Ахмед бин Исхақ – аббаси халифатының тақ мұрагері. Ол билік тізгінін қырық жылға жуық ұстады. Таққа отырғанда, сол дәуірдің дәстүрі бойынша, өзіне «Қадир Билла» қосалқы есімін алады.
Халифа Қадир түннің бір уағында Бағдад базарынан өтіп бара жатып біреудің өзі жайлы:
«Мынау оңбағанның дәуірі тым ұзаққа созылды. Бұл тұрғанда біздің ешбірімізге күн жоқ»,-дегенін естіп қалады. Бірақ үндемейді.
Ертесіне сарайдан адам жіберіп, түндегі кісіні іздестірді. Табылды, халифа құзырына алдырылды. Кімсің, бұрын не қызмет істедің деген сұраққа:
«Мемлекет қызметкерлеріне халықтың тыныс-тіршілігін хабарлап отыратын тыңшылардың бірі едім. Сіз халифа болғаннан бері, біз жұмыстан босадық. Тыңшылар табыстан қағылды, керегіміз болмай қалды»,-деді. Халифа:
«Бағдатта өзің сияқты тыңшыларды білесің бе?»,-деді де хатшысын шақырып, барлығының аты-жөнін тіркетті. Соңыра түгелдей тыңшыларды жинап, олар жайлы жан-жақты толық мәлімет жасатты. Артынша оларға жаңа қызмет берді. Тыңшылық қабілетін мемлекет шекарасында жер мен дін жауларына қарсы қолданатын жұмыс тапсырды.
Тыңшыларды шекараға аттандырған соң, халифа Қадир уәзірлеріне:
«Біле жүріңдер, бұлардың бойына жамандық атауы жылдар бойы тұнып қалған. Олардың өн бойында әлемге деген кек бар. Олар сол тұла бойына жиналған жамандықтан толықтай арылуы қажет. Ол жамандықты жұмсаудың ең тиімді жолы – мемлекет жауларына бағыттау. Бұлардың жамандығынан мұсылмандар зардап көрмеуі керек», – деген екен.
Руслан ҚАМБАР