Жалпы тәуекел – жүректің тек Аллаға ғана сенім артуы. Әуелі жүректе сенім болмаса тәуекелге бару мүмкін емес. Мұны бірінші кезекте ұғып алған жөн. Тәуекел – себептер тұрғысынан алғанда дүниедегі заңдылықтарға толық бағынуды білдіреді. Алайда себептерге бағыну – оларға толығымен тәуелді болып қалу деген сөз емес, себептердің Жаратушысын естен шығармау. Тәуекел – құлдың дүниелік, мейлі ақиреттік бүкіл істерінде Алла Тағаланы өзіне уәкіл етіп, істің нәтижесі жақсы болуы үшін тағдырына ризашылық білдіруі. Осыған орай, Яхиа ибн Муаздан: «Адам қашан тәуекелшіл болады?» деп сұрағанда ол: «Алла Тағаланың өзінің өкілі болғанына шын жүректен ризашылық танытқан кезінде» деген (Қушәйри, әр-Рисәләтул-Қушайрия, 250-б.).
Тәуекел – Ұлы Жаратушының біздерге қиянат жасамайтындығына, ғибадат пен Алла разылығы үшін жасаған игі істерімізді жоққа шығармай жемісін беретіндігі мен басымызға келетін қиындық пен пәлекеттерден аман алып қалатындығына иман нұрымен сену. Тәуекелдің ерекше сыры мен қасиеті болғандықтан, Құдіреті шексіз Алла Тағала шынайы иманға қол жеткізген мүміндерді кәмілдікке жетелеу мақсатында үнемі тәуекел етуге шақырады: «Мүміндер тек қана Аллаға тәуекел етсін» («Ибраһим» сүресі, 11). Тағы бір аятта: «Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тәуекел ет. Сөзсіз Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» («Әли Имран» сүресі, 159) – деп, кез келген іске бастарда оның нәтижесін Аллаға табыс етіп, нәтижесінің жақсы болуын Содан күтуін, басқа нәрселерден медет тілеп, көмек сұрамауын аңғартады. Шын тәуекел – Алланың құдіретінің шексіздігіне кіршіксіз сену. Шынайы мүміндер тек қана Аллаға сеніп, Оған арқа сүйеп, қандай іске болса да бел байлайды. Оған және Оның күллі әлемдегі үстемдігінде ешбір серік қоспайды. Бұл тұрғыдан алғанда, Аллаға тәуекел ету – кәміл иманның белгісі деуге болады. Иманы толық болмаған адам тәуекелге бара алмайды. Тәуекел ету үшін де иман мен білім қажет.
Тәуекел жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер Аллаға шынайы түрде тәуекел ете алсаңдар, таңертең ұясынан аш шығып, кешке қарай тоқ оралған құстардың ризықтандырылғаны сияқты сендерге ризық берер еді» (Термизи, Зуһд, 33, Ибн Мажа, Зуһд, 14) деу арқылы мұсылмандарға Алланың ерекше құдіретін мойындап, Оған тәуекел ету керектігін үйретеді. Біз адал жолмен еңбек етіп, рызық-несібемізді іздесек, Алла Тағала аш-жалаңаш қалдырмайды. Ғалымдар арасында «Сен ризықты іздемесең де ол сені іздеп табады» деген бір мәнді сөз бар. Алла ешкімді ризық-несібесіз қалдырған емес. Тым дәрменсіз балалар мен қарттардың ризығын беруі мен әлсіз жәндіктердің ең нәрлі тағамдармен қоректенуі – ризықты жіберуші Алланың мейірімділігі мен құдіретін танытатын сипаттарының бірі. Осыған байланысты Пайғамбарымыз: «Бастарыңыз қимылдап тұрған кезде ризық-нәсібе жайында уайымдамаңдар. Өйткені, адам анасынан туылғанда жалаңаш, қызылшақа боп дүниеге келеді. Содан кейін оны Ұлы Алла әртүрлі ризықпен ризықтандырады»,– дейді.
Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуат та жоқ» десе оған Алла тарапынан «тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктерің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың» делінеді. Шайтан да одан алыс жүреді» деген (Тирмизи, Китабуд-даауат, 342, Әбу Дауд, Китабул әдәб, 5095). Аллаға сеніп тәуекел еткен құлын Алла жалғыз қалдырмайды, істің нәтижесін Аллаға табыс еткендіктен Ұлы жаратушы пендесіне жақсылықты нәсіп етеді.
Иманның өз ішінде мәртебелері болғандай тәуекелдің де өз сатылары бар. Ол мәртебелер жүректегі иман дәрежесіне байланысты. Алғашқысы жалпыға тән тәуекел. Алланың тағдырына толығымен сенім арту, оған қолдан келгенше дайын болу. Дайын болу – тағдырға мойынсынуға қайшы емес. Керісінше, дайын болу – Алланың бұйрығы. «Әнфәл» сүресінде «Оларға қарсы шамаларың жеткенінше күш жинаңдар» дейді(«Әнфәл» сүресі, 60). Әсілі, Алланың бұйрықтарын орындап, қажетті жағдайларды жасамаған адам толық Аллаға сенген бола алмайды. Соғысқа аттанып тұрып, ешбір дайындық жасамау тәуекелге жатпайды. Пайғамбарымыз бүкіл шайқастардың алдында сахабаларымен ақылдасып, қолдағы мүмкіндіктерін толық қолданған, алайда, тек күш-қуатқа ғана арқа сүйемей, істің ақырын Алладан күткен.
Тәуекелдің табиғатын былайша да түсіндіруге болады. Сіз берік кеме жасап, ашық теңізге шықтыңыз делік. Теңізді аман-есен жүзіп өтсеңіз, бұны «Алланың сыйы» деп, шүкіршілік жасайсыз. Өйткені, теңіздегі үйдей толқындарға капитанның шеберлігі мен кеменің беріктігі тосқауыл бола алмайды. Бұл себептер ғана. Ал теңізден аман-есен өтудің нәтижесін Алланың сыйы деп білу – тәуекелдің белгісі. Сондықтан Пайғамбарымыз «Түйемді байлайын ба, әлде тәуекел етейін бе?» деп сұраған бір бәдәуиге «түйеңді тұса, сосын тәуекел ет!» деген еді (Термизи, Қияма, 60).
Екіншісі – иман беріктігіне қатысты тәуекел. Иманы берік жандар өздерін толығымен Аллаһқа табыстап, өздерін өлік жуушының алдындағы мәйіт сияқты көреді. Өлікті жуушы мәйітті ары аунатып, бері аунатып жуады. Мәйіттің оған ешнәрсе істей алмайтындығы сияқты, ол да өзінің бар еркін толық Жаратушының қолына береді.
Үшінші дәрежедегілер өздерін толығымен Алла Тағаланың болмысында өз болмысын ерітіп жоқ қылып жібергендер. Оған Ибраһим пайғамбардың отқа лақтырылған кезде «хасби Алла» деп, «Алланың менің жағдайымды біліп тұрғаны мен үшін жеткілікті» деуі және Пайғамбарымыздың «Сәуір» үңгіріне тығылған кездегі үңгірдің аузына дейін жақындап келіп қорқытқан мүшіріктердің сөздерін еш елемей, Аллаға толығымен тәуекел етуі үлгі бола алады. Бұл «Кім Аллаға тәуекел етсе, Ол оған жеткілікті» аятының мәнін еске салады. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Ең күшті болғысы келетін кісі Аллаға тәуекел етсін» деген. Өйткені, Алла өз бұйрықтарын тегіс орындап, тәуекел етілсе де, етілмесе де жүзеге асырады. Оның бұйрығына ешнәрсе кедергі бола алмайды. Ажалы келгенде Алланың үкімі бойынша адам бір сәт кідірместен жан тәслім етеді. Жамандар жамандығымен, жақсылар жақсылығымен бірге қалады. Бәрі өз істегендерінің жемісін жейді. Алайда, Аллаға тәуекел ету де – Оның әмірі. Тәуекел етушінің мақсаты – Алланың еркі мен разылығына бас ию болса, Алла оның сауабын сан есе арттырады. Негізінде себептерге емес, құдіреті шексіз себептердің Жаратушысына тәуекел еткен абзал. Өйткені, себептердің бәрі жаратылған әрі мәңгі емес. Мәңгі – тек Алла ғана. Сондықтан құдіретті Аллаға сеніп, бір Оған ғана тәуекел еткен ұтады. Тәуекел өз-өзіне сеніп кету емес, өзінің дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Алланың құдіреттілігіне сүйеніп, Оның еркі мен тағдырына ризашылықпен көну деген сөз.
Атақты ғалым Зун-нун бұл жайлы: «Тәуекел – бұл өз сақтық шараларыңды тастап, күш пен қуатты түгелдей ойыңнан шығару. Құл «Аллаһ Тағала менің бойымдағыны, әрқашанғы қал-жағдайымды көріп-біліп тұр» деген сенімге толық жетпейінше тәуекелі күшеймейді»,– дейді (Қушәйри, 250 б.).