған жолы. Тағы бір аятта: “Уа, иман келтіргендер! Аллаһқа бойсұныңдар, Елшіге және араларыңдағы әміршілеріңе бойсұныңдар. Егер бір нәрсе туралы талассаңдар, оны Аллаһ пен Елшіге қайтарыңдар, егер расымен Аллаһқа, Ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Солай ету қайырлы һәм соңы да жақсы болмақ” деп келген (“Ниса” сүресі, 59-аят). Осы аяттағы “әміршілеріңе бойсұныңдар” деген тіркес те ижмағтың дәлелі. Мемлекеттің ісін жүргізу мәселелерінде басшыға бағынсақ, діни мәселелерде дін саласының ғалымдарына бағынуымыз керек. Бұл Алла тағаланың Құрандағы нұсқаулары. Сонымен қатар ижмағта дәлел болатын Алла елшісінің (с.ғ.с.) бірнеше хадистері бар. Мысалы, имам әт-Тирмизи Абдуллаһ ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен сахих хадисте Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): “Расында, Алла менің үмбетімді адасушылықта біріктірмейді. Алланың қолы (яғни, жәрдемі) жамағатпен бірге”, – деген. Яғни, барша мұсылман ғалымдары ДАИШ террористік ұйымын теріс жолда жеп санауы адасушылық емес екен. Керісінше, осы үкімді мойындамағандар – адасушылықта. Ал Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ең танымал сахабаларының бірі Абдуллаһ ибн Масғуд: “Мұсылмандар жақсы деп тапқан нәрсе Алланың алдында да жақсы, мұсылмандар жаман деп тапқан нәрсе де Алланың алдында жаман”, – деген. Қазіргі кезде барша ислам әлемі ДАИШ-тың әрекеттерін қолдамай да, құптамай да отыр. Бұл ДАИШ-тың тірлігін Алла да қолдамайды деген сөз.
Ислам әлемінің ғалымдар 2014 жылы 19 қыркүйекте Әбу Бәкір әл-Бағдадиге ашық хат жазған. Ол хатта әл-Бағдади басқарып отырған топтың ісі Ислам дінімен, Исламдағы мемлекет құрылымымен сай келмейтіндігі баяндалған және оларды осы жолдарына қайтуға үндеу бар. Ол хатқа араб елдерімен қатар Түркия, Пакистан, Индонезия, Үндістан, Малазия секілді Азия, Африка және Еуропа мен Америкадағы танымал жүз жиырма алты мұсылман ғалымы қолдау білдіріп, қол қойған. Бұл сол ғалымдардың аталған мәселеге қатысты ашық көзқарастары және берген үкімдері деп есептеуге толық негіз бар. Ал сол ашық хат шыққалы бір жылдан астам уақыт өтті. Осы уақытқа дейін ислам әлемі ғалымдарының Әбу Бәкір әл-Бағдади және оған ерушілерге жазған хаты талай тілдерге аударылып, ғаламторда тарап кетті. Сол ашық хатқа қол қоймаған басқа танымал ғалымдардың ешқайсысы осы ашық хатқа не ондағы келген мәліметтерге қарсылығын білдірмеді. Бұл олардың үнсіз келісімдеріне дәлел болады. Сонда әл-Бағдади басқарып отырған ДАИШ ұйымының Ислам шариғаты негізінде құрылған Ислам мемлекеті емес екендігіне осы ғасыр ғұламаларының ижмағы дәлел болады. Өйткені, аталмыш хат және ғалымдардың ортақ келісімі ижмағқа қойылатын талаптар мен шарттарға толық сай келеді.
Сөзіміздің соңында осы ұйымнан ақиқат іздеп кеткен немесе кеткісі келіп жүрген бауырларымызға Алланың аятына, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисіне, ғалымдардың ортақ үкіміне қайтуды насихат етер едік.
Рашид МҰХИТДИНОВ,
исламтанушы