Бүгін Еуропалық кеңес «ДАИШ» пен «Әл-Каидаға» (Қазақстанда тыйым салынған ұйымдар – ред.), сондай-ақ осы ұйымдармен байланысы бар топтарға, жеке тұлғаларға, кәсіпорындар мен ұйымдарға қарсы шектеу шараларының мерзімін ұзартты.
ЕО санкциялары бір жылға – 2025 жылдың 31 қазанына дейін ұзартылды.
Қазіргі тізім 15 адамға және 6 топқа қатысты. Онда аталғандардың активтері тоқтатылады, ал жеке тұлғаларға ЕО-ға кіруге тыйым салынады.
Сонымен қатар, ЕО-ның жеке және заңды тұлғаларына санкциялар тізіміне енгізілген тұлғаларға қаражат, қаржылық активтер немесе экономикалық ресурстар беруге тыйым салынады.
Брюссельде Еуроодақ лаңкестік шабуылдарды жоспарлау, қаржыландыру және жүзеге асыру, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша лаңкестік насихатты тарату арқылы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретіндермен күресуге дайын екені баса айтылды.
2016 жылдың қыркүйегінен бастап Еуроодақ «ДАИШ» пен «Әл-Каидаға», сондай-ақ олармен байланысты адамдарға, топтарға, кәсіпорындар мен ұйымдарға қарсы өз бетінше санкциялар енгізді.
Бұған дейін «Үлкен жетілікке» мүше мемлекеттер Таяу Шығыстағы ауқымды аймақтық соғысты қалай тоқтату керектігі туралы келісімге келе алмады. ЕО-ның Сауд Арабиясындағы бұрынғы елшісі Луиджи Нарбоненің айтуынша, шиеленісті жеңілдету жөніндегі дипломатиялық қарым-қатынас нақты нәтижелерге әкелген жоқ.
Еуропалық Одақ елдерінің көпшілігі өз азаматтарын Ливан аумағынан кетуге шақырды.