Дәрет алудың фиқһ бойынша, яғни шариғаттағы талаптары мәлім. Ол дегеніңіз, төрт ағзасын: бет-жүзін, қос қолын, екі аяғын жуу және басын ылғал қолымен сипау. Сипау – мәсіх тарту. Ал, енді осы дәрет алудың мән-мағынасы неде?
Шариғатта әрбір қимыл-әрекеттің белгілі бір сыры болатыны анық. Имам Муслимнің кітабында сахаба Осман бин Аффаннан (р.а.): «Кімде-кім дәрет алып, дәретін өте жақсы деңгейде алса, оның денесінен қате-күнәлары шығып кетеді. Тіпті, тырнақтарының ұшынан шығып кетеді»,-деген хадис риуаят етіледі.
Осы жөнінде ғалымдардың мынадай ғажайып түсіндірмесі бар: «Біле жүр, сен дәрет алған соң, Раббың құзырына зияратқа барасың. Сондықтан тәубе ет. Өйткені, Алла сенің сумен жуынып, дәрет алуыңды күнәдан тазаланудың басы, баспалдағы етті. Ауызыңды шайған кезде тілің өтірік сөз, ғайбат және сөз тасудан тазарады. Сенің тілің Алланы зікір ету үшін, Құран оқу үшін жаратылған. Сонымен бірге адамдарға тура жол айтуға және дүниелік әрі ақыреттік қажеттілігіңді білдіру үшін керек.
Егер, тіліңді басқа нәрсеге пайдаланатын болсаң, Алланың берген бұл нығметінің өтеуін жасамағаның. Себебі, он екі мүшең – нығмет. Ал, нығметтерді күнә жасауда қолдану күпірліктің шегі. Мұрынға су алып тазалаумен харам нәрсені иіскемеуден тазартудасың.
Бетіңді үш рет жуумен көзіңді үш нәрседен тазартасың: харамға көз салудан, мұсылманға менсінбей қараудан және кісі айыбын көруден тазартасың. Сондай-ақ, қос көзіңмен қараңғыда жол тауып, жер бетіндегі иләһи ғажайыптарды тамашалайсың. Осылайша, көзіңмен көрген Алланың белгілерінен ғибрат аласың.
Сумен қолыңды жуып, тазалаумен мұсылман баласына қолыңды тигізуден, арам дүниені қолға алудан таза ұста. Сонымен бірге, тілімен айтуға болмайтын сөзді қолмен жазудан таза ұста. Себебі, қалам – екі тілдің бірі. Қолыңа қалам ұстаған кезде тілмен айту ұят және күнә болғанды жазудан сақ бол. Басыңа масих тартумен Алла Тағалаға бойұсыну және бас иіп тұруың. Ал екі аяғыңды жуған кезде сол аяқпен арам жолға түсуден сақ болды. Міне, бұл ізгі адамның дәрет алуы».
Ендеше, дәрет жай ғана кезекті жуыну түрі емес. Оның әрбір қимылында пәлсапалық ұғым, тәлім барын біле жүріңіз.
Руслан Қамбар