2013 жылдан бастап «Әл-Каида» террористік тобының құрылымы ретінде көзге көрінген ДАИШ лаңкестік ұйымы 2014 жылдың маусымынан бастап Ирак және Сирия аумағында халифат құрылғанын жариялап, Абдалла Ибрагим әл-Самарийді (Әбу Бәкір әл-Багдади) өздеріне халиф етіп сайлады.
ДАИШ лаңкестік ұйымының негізгі мақсаты – Таяу Шығыс елдерінің арасына іріткі салып, өз территорияларын мейлінше кеңейту. Лаңкестік ұйым «Халифат» құрамыз деген желеумен Ирак және Сирия елдеріне ойран салып, діни дүрдараздық тудырып, жазықсыз жандардың қанын төгіп келеді. Қазіргі таңда ДАИШ – террорлық ұйымдардың ішіндегі ең қауіптісі. Бұл ұйым жаһандық интернет кеңістігі арқылы да өз қатарын әлемнің көптеген елдерінің жастарымен толықтыра түсуде.
Халифат орнату идеясы экстремистік топтардың арасында ғана емес, мұсылман елдерінде астыртын әрекет ететін ұйымдар арасында да белсенді насихатқа ие екені белгілі. Мәселен, Ауғанстан мен Өзбекстанның терроршыл топтары бұрыннан-ақ Орталық Азияда халифат орнату идеясын жүргізген. Сондықтан да, ДАИШ өз қатарын толықтыру үшін көп қиналмайтыны айқын аңғарылады. Оның үстіне, Ирак пен Сириядағы терроршыл топтар «Талибан», «Өзбекстанның ислам қозғалысы», «Боко харам» тәрізді лаңкестік ұйымдармен бірлесе қимылдайды. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта діни сауатсыздық салдарынан әлемнің көптеген елдерінен ДАИШ содырлары сапына қосылған азаматтар қаншама. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, ДАИШ ұйымының құрамында әлемнің көптеген елінің азаматтары бар. Көңіл қынжылтатыны, олардың қатарында Қазақстанның азаматтары да жоқ емес.
Сирия жерінде орын алған ойран – ДАИШ содырларының іс-әрекеттері, соның салдарынан Орталық Азия елдеріне төнетін қауіп-қатерлер отандық сарапшы-мамандарды да алаңдатады. Лаңкестерге қосылып, басқа елде қарулы қақтығыстарға қатысқан Қазақстан азаматының келешегі не болмақ? Егер олар елге оралса, бүгінде қауіп-қатерді одан әрі күшейтпейді ме? Мұндай азаматтардың елге оралуынан туатын қауіп турасында ресми органдар да мәлімдеп жатыр. «Олар елге келсе, терроризм қаупі де күшейеді. Өйткені, ол жақтан тәжірибесіз дилетанттар емес, керісінше, нағыз соғысты көрген, диверсиялық әрекеттерге әбден қанық «ардагерлер» оралады» дейді ресми сарапшылар.
Ендеше, көрші мемлекеттердің тыныштығын ұрлаған лаңкестік құбылыстар бізге де қамсыз отырмауды талап етеді. Бұл ретте экстремистік ұйымдарға қарсы елімізде пәрменді шаралар іске асырылып та келеді. Қазіргі таңда сырттан келетін қауіпке мемлекет тарапынан жүргізіп отырған идеологиялық күресіміз қауқарлы деуге болады.
Осы мәселелерді ескерген еліміздің құзырлы органдары ДАИШ ұйымы Астана қаласы, Есіл аудандық сотының шешімімен 2015 жылдың 15 қазанында террористік ұйым ретінде танылып, оның ел аумағындағы қызметіне тыйым салды. Бұл – дер кезінде қабылданған дұрыс шешім.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасайтын әр жылғы Жолдауында және «Мәңгілік ел – қазақ халқының ұлттық идеясы» жобасында елдің экономикалық жағдайымен қоса дін мәселесіне айрықша көңіл бөледі. Біз – көп ұлтты зайырлы мемлекетпіз, сондықтан ішкі діни тұрақтылық пен конфессияаралық келісімнің, сырттан келетін діни терроризм мен экстремизмге қарсы тұрудың маңыздылығын ерекше баса айтады. Ендеше ұлт болып, мемлекет болып қоғамды және болашақ ұрпағымызды дін атын жамылған керағар ұйымдардың ықпалынан сақтау – баршамыздың міндетіміз.
Терроризм идеологиясының таралуын алдын алудағы негізгі құралдың бірі – қоғамның діни сауатын арттыру. Діндер тарихы, оның қоғамдағы рөлі туралы ақпаратты жеткізу жұмысында, ең алдымен, мектептерде және ЖОО-да дінтану пәні оқулықтары мен мамандардың сапасына ерекше көңіл бөліну аса маңызды. Сондай-ақ, уәкілетті органдар жасап жатқан жұмыстармен бірге мешіт имамдарының да белсенділігін көтерру – кезек күттірмейтін қажеттілік. Осы сынды салмақты да жауапты міндеттер мен жұмыстар жүйелі жүзеге асырылса сырттан келер қорқауларға қауқарлы тосқауыл қойылады деген сенім басым, үміт мол.
Төлеу ҒИБАДАТ,
Мәдениеттер мен діндердің
Халықаралық орталығы Ақпараттық-
талдау бөлімі басшысының м.а.