Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының, баспаналардың жұмысын қалай дұрыс ұйымдастыруға болады? Өз шаңырағында агрессиядан аман қалған әйелдермен, балалармен жұмыс жасаудың қандай ерекшеліктерін білу керек? Бұл туралы қазақстандықтар 2021 жылдың 24 мамыры мен 24 маусымы аралығында өтетін онлайн вебинарлар мен тренингтер барысында білетін болады.
Іс-шараны «Қазақстанның тең құқық және тең мүмкіндік институты» ҚҚ «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру» республикалық жобасы шеңберінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары мен баспаналардың қызметкерлері үшін өткізеді.
Вебинарлар мен тренингтердің негізгі мақсаты – дағдарыс орталықтары мамандарының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы қызмет көрсетуде кейс-менеджмент технологияларын қолдану білімі мен іскерлігін арттыру . «ARASHA» тұрмыстық зорлық – зомбылық құрбандары үшін баспанада табысты қолданылатын авторлық құралдар – бағалау, мониторинг , оңалту нәтижелерін өзін-өзі бағалау және т.б. қаралатын болады.
Қатысушыларға дағдарыс орталықтарында кейс-менеджмент технологиясын қолдану тетіктері кезең-кезеңімен сипатталған әдістемелік материалдар ұсынылады. Әдістемелік материалдар ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева және жоба сарапшысы, «ARASHA» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспананың кеңесшісі Айгүл Мұстафина жариялаған тәжірибелік нұсқаулықтың негізінде әзірленген.
– Біздің міндетіміз – әйелдің баспанадан немесе дағдарыс орталығынан шығып, кейіннен отбасындағы қиын жағдайларды өз бетінше шеше алуы, деструктивті, зорлық-зомбылық қатынастарынан шығуы, – дейді Айгүл Мұстафина.
Естеріңізге сала кетейік, «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру» жобасы 2021 жылдың 1 наурызынан бастап ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық қолдауымен жүзеге асырылуда.